Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысына салғырт қарағандар қызметінен қуылады

0 89

     Тараз қаласында жекеменшік кәсіп иелерінің бизнес нысандарынан  шыққан қалдықтарды тұрғын үй алдындағы қоқыс жәшіктеріне тастау тиылмай тұр. Сондай-ақ білім нысандарындағы құрылыс жұмыстарының сапасы да сын көтермеуде.  Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге де мәселелер қаралып, қызметіне «жүрдім-бардым» қарағандар жазасыз қалмады.

     Жиында ең әуелі Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төленді сөз алып, қоқыстан көш ашпай жатқан ықшам аудандар мен тұрғын алқаптардағы жағдайды боямасыз баян етті. Сондай-ақ қала көшелерінде тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды  тиісті орындарға тастамайтындығы да жиі көрініс тауып жатқандығын тілге тиек етті. Жалпы жағдайға  слайдтағы суреттер арқылы көз жеткізген қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы округ инспекторларынан жеке-жеке жауап алып, қызметіне салғырт қарағандарға сөгіс түріндегі жаза  берді. Егер бір жетіде жағдай оңалмаса, округ инспекторларын жұмыстан босату туралы тәртіптік шара қаралатындығын да ескертті.

Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме басшыларының әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен кері байланыс мәселесі де қала әкімінің көңілінен шықпады.

Келесі кезекте Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова баяндама жасап, мектептердегі құрылыс жұмыстарының барысын хабарлады. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, биыл қала бойынша 7 мектептің құрылысы жүріп жатса, оның тек үшеуінің құрылысы қыркүйек айында аяқталады екен. Ал қалған төрт мектептегі құрылыс серіктестік жұмысының салғыртығынан жоспардан кешігуде. Бөлім тарапынан мердігер үстінен хаттама толтырылып, айыппұл салынса да жауаптылар одан сабақ шығармапты.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған қала әкімі барлық құрылыс нысанындағы жағдаймен таныс екенін, алайда серіктестіктер ескертуді елемей жатқандығы жауапты мекеме басшыларының жұмсақтығы екенін баса айтты. Сондықтан Бақытжан Әмірбекұлы жұмысына жуапсыз қараған мердігерлер құрылысты жоспарлы кезеңде аяқтамаса, оларды сотқа беруді тапсырды. Бұдан бөлек, Бақытжан Орынбеков құрылыста ең бастысы сапа екенін ескертіп, қыркүйек айында берілетін мектептердің құрылыс жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстауды салаға жауапты орынбасарына міндеттеді.

Аппараттық кеңесте есепті кезеңдегі Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғын үйлерді қысқа дайындау, мемлекеттік сатып конкурстарын дер кезінде жариялау,  бей-берекет сауда орындарының алдын алу сынды мәселелер де қаралып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Саян Тілеужан

 

   

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.