Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жәрмеңке жанданды

0 146

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партия Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» КММ-інде мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі өтті.
Шараға партия ұйымдарының жетекшілері, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары мен бірқатар мекеме басшылары және мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

Шапағат МАМЫТХАН

Жәрмеңкенің басты мақсаты – «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың мұқтаждықтары мен мәселелеріне қоғамның және мемлекеттік құрылымдардың назарын аудару. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың моншақ, тері, киіз бен жүннен жасалған заттары, кескіндеме мен графика, киімдер мен сәндік әшекей бұйымдары, жиһаздар мен фотосуреттер – барлығы 400-ге жуық туындысы көрерменнің көз жауын алып, келгендер өздеріне керекті заттарын да сатып алды.

– 2016 жылы Шолпан Ахметова өзі ІІІ топтағы мүгедек болғанына қарамастан, қажырлы еңбегінің арқасында біздің осы ұйымды ашқан. Содан бері осы ұйымның арқасында неше түрлі қолөнер бұйымдарын жасап әрі оны қызығушылығы барларға да үйретіп келеміз. Бұл біздің қоғамнан тыс қалмауымызға зор көмегін тигізді. Сонымен қатар бұл ұйым тек қана қолөнермен ғана шектелмейді, қайта қолынан келгеннің бәрін істеуге тырысады. Яғни біз заңдық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да мүгедектерге көмектесіп келеміз, – дейді «Нақты көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің есепшісі Гауһар Жанұзаққызы.

Алуан түрлі ою-өрнектермен кескінделген түскиіз, көрпе-жастық, құрақ көрпелерден көз сүрінеді. Шеберлердің айтуынша, олар ұлттық нақыштардың кескінделу технологиясының кәсіби үлгілерін жетік меңгерген. Жәрмеңкенің ұйымдастырылуына аса қуанған қатысушылар «Nur Otan» партиясына алғыстарын да айтты.

Тоқыма өнерін кішкентайынан меңгерген өзі І топтағы мүгедек Дилафруз Махмадулоева: «Менің махаббатым осы тоқыған қуыршақтарымның ішінде. Енді алда арнайы осындай қолдан жасалған дүниелерді сататын дүкен ашсам, соған басшылық көмек көрсетсе», – дейді шебер.

– Елорда күніне орай өткізіліп отырған бұл шараның маңызы зор. Өйткені бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың өз өнерлерінің жәрмеңкесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндіктер жасауымыз керек» деген тапсырмасының аясында осындай бір қолдау көрсету мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз, – дейді «Nur Otan» партиясы саяси жұмыс бөлімінің консультанты Берік Төлеуішов.

Елорда күніне орай «Nur Otan» партиясының «30 игі іс» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Ән мен сәнге бөленіп, жәрмеңкеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұйырса, алда тағы да жалғасын табатынына біз де сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.