Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа кеңсе жұмысын бастады

0 191

Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобасының кеңсесі ашылды. Офистің лентасын салтанатты түрде қию рәсімі Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Равиль Төлебаевқа тапсырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашудың негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, Жамбыл облысының мемлекеттік құрылымдарына халықтың сенімін арттыру. Жобаның негізгі міндеттері халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын одан әрі дамыту және мемлекеттен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру есебінен сыбайлас жемқорлық проблемасын шешу, азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау, кең ауқымды қоғамдық бақылау болып табылады. Равиль Төлебаевтың айтуынша, жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға көмектеседі.

– Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алаңында қаламыздың барлық тұрғындары салық саласына қатысты сұрақтарға жауап ала алады. Қазіргі уақытта жұмысты екі маман – біреуі Мемлекеттік кірістер департаментінен, екіншісі Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жүргізетін болады. Статистикаға сәйкес, осы қызметкерлердің құзыретіне қатысты сұрақтар жиі туындайды. Егер бұрын жағдайды шешу үшін екі мемлекеттік құрылымға бару керек болса, бұдан кейін бір жерде кеңес алу мүмкіндігі пайда болды, – дейді Равиль Қуанышбайұлы.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта кеңсе қызметкерлерінің штатын кеңейту жоспарлануда.

Жобалық кеңсенің ашылу салтанатына салық қызметінің ардагері Мария Сағидоллақызы қатысты.

– Мұндай жобалық кеңсенің ашылуы үлкен маңызға ие. Біріншіден, бұл салық төлеушілер үшін өте ыңғайлы. Енді түрлі инстанцияларға барудың қажеті жоқ, барлық сұрақтарды бір жерде, «Адалдық алаңында» шешуге болады. Осындай алаңдардың облыс аудандарында да ашылғанын қалар едік, – деді ол.

Бұдан өзге, салық төлеушілер, сыртқы экономикалық қатысушылар Жамбыл облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының заңға қайшы әрекеттері туралы фактілерін «Электрондық үкімет» порталына, сондай-ақ ҚР ҚМ МКК ресми интернет-ресурсына хабарлай алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.