Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа автобус, жайлы көлік

0 263

Елорда күнінде Нұрсұлтан Назарбаев алаңында 10 автобус халық игілігіне берілді. Тараз тұрғындары үшін сыйымдылығы кең әрі жаңа заманауи қоғамдық көлік – ең маңызды қажеттіліктің бірі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Автобуспен бірге халықтың да тынысы кеңігендей болды. Оған себеп – тар көліктің ішінде иін тіресіп, орын жетпей, межелі жерге дейін бір-біріне соғылып әрең жетіп жүрген тұрғындардың жағымсыз жағдайы еді. Енді бұл мәселенің де түйіні сетінеп, шешімін тауып келе жатыр.
Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қатысып, халықтың көкейіндегі мәселені қозғады. Өз кезегінде өңір басшысы жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жұмысын сынға алып, оларға жұмысын жүйелеуді тапсырды.

– Қала тұрғындарының ең негізгі талабы – қоғамдық көлік. Жүргізушілердің мәдениеті де маңызды. Қоғамдық көліктегі тазалықпен қатар, мәселенің ең бастысы – қаладағы автобустардың кішкентай болуы. Халыққа ыңғайсыз. Таңертең, түсте, кешке болсын, адамдар сыймай жатады. Сондықтан биыл «кем дегенде 100 кең, сапалы көлік жүргіземіз» деп халыққа уәде бергенбіз. Қазақстандағы ең төменгі тариф Таразда деген едік. Оны да өтініштеріңіз бойынша көтердік. Қазір Тараздағы тариф Қазақстандағы ең жоғарғы тарифтің бірі – 85 теңге. Енді соған сай сіздер де өз уәделеріңізде тұруларыңыз керек. Былтырдан бері «жаңа автобус алу керек» деп айтып келе жатырмыз. Оның үстіне сіздердің табыстарыңызды көбейту үшін электронды билет жасаттық. Қазір тұрғындардың 98 пайызы «Тұлпар» картасымен қатынайды. Нәтижесінде табыстарыңыз елу пайызға көбейді. Ал енді уәделеріңіз қайда? Біздегі жолаушылар тасымалдайтын бірде-бір компания ол уәдесін орындаған жоқ. Қыркүйекке дейін жаңа автобус алуға уақыт береміз. Сол уақыт аралығында уәдені орындаңыздар. Бізде бары – 450 автобус. Соның 300-ін жаңалап алсақ та жетіп жатыр. Сол кезде халықтың тарапынан да наразылық болмайды, сіздердің табыстарыңыз да артады. Облыс орталығында кішкентай пазиктер жүр. Қай облыстың орталығында пазиктер жүргенін көрдіңіздер? Таразды туризмнің орталығы жасаймыз дейміз. Сондықтан келісейік. «Автобусты тоқтатамыз» деп қорқытпаңыздар. Жұмысты жүйелеп, нәтижесін көрсетіңіздер. Нәтижесі болмаса, субсидия да болмайды. «Автобус алып келеміз, жұмысты жүргіземіз» дейтіндер жетіп жатыр. Бізге де өзіміздің жергілікті компаниялардың жұмыс жасағаны керек,– деді Бердібек Машбекұлы өз сөзінде.
Жаңа автобустар толығымен заманауи құрылғылармен автоматтандырылған. Және де бұл қоғамдық көліктің көңіл қуантарлығы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус та орнатылыпты.

– Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс жасайды. Әрқайсысында 7 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың төртеуі сыртта, қалған 3 камера салонның ішінде. Мұндай жағдай жолаушылардың жеке мүліктерінің ұрлығын болдырмау үшін өте қолайлы. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандус орнатылып, арнайы орын да қарастырылған. Ұзындығы 12 метрлік кең автобуста 28 орындық, 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орын, жалпы тұрғандармен қосқанда 90 адамға дейін сыйымдылығы бар. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустарды алып келеміз, – деді алматылық «CITY-BUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Нұрлан Елшібаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.