Қазақстанда кәсіпкерліктің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуы экономикалық реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту – жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы. Ал бизнестің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілуі керек. Ондай қолдаулар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын халыққа жолдайтын Жолдауларында көрініс табады.
Мәселен, Президент биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту мәселесіне кеңінен тоқталды. Саяси құжаттың алтыншы бөлімінде кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жайында сөз қозғаған Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.
Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады», – дей келе, аталған саладағы бірқатар түйткілдердің шешімін табуды тапсырған болатын.
Жалпы елімізде кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Олардың ішінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның алар орны ерекше. Оның аясында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін жеделдету, жаңа тауашаларды қалыптастыру және бәсекелестікті кешенді дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асуда. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 533,1 мың адам қатысқан. Оның 345,1 мың адам жұмысқа орналасты, ішінде 224,3 мыңы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 12,5 мың адам жіберілген. Өз кәсібін бастау үшін 12 мың адам мемлекеттік грант берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында да жүйелі жүргізілуде. Қазіргі уақытта облысымыздағы жұмыс күші 529,8 мың адамды құрайды. 503,6 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 334,5 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 169 мың адам болып отыр. Ал жұмыссыздар саны 26,2 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды.
Президенттің 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда 6,2 мың жұмыс орнын ашу бойынша жоспар жасалған болатын. Аталмыш жоспарға сәйкес, бүгінгі күнге облыста 11 мың жұмыс орны құрылды.
Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Биыл Ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адамды тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан жоспар 132 пайызға орындалып, 65 350 адам белсенді шараларға тартылды. Оның ішінде бос жұмыс орындарына – 27 955 адам, кәсіптік оқыту- ға – 933, онлайн оқытуға – 1 560, «Бастау Бизнес» курстарына 19 800 адам жолданып, 2 158 азамат мемлекеттік грант алды. Сондай-ақ алғашқы жұмыс орындарына – 179, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 150 адам, «Жастар практикасына» 1 738 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 9 293 жұмыссыз тартылды, Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасына – 269, «Ұрпақтар келісім шарты» бойынша 31 жамбылдық жолдама алды.
Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 33 879 адам болса, есепті кезеңге 40 615 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 119,9 пайызға орындалды. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа 23 296 адамды орналастыру жоспарланып, барлығы 27 955 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Нәтижесінде 120 пайызға орындалды.
Қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарында 853 адамды оқыту үшін 201,1 миллион теңге қаралды. Есепті мерзімге 933 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданып, жоспар толығымен орындалды. Жұмыс берушінің жұмыс орнында 284 адам жолданды.
Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1 030 орынға 295,3 миллион теңге қаралып, есепті кезеңде 1 150 адам жолданды. Оның 380-і жұмысын аяқтаса, 362-сі немесе 95,2 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды.
Сонымен қатар «Жастар практикасына» барлығы 1 262 орынға есепті кезеңде 1 738 түлек жолданды. Оның оның 461-і жұмысын аяқтаса, 405-сі немесе 87,9 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды.
Ақылы қоғамдық жұмысқа барлығы 7 627 адамды тартуға 4 597 миллион теңге қаралып, бүгінгі күнге қоғамдық жұмыстарға 9 293 адам жолданды.
Осы бағыт аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 124 жамбылдықты жұмысқа орналастыру көзделіп, есепті мерзімге 179 адам жолданды. Облыстық жоспар 144,4 пайызға орындалды.
Бұдан бөлек, жоғарыда аталған жобалар аясында да ауқымды шаралар қолға алынған. Мәселен, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы арқылы 31 адам жолдама алса, «Күміс жас» жобасына 269 адам қатысты.
Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 шілдесінен басталды. Есепті кезеңге облыс бойынша онлайн оқыту курстарына 19 771 адам жолданып, 15 162 адам оқуларын аяқтады.
Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 630 адамға 400 АЕК мөлшерінде 3 345,4 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру қарастырылды. Есепті кезеңде облыс бойынша 2 158 адамға 2 643,9 миллион теңге қайта-рымсыз гранттар берілді. Грант беру жұмыстары қаржыландыру жоспарына сәйкес орындалуда.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарындағы нысаналы 4 индикатор бекітілген:
1) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру деңгейі жоспар – 55 пайыз, орындалуы – 59,8 пайыз,
2) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамындағы жеке сектордың үлесі жоспар – 58 пайыз, орындалуы – 58,1 пайыз,
3) қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналасу деңгейі жоспар – 60 пайыз, орындалуы – 89,5 пайыз,
4) «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашқан адамдардың үлесін ұлғайту жоспар – 40 пайыз, орындалуы – 53,9 пайыз.
Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірлік еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың 2-ші тоқсанындағы 5,0 пайыздан төмендеп, 3-ші тоқсанда 4,9 пайызды құрады. Бұр республикалық көрсеткішпен бір деңгейде.
Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту мәселесі – өзекті мәселелердің бірі. Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді.
Ғалижан МЕЙІРМАНОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары