Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңа кодексте қандай өзгерістер бар?

0 30

Елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Өзгерістер жеке тұлғаларға да, бизнеске де қатысты. 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсті. Ал қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі төмендетілді. Бұрын бұл көрсеткіш 20 мың айлық есептік көрсеткіш болса, қазір 10 мың айлық есептік көрсеткіш болып белгіленді.

Қазақстанда жаңа Салық кодексінің қабылдануы елдегі салық жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Құжат экономиканың қазіргі талаптарына бейімделіп, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге және бюджеттің тұрақты кірісін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да биылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі туралы да кеңінен сөз қозғады. Президент: «Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көреміз» – деді.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі. Яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайды. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.
Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпайтыны анық екені айтылды.

– Биыл 18 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер мынандай. Сараланған салық ставкалары енгізілді, ҚҚС реформаланды, «Сән-салтанат салығы» енгізілді, арнайы салық режимдері өзгерді. Салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру да қарастырылған. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарды. Жаңа Салық кодексіндегі, ең бастысы жеке азаматтарға (кәсіпкерлерге) жеңілдіктер бар. Мәселен, жеке тұлғаларға салынатын көлік құралдары салығына қатысты пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертіліп, оларға түзету коэффициенті – 0,7 және пайдалану мерзімі 20 жылдан асқандарға түзету коэффициенті – 0,5 қолданылады. Яғни, 10 жылдан асқан көлік құралдарына 30 пайыздық, ал 20 жылдан асқан көліктерге салық 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, сіз 2004 жылы шыққан жеңіл көлікке бұрын 20 мың салық төлеген болсаңыз, 2026 жылға тек 10 мың теңге салық төлейсіз.
Сонымен қатар шаруа қожалықтары бір пикап көлігі бойынша көлік салығын төлеуден босатылды. Алайда қолданыстағы Кодекс нормаларына сәйкес, егер жеңіл көлігінің қозғалтқыш көлемі 2 500 текше сантиметрден асқан жағдайда босатылуы қарастырылмаған.
2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген (дайындалған немесе жиналған) немесе Қазақстанның аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды. Егер көлік құралы 3 000 текше сантиметрден асып, Қазақстанға 2014 жылдан бері кірген болса, онда ол көлікке ерекше ставкамен, теңгеге шаққанда 162 мың теңге салық салынады. Ал тектес көлікке Қазақстанға 2014 жылға дейін кірген болса, оған 60 мың теңге салық салынады. Осы айырмашылық алынып тасталды. 2026 жылдан бастап бірыңғай салық ставкамен көлік салығы төленеді. Ол шамамен 60 мың көлемінде болады.
Бұл ретте 2026 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзім 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін екеніне назар аудару қажет. Яғни, бұл өзгерістің пайдасын азаматтар 2027 жылдың 1 сәуірінде ғана көре алады. Өйткені 2026 жылдың 1 сәуірінде 2025 жыл үшін салығы төленеді.
Жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталды. Мәселен, дүкендер алкоголь өнімдерін сату үшін лицензия алу керек. Лицензиялық алымды (100 АЕК – 393 мың) және лицензия пайдаланғаны үшін төлемақыны жылына төрт мезгілге бөліп (100 АЕК – 393 мың) төлейді. Келесі жылдан бастап тек лицензия алғаны үшін бір рет алым төленеді. Ал лицензия пайдаланғаны үшін төлемақы төленбейді, – дейді Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов.
Сондай-ақ жеке салықтық шегерімдердің базалық салықтық шегерімі қолданысқа енгізіледі. Атап айтқанда, базалық салықтық шегерім айына 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жыл үшін 360 еселенген АЕК-тен (1 557 000 теңге) аспауға тиіс. Осы сома аясында, яғни айына 129 750 теңге шеңберіндегі табысқа салық салынбайды. Бұл шегерім қазір болып жатқан оқуға, денсаулық сақтауға, ипотекалық шегерімдерді, көпбалалы отбасыларға, стандарттық шегерімдерді біріктіріп, яғни әр шегерім жеке-жеке есептелмей, жалпы тәртіппен қолданылады.
Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялауды және әкімшілендіру процесін оңайлату мақсатында ЖТС бойынша асып кетуді қайтаруды болдырмау бөлігінде оқытуға, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыға, көпбалалылар үшін салық шегерімдерінің орнына оның шегін айына 30 АЕК-ке дейін ұлғайта отырып, стандартты шегерімге ауыстыру қарастырылған.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімдері 882 еселенген айлық есептік көрсеткіштен, 5 000 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін (20,6 млн теңге) ұлғайтылды. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдардың 5 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (21,6 млн теңгеге дейінгі) табыстарына жеке табыс салық салынбайды. Қалған әлеуметтік осал топтары бойынша әлеуметтік шегерім 882 еселенген АЕК мөлшерінде қалдырылып отыр.
Ал зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері үшін жеке табыс салық салудан босату көзделген. Енді 2026 жылдан бастап бұл норма жойылады. Яғни, міндетті зейнетақы төлемдерді (оның ішінде артық сомаларды, ипотекалық несие алуға, ипотекалық несиені төлеуге немесе денсаулық сақтауға) алу кезінде жеке табыс салығы салынбайды.
– Салықтық есептіліктері 30 пайызға қысқарту және тапсырылмаған есептіліктер нөлдік көрсеткішпен тапсырылған есептілігіне теңестірілген. Жаңа Салық кодексі шеңберінде қолданыстағы 39 салық есептілігінен 12 салық есептілігі (30%) жойылады. Олардан бізде жиі кездесетін жеке табыс салығының 240.00 нысанындағы декларация (жеке нотариус, адвокат, жеке сот орындаушылар тапсыратын) қазір оларға 270.00 нысанының қосымшасын тапсырады. Ай сайынғы акциз есеп-қисабы – 421.00 (400.00-де қосымша). Көлік құралдарының, жер салығының ағымдағы төлемдердің есеп қисаптары 701.00, 701.01, сондай-ақ мүлік салығының егер салық міндеттемесі 300-АЕК (1,2 млн теңгеден) аспаса, есеп қисабын тапсыру міндеттеме жойылады. Патент құнының, бөлшек салық есеп қисаптары және тағы басқа есептіліктерді тапсыру міндеттемесі жойылады (911.00, 912.00, 913.00). Сонымен қатар салық есептілігі белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда мұндай есептілігі «0»-дік көрсеткішпен ұсынылған болып есептеледі. Салық төлеуші осы салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін ұсына алады. Салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады. Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту мен кері қайтарып алу қарастырылмаған. Барлық өзгерістер қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, кезінде кәсіпкерлік ашып, кәсіпкерлік жұмыс істемей, декларация тапсыруды ұмытып кеткен жағдайда белгілі уақыт өткен соң біздің банктегі шотымызға кірістер органы шектеу қояды. Сол кезде біз салық мекемесіне барып декларация тапсырылмай қалғанын, тапсыру керектігін, әкімшілік іс қозғалатыны жөнінде хабардар болатынбыз. Шотты ашу үшін Халыққа қызмет ету орталығына барып ЭЦҚ ашу керек. Өзіміз тапсыра алмасақ, онда декларация тапсыратын қызметпен айналысатын консалтинг ұйымдарға бару керектігін, декларация тапсырғаннан кейін шоттың ашылғанын күту керектігін білдік. Қазір ол үшін кірістер органдары сізге алдымен хабарлама жібереді, сосын декларация тапсырылмаса, банк шоттарына бұғат қойылады. Кейін әкімшілік жауапкершілікке тартады. Осының барлығы жойылуы көзделген. Бұл – салық төлеушілерді қолдаудың бір түрі, – дейді Ерлан Мейрамбекұлы.
Жаңа Кодексте «салық берешегінің шекті мөлшері» ұғымы енгізілген. Салықтық берешектің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айқындалып, ол салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі немесе салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке қолданылады. Өндіріп алудың жаңа тәртібіне сәйкес, 20 АЕК-ке (86 500 теңгеге) дейін хабарламаны жолдау және өсімпұлды есептеу ғана болады. 20 АЕК-тен (86 500 теңгеден) астам – хабарлама жіберу, өсімпұл есептеу, шоттарды бұғаттау және инкассалық өкімдер шығару. 45 АЕК-тен (194 625 теңгеден) астам – мүлікке тыйым салуды, дебиторлардан өндіріп алуды қоса алғанда, барлық өндіріп алу шаралары. 27 000 АЕК-тен (116,7 млн.теңгеден) астам – шет елге шығуға тыйым салу (сот шешімі бойынша 3 айдан астам берешек өтелмеген жағдайда). Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерге тоқталатын болсақ, тәуекел дәрежесін есепке алмай, әлеуметтік төлемдер бойынша 6 АЕК-тен яғни 25,9 мың теңгеден асқан жағдайда ғана берешекті өндіріп алу қарастырылып отыр. Бұл дегеніміз бұрынғыдай міндетті зейнетақы жарналарының 1 теңге қарыз үшін банк шоттарға шектеу қойылмайды.
Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі – мемлекет пен қоғам арасындағы экономикалық қатынастарды жаңаша қалыптастыруға бағытталған құжат. Оның басты мақсаты – әділетті, ашық әрі тиімді салық жүйесін құру. Ал бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты дамуына негіз болмақ.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.