Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа құрылымның жақсы жақтары көп

0 2  259

Дау, сот және жеңген-жеңілген екі тарап. Сотта әлбетте, жеңілген тарап жеңіс іздей бастайды, сот шешімімен келіспейді, шағымдану арқылы өз позициясын алға тартып, ақырына дейін барады. Бұл белгілі жағдай.

Сот жүйесі практикаға байланысты қашан да өзгерістер қажет етуде. Ал оның себебі біреу-ақ.Сотқа халықтың сенімі болмайынша, алға жылжу мүмкін емес. Халық кімге сенеді? Сотқа ма,заңға ма? Ал заң талабы қандай және шығарылған сот шешімі қаншылықты заңды әрі дұрыс?

Сот процесі кезінде судьяның шығарған шешіміне риза болмайтындар көп. Дауға әділдік ету, тура төрелігін жасап, түйінді шешім шығару судья үшін оңай емес. Соған қарамастан тараптардың сотқа деген наразылықтары мен шағымдары аз емес. Мұның бәрі уақыт өткен сайын тәжірибеге айналып, соның салдарынан сот жүйесін тиімді жағынан жақсарту үшін іргелі реформалар жүргізілуде. Жалпы мақсат: 1) сот жүйесін оңтайландыру;                 2) азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру; 3) халықтың сотқа деген сенімін күшейту. Ал ол үшін қазір не істелініп жатыр?

Естеріңізде болса, ертеректегі сот жүйесі бес сатыдантұратын: бірінші сатылы сот, содан ары апеллециялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау сатылары болды. Бұл жүйе уақыт өте келе тиімсіз болды. Яғни, тараптар әділдікке жету мақсатымен бір дау-дамай үшін бес рет сотқа жүгінетін болды. Бұл деген біріншіден уақыт, екіншіден істі қарауды созбалаңдыққа салды және әлбетте халық үшін әурешілдік.

Бұдан кейін, 2016 жылы еліміздің сот жүйесі бес сатылыдан үш сатылыға ауысты: бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот деген шешім қабылданды. Бұл жаңа реформадан кейін қарапайымазаматтар сотқа жаңа жүйе бойынша үш рет жүгіне алатын болды.Қарапайым тілмен айтқанда, сотқа шағымданған адам облыстық деңгейдегі екі сотқа қатысып, ал одан кейін кассациялық сот оның заңдылығын тексеретін болды. Мұның тиімділігі іс материалдарын зерттеу мен зерделеудің көп уақыт алмайтындығын көрсетті.

Көш жүре түзеледі дегендей, еліміздің сот жүйесін қайта реформалау қажеттігіне мемлекетіміз тағы көз жеткізіп отыр. Яғни заң талабы да, заман талабы да халыққа тиімді тұстарын көбірек қамту үшін жаңа жүйе құрып, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етті.

2024 жылғы 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елордамызда жоғарғы сот құзырында әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша өз алдына жеке Кассациялық сот құрылатын болады. Жаңа заң қабылданса, Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі объективті, ашық және жария түрде сот төрелігін жүзеге асырады. Сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Кассациялық сатыда істі қарау қазірде де бар. Ал бұл енгізілетін жаңа жүйе дербес кассациялық сатының жаңа моделі десек болады.Ерекшелігін айтатын болсақ, қазіргі қолданыста бірінші, апелляциялық сатыларда қаралған істердің барлығы да кассациялық сатыда қарала беретін, алдағы уақытта да дәл солай бола бермек. Бірақ қазіргі таңда Жоғарғы соттың қадағалу сатысына бұған дейінгі бірінші және апелляциялық сатыда қаралған істердің басым көпшілігі бара бермейтін. Ал алдағы уақытта құрылатын жаңа Кассациялық сотта бұдан былай жергілікті және облыстық соттарда қаралған істердің барлығы қаралатын болады.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, бүгінде істердің тек бес пайызы кассациялық сатыға жетіп отыр. Яғни азаматтардың шырылдайтыны – кассацияға қолжетімділік жоқ. Сондықтан кассациялық кезеңге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бұдан былай азаматтардың шағымдары жаппай кассацияға жіберілетін болады. Кассациялық соттың қай санаттағы істер болсын, өзіндік бағыттары мен тәртіптері көзделген және әрқайсысы өзінше тиімдірек. Ең бастысы, алдағы бұл жаңа жүйе бүрынғыдай кассациялық істерді шектеуге жол бермейтін болады.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін сот шешімдеріне деген арыз-шағым­дар азаяды деп айта ал­маймыз. Себебі сотта ұтатын және ұты­латын тарап бар. Әлбетте, ұтыл­ған тараптың міндетті түрде өз шын­дығы, өз ақиқаты бар. Сол үшін де ол өз мүд­десін қорғау мақсатында ақырына дейін барады, шағымдана береді. Сон­дық­тан шағымдар азаяды деп бірден кесіп айту мүмкін емес. Бірақ, негізгі мақсат – тараптар үшін, халық үшін сот төре­лігіне деген қолжетімділіктің арта тү­сетінінде және сол арқылы олардың әрбір іске көз жеткізіп, дауды әділ шешудегі сотқа деген сенімділіктің артатындығында.

Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың да рөлі өзгермек. Оның жұмысы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Қайткенде де, жаңа құрылымның жақсы жақтары көп боларына сенім артамыз.

Ербол Дүйсенбаев,
Тараз қаласы№2 сотының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.