Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жәния Джуринская: Анам қалқиған құлағымды көрсетпеу үшін шашымды «каре» етіп кесетін

0 633

Жәния Джуринская көп жылдар бойы толыққанды өмір сүруге кедергі келтіріп келген комплекстері жайлы айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Актриса оқушы кезінде құлағынан, бойы мен сырт келбетінен қатты қысылғанын жеткізді.

«Су перісі біздің заманда өмір сүрсе, ерекшелігі екенін түсінбей, құйрығынан ұялатын еді. Сол сияқты мен де ұзақ уақыт бойы: қалқиған құлағымнан, ұзын бойым мен жас балаша түрімнен ұялып өмір сүрдім.
Анам құлағымды қалқан деп шашымды «каре» етіп кестіретін. Мұның балаға соққы болатынын ата-анамыз қайдан білсін?» – деді Жәния.

Жәния мектеп кезінде бойының ұзындығынан қатты ұялған. Айтуынша, сыныптағы жігіттердің басым дені қысқа бойлы болған.

«Сол себепті өзімді 7 гномның арасындағы Аппақ қыз сезінетінмін. Ұялғанымнан, әдейілеп бүкірейіп жүретінмін. Ол қазірге дейін әдет болып қалды. Бірақ қазір 171 сантиметрлі бойымнан рахаттанамын.
Бұл комплекстердің санама сіңіп қалғаны соншалық, бір күні түсірілімде шашымды жинағанда, жараланған адамдай өкіріп жыладым. Себебі «мен пілмін» деп ойладым», – деп ағынан жарылды актриса.

Джуринская уақыт өте келе өзіне деген сенімсіздіктен, маза бермеген комплекстерден арылғанын айтады. – Ақыры «мінсіз келбетіммен» мақтана алмасам, кәсібилігі жоғары маман боламын, – деп мақсат қойғанын да жасырмайды. 

«Күн өткен сайын өзіме деген сенімділігім арта берді. Жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп, сұранысқа ие кәсіби маман болдым. Әрі жұмысым үшін жақсы ақша алатынмын. Менің емім де сол еді.

Өзіңді дамытудың арқасында тәуелсіз болып қана қоймай, өзіңді жақсы көре түседің екенсің. Өзіңді қабылдап, комплекстеріңді ерекшелігіңе айналдырасың», – деді актриса.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.