Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар

0 553

Жастар мәселесі – кез келген, оның ішінде жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау керек. Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес.

Қазіргі таңда Тараз қаласындағы халық саны – 432 367 адам. Оның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар – 121 574 адам немесе қала халқының 28,12 пайызын құрап отыр. Осыған орай, Тараз қаласында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру, қаланың әлеуметтік экономикалық өміріне жастарды белсенді тарту, жастардың қоғамдық бірлестіктермен байланысын жүзеге асыру мақсатында түрлі бағыттағы шаралар өткізілуде.

Атап айтар болсақ, 2024 жылы Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша 139 мәдени, 179 рухани-адамгершілік, 157 құқықтық, 61 спорттық, 53 сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, 60 психологиялық-танымдық, 71 мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру алаңы, 69 әскери-патриоттық, 96 діни, 51 этносаралық келісім бағытында және 184 экологиялық сенбілік – бас-аяғы 1 120 іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараларға 51,5 мыңнан астам жас қатысты.
Бүгінде Тараз қалалық жастар ресурстық орталығына қарасты «Taraz zhastary» және «Қазақстан студенттер альянсы» волонтерлық қозғалыстары «Білім», «Таза әлем», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор» және «Үміт» секілді 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлықты дамыту мақсатында 96 іс-шара ұйымдастырылып, 4 500-ге жуық жас жұмылдырылды.
Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастар қатары жыл сайын артып келеді. Аталған мәселе қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекованың төрағалығымен Тараз қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында да қаралған болатын. Кеңес отырысында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы» және «Жастар арасында қылмыс пен нашақорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы» есеп тыңдалды.
Бұл ретте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 35 жасқа дейінгі 3 372 жас тартылды. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмыстарға – 821, әлеуметтік жұмыстарға – 44, «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орнына» – 128, ваканттық бос жұмыс орындарына 20 341 адам жолданып, «Бастау бизнес» бағытында 345 жас жұмыспен қамтылды.
Жастар ресурстық орталығы және «Мансап орталығы» қалалық филиалы тарапынан 11 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 60 кеңес беру алаңы өткізіліп, бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі базаға 11 228 жас енгізілді. Қалған NEET санатындағы 23 жаспен жұмыс жүргізілуде.
Уақытша жұмыс орнымен қамту бағытында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қосып келе жатқан үлесі зор. Аталған мақсатпен 2024 жылы жұмысын ұйымдастыруға 41 520,0 мың теңге бөлініп, жастарды уақытша жұмыспен қамту бағытында 397 жас жұмыспен қамтылды. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 85 000 теңгені құрады.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, олар саябақтарда, «Жастар» аллеясы, Қ.Рысқұлбеков саябағында, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, 19 наурыз күні – Жаңару күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағына «Жасыл желек – жердің көркі» атты акция аясында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары 700-ге жуық тал көшетін отырғызды.
Тазалық оны сақтаған жерде ғана болатыны баршаға мәлім. Осы орайда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу бойынша желілік кесте әзірленіп, 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында тазалық жұмыстарын жүргізу, тал балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру бағытында 50 іс-шараның тізбесі әзірленді. Сондай-ақ кестеден бөлек, әр аптаға тақырыптық жоспарлар бекітілді. Осылайша жалпы саны 153 тазалық шарасы ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты.
Айталық, 10-14 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы аясында қала аумағында 29 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, көпқабатты үйлердің аулаларында, қала көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2 175 ағаш отырғызылды. Ал 16-21 сәуір аралығында «Киелі мекен» екінші апталығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 тал мен 500 раушан гүлі егілді. 22-28 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» үшінші апталығында скверлерде, қала көшелерінде, саябақтар мен шалғай аумақтарда 2 453 ағаш көшеті отырғызылды. 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында «Өнегелі ұрпақ» төртінші апталығында қаланың белсенді жастары мен «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйінде санитарлық тазалық, ағаш бұтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп, зиялы қауым өкілдерімен TEDx форматында еркін сұхбаттасу ұйымдастырылды. Сол секілді, 6-12 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» бесінші апталығында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдерді күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, 28 мамыр күні қала аумағындағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарының механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 10 маусым күні «Мамыр» тоғайы тазаланып, радио-концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы күні «Ұлы дала» ықшамауданында тұрғындардың қатысуымен «Біздің аула» атты ағаш отырғызу және тазалық шарасы ұйымдастырылды. «Әулие бұлақ» каналының бойында волонтерлар тазалық жүргізіп, «Үздік волонтер» анықталып, ынталандыру мақсатында сыйлықтар табыс етілді. 18 шілде күні «Игі істер марафоны» аясында «Әулие бұлақ», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2» және «Төрегелді» каналдарында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
7 тамыз күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала тұрғындары мен белсенді жастар, ұжым-мекеме қызметкерлері «Көктем» алқабында сенбілік өткізсе, 4 қыркүйек күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында алғашқы күзгі тазалық жұмыстары басталды. Нәтижесінде, «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан шағын аллеяның және сол маңда орналасқан каналдың бойы күл-қоқыстан және қураған шөптерден тазартылды. 21 қыркүйек күні «Жасыл желек – жердің көркі» атты ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Акция Ы.Сүлейменов көшесінен «Ұлы дала» ықшамауданына тіке өтетін жаңа ашылған жолдың бойында ұйымдастырылды. Аталған акцияға 50-ге жуық жас қатысып, 1 000-ға жуық ағаш отырғызылды.
Жастардың кәсіптік, шығармашылық және біліктілік тұрғыда ұдайы дамып отыруы аса маңызды. Осыған орай, 20-21 тамыз күндері аралығында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында «Summer Taraz Cump-2024» оқыту және спорттық ойындарға бағытталған жазғы лагері өткізілді. Ауқымды жиынға 100-ге жуық волонтер мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, біліктіліктері мен шеберліктерін арттырды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткі бизнесі мен нашақорлықтың, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру ешқашан назардан тыс қалған емес. Діни сауаттылық деңгейін арттыру, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, ұйымдаспаған жастармен жұмыс жүргізу, үйлестіру және олардың әлеуетін дамыту да өзектілігін жоғалтпайды. Сондай-ақ Тараз қаласының жас ақын-жазушыларын, шығармашылық жастарын қолдау күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 7 жоба бойынша 14 млн теңге қаржы қарастырылды.
Жоғарыда атап өткенімдей, жастардың тұрақты түрде спортпен шұғылдануы – дені сау ұрпақ қалыптастырудың негізі. Сондықтан Жастар ресурстық орталығы тараздықтардың салауатты өмір салтына бет бұруына барынша көңіл бөліп келеді. Аталған мәселені назарға ала отырып, жыл басынан бері жастарды спортқа жүйелі түрде баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 61 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға жалпы 3 500 адам қатысты.
Мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жас отбасыларды баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және өзге де мәселелер бүгінгінің басты мәселелері қатарында. Олардың шешілуіне үлес қосу үшін орталық арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Жастардың саясат пен қоғамдағы рөлі де маңызды екені даусыз. Олардың саяси қозғалыстар мен ұйымдарға қатысуы жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ елді басқарудың жаңа идеялары мен көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы Қазақстан жастары – еліміздің бүгінгі және ертеңгі жетістіктерін айқындайтын серпінді де жасампаз күш. Олардың амбициялары, білім мен инновацияға деген құштарлығы, кәсіпкерлік рухы мен әлеуметтік белсенділігі оларды заманауи қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігіне айналдырады. Олар өз өнерлері мен ой-өрісін шыңдай отырып, ел тарихында із қалдырып, өркендеуіне үлес қосуда.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзі бар. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетіні анық. Демек, ел азаматтары Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуі керек.
Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.
Иә, жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.