Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр?

0 220

   Ел тарихында ең көп реформаны басынан өткерген білім саласын биылғы оқу жылында да көптеген өзгерістер күтіп тұр. Әсіресе Оқу-ағарту министрлігі тарапынан салаға серпін беретін бірқатар бастамалар көтерілуде. Білім күніне орай солардың біразына шолу жасап көрмекпіз.

5 күндік оқу аптасына көшеді

Үш ауысымдық мектептерден еліміздегі барлық оқу ордалары 5 күндік оқу аптасына көшеді. Бұл туралы республикалық тамыз кеңесінде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. «Біз шешім қабылдадық, келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге, барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбіде демалып, балаларымен бірге болуы керек деп есептейміз. Бұл ретте еңбек демалысы төлеміне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Аталған мәселе еңбек демалысы төлеміне әсер етпейді. Демалыс уақыты – 56 күн, өзгеріссіз қалды», – деді Асхат Қанатұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ министр директорлардан сенбіде әдістеме күндерін өткізбеуді немесе басқа да жолмен мұғалімдерді жұмысқа шақыруға тырыспауды сұрады. «Бұл тәжірибені тоқтату керек. Мұғалімдер, мектеп директорлары бес күн ғана жұмыс істеуі керек. Білім бөлімдерінде де, мектепке дейінгі ұйымдарда да», – деді ол.

Жазғы демалыс уақыты қысқарады

Саладағы соны өзгерістің бірі – оқу жылының ұзарып, жазғы демалыстың қысқаруы. Яғни енді оқушылар бұрынғыдай 25 мамырда мектеппен қоштаспайды. Енді олар демалысқа тек 1 маусымда шыға алады. Бұған дейін 1-сынып оқушылары үшін оқу жылының ұзақтығы 33 апта болса, енді 35 апта болады. Ал 2-11 сынып оқушылары үшін оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға ұзарады.
Нақтырақ тоқталсақ, күзгі демалыс – 31 қазан мен 6 қараша, қысқы демалыс – 31 желтоқсан мен 8 қаңтар, көктемгі демалыс – 18-26 наурыз, жазғы демалыс – 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Бұған дейін оқу жылындағы демалыс күндері 30 күннен кем емес болып келсе, енді 25 күн болып бекітілген. Бірінші сыныптар үшін 6-12 ақпан аралығында қосымша демалыс бар. Осылайша демалыс және мереке күндерін есептегенде, балалар жыл бойы 192 күн демалып, 173 күн мектепке барады. Бұл ретте министрлік Қазақстанның ең ұзақ каникул 130 күн болатын елдердің қатарына кіретінін алға тартып отыр. Ал басқа елдерде каникул мерзімі 80-нен 100 күнге дейін ғана екен.

Бірінші сыныпта тек ана тілінде білім беріледі

Салалық ведомство жүргізген арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындылары 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін анықтаған. Сондықтан министрлік «Бала алдымен өз тілінде оқып және жаза білуі тиіс» деген ұстанымды таңдап отыр. Соған орай қазақтілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек мемлекеттік тілде, ал орыстілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілінде оқыту туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ қазақтілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі. Ал ағылшын тілі барлық мектепте үшінші сыныптан басталмақ.

Бір сабақ 35 минут болады

Жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларының сабағы 35 минуттан болады. 1-сыныптарды оқытудың сатылы режиміне байланысты қыркүйекте үш сабақ 35 минуттан өтеді. Қазан айынан бастап дене шынықтыру және көзге арналған гимнастика қосылып, сабақтың әрқайсысы 45 минуттан болады. Бұрын бірінші сынып оқушыларының сабағы әрқайсысы 40 минуттан созылатын.

Кей пәндер бірігіп, кейбірі екіге бөлінеді

Мектептерде енді орыс тілі мен дене шынықтыру пәндерінде оқушылар екі топқа бөлінбейді. Сыныпта қанша оқушы болса да, сабақты барлығы бірге өтеді. Алайда бұл шешім соңғы күндері қоғамда қызу пікірталас тудыруда. Керісінше, 1-сыныптар үшін «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» болып екі жеке пәнге бөлінді. Бұл туралы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева: «1-сыныптар үшін «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» болып екі жеке пәнге бөлінді. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға беріледі. Биыл «Еңбекке баулу» мен «Бейнелеу өнері» пәндері бойынша оқулықтар әзірленбейді, тек мұғалімге әдістемелік қолдау мақсатында әдістемелік нұсқаулық ұсынылады. Ал 2-4 сыныптарға биылғы оқу жылында «Көркем еңбек» пәнін оқыту жалғасады», – деді.

Домбыра 6-сыныптан бастап үйретіледі

Оқушылар музыка пәнінің шеңберінде 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра үйрене алады. Сондай-ақ мектеп қабырғасында қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарға міндетті курс ретінде оқытылады.
«Курс 5-9 сыныптарда «Парасаттылық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір сүру қауіпсіздігі», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» сынды 5 бөлімді қамтиды. «Жаһандық құзыреттер» курсынан қай пәннің мұғалімдері сабақ береді деген сұрақ жиі туындайды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының «Жаһандық құзыреттер» білім беру бағдарламасы бойынша оқу курсынан өткен барлық мұғалім бұл пәнді жүргізе алады», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Оқушылар формасындағы өзгеріс

Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Өткен жылдағыдай заңнамалық нормалар қолданылады. Яғни оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады. Кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және Қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою жөнінде шешім қабылданған.
– Бұл ретте ата-аналардың назарын талаптардың өзі өзгермегеніне аударғымыз келеді. Мысалы, егер оқушы мектепке сатып алынған немесе бұрын сол мектептің Қамқоршылық кеңесі бекіткен аға-әпкелерінен қалған форманы киіп келе алады. Ата-аналардың өтініштерінен кейін бірнеше білім басқармасы Қамқоршылық кеңестермен бірлесіп, облыс бойынша мектеп формасының біркелкі түсін белгілеуге шешім қабылдады. Барлығы қою көк түсті таңдады. Бірақ бұл балаларды шектемейді, яғни олар бұрыннан бар мектеп формасымен келе алады. Облыс бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін белгілеуге тоқтала кетсек. Бұл нақты жеткізушілерге талап қою тәуекелдерін барынша азайтып, қолжетімді форманы (нарықта немесе дүкенде) сатып алуға мүмкіндік береді, – деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Алтын белгіні ақтау қиындай түседі

Үздік түлектерге берілетін «Алтын белгіні» алу талаптарына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар ғана «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады. Сондай-ақ талапкерлер Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болатынын айта кеткен жөн.

Дипломың болса да, тест тапсырасың
Биыл мұғалімдерді мектепке Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Яғни енді дипломның негізінде ғана емес, қосымша өз пәні бойынша тестілеуден өткендерді ғана мектепке жұмысқа қабылдайды.

Материалдық көмек мөлшері біріздендірілді

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыда тұратын 475 мың оқушы бар. Заң бойынша оларға жалпы білім беру қорынан киім, мектеп-жазу құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
Биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгеріс енгізілді. Біріншіден, енді материалдық көмек ата-ананың есепшотына түседі. Яғни ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері таңдап, сатып алады. Бұрын әкімдік сатып алып, тарататын. Салдарынан киімнің өлшемі мен сапасына байланысты сын мен шағым көп түсетін. Екіншіден, бұрын бір балаға бөлінетін қаржы өңірдегі бюджет саясатына қарай 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, енді оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек. Осылайша 150 мыңға жуық отбасыға бюджеттен мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға ақша бөлініп, көмек көлемі 17 мың теңгеден 37 мың теңгеге дейін өскен.

Педагогтар біліктілігін 3 жыл сайын арттырады

Енді біліктілікті арттыру бес жылда бір рет емес, үш жылда бір өткізіледі. Министрліктің мәліметінше, бұл аттестация да үш жылда бір өткізіледі дегенді білдірмейді екен. Яғни аттестация бұрынғыша бес жылда бір рет ұйымдастырылады. Тек өткізілетін курстардың саны көбеймек.

Әр өңірде жергілікті уәкілдер жұмыс істейді

Ел өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады. Олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.
Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Олардың құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер енбек.

Жекеменшік балабақшалар да курстармен қамтылады

Балабақшаларда кадрлар даярлығының жеткіліксіз болуына байланысты енді жекеменшік бөбекжайдың тәрбиешілері де мемлекеттің біліктілікті арттыру курстарымен қамтылады. Бұл, бір жағынан, сапалы кадрлардың тапшылығын жояды деп күтілуде.

Бір топқа екі тәрбиешіден

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагогтардың жалақысын көтеру үшін бір топқа екі тәрбиеші бөлетін қанатқақты жоба қолға алынады. «Бұл өз кезегінде бірнеше міндетті шешеді. Біріншіден, қазір топтағы бір тәрбиешіге шамамен 25 баладан келеді. Қанатқақты жоба аясында екі тәрбиеші күні бойы бір топта жұмыс істесе, бір тәрбиеші 12-13 баланы қамти алады. Бұл тұрғыда олар балаларға көп көңіл бөліп, педагогқа түсетін жүктеме азаяды. Бұл қанатқақты жоба өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр. Олардың жалақысын екі есе өсіру ескерілген. Осы жұмысты жаңа оқу жылында жүргізетін боламыз», – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Шәкіртақы өседі

Жоғары білім саласында да көптеген өзгерістер орын алуда. Соның бірі – жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде шәкіртақы 20 пайызға өседі. Яғни қазіргі 31 423 теңгеден 33 660 теңгеге артады. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы 50 мың теңгеден 58 800 теңгеге өседі. Ал магистратура мен докторантура стипендиясы 15 пайызға жоғарыламақ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметі бойынша, шәкіртақылар енді жыл сайын 15-20 пайызға ұлғайып тұрмақ.

Қазақстан тарихының мазмұны өзгереді

Жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің орнына «Қазақстан тарихы» пәні енгізілді. Осылайша пәннің мазмұны өзгереді. Сондай-ақ базалық және бейіндеуші пәндер блоктары кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Енді ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарын басқаруға тарта алады.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.