Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыссыздықпен күрес – ел дамуына үлес

0 3  897

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы баршамызға нақты міндеттер жүктеді. Еліміздің алдағы бағыт-бағдары айқындалған құнды құжатта халықты жұмыспен қамту бойынша да тиісті тапсырмалар реті көрсетілген. Жалпы егемендік жылдарында бұл мәселеге айрықша назар аударылып келеді. Облыста да бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды.

Президент пәрменімен 2022 жылы 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болатын. Жыл қорытындысы бойынша аймақта 15,4 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Негізі, халықты жұмыспен қамту мәселелері өткен жылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Былтыр аталған жоба шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адамды тарту жоспарланып, бұл межелі жоспар 152,7 пайызға артығымен жүзеге асты. Оның ішінде бос жұмыс орындарына – 35 590, алғашқы жұмыс орындары- на – 185, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 168, «Жастар практикасына» 1 840 адам жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 9 847 жұмыссыз тартылды. Сондай-ақ 2 634 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, «Күміс жас» жобасына – 281, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 33 адам жолданды. Сонымен қатар 35 590 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 960 орынға 257,6 миллион теңге қаралып, есепті кезеңде 1 168 адам жолданды. Оның 1 168-і жұмысын аяқтаса, 1100-і немесе 94,2 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды. Бұдан бөлек, есепті мерзімде 2 943 тұрғын қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына жіберілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірлік еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың 3-ші тоқсанда 4,9 пайызды құрады.
Бұл бағыттағы маңызды шаралардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент те өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін ерекше атап өтіп, 100 мың жасқа жұмыс берілетінін жеткізген еді. Осы жұмыстардың алғышарты ретінде бұл бағытта да жүйелі жұмыстар қолға алынды. Айталық, ұлттық жоба шеңберінде 2022 жылы 29 жасқа дейінгі азаматтардан 29 253 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 10 145-і ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 363 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 547 жас онлайн оқытуға, 1 840 түлек «Жастар практикасына», 193 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Ал 2025 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, 32 азамат «Ұрпақтар келісімшартына», 185-і «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 11 991 жас «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді. 1 932 жас қайтарымсыз грант алды. Осының арқасында жастар жұмыссыздығының деңгейі 2022 жылдың 3-ші тоқсанында 3 пайызды құрады. Ал биыл барлығы 54 156 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, оның ішінде 32 093 адамды тұрақты жұмыстарға орналастыру жоспарланып отыр.
Облысымызда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, өз ісін бастаймын деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе жастарға айрықша назар аударылуда. Оларға 2023 жылдан бастап жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Осыған сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін несие беруге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2023-2025 жылдарға 1 084 жасқа 5,4 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.
Қазіргі таңда аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде «Отбасының цифрлық картасын» енгізу басталды. Бұл карта – әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат беру құралы. Яғни азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынады. Ал мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда, оған келісім беру үшін әлеуетті алушыға SMS-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, өтінім иесінің банк шотына аударылады. Осы орайда қазан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) үміткер отбасыларына SMS-хабарламалар жіберілуде. Мұндай SMS-хабарлама 2 076 отбасына жолданып, соның 218-іне АӘК тағайындалған. Ал жалпы былтыр атаулы әлеуметтік көмек 9 219 отбасындағы 48 298 адамға 3,8 миллиард теңгеге тағайындалып, төленді.
Көмек алушыларды масылдық пиғылдан арылту мақсатында да кешенді шаралар жасалуда. Ағымдағы жылдың басына бері АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды мүшелерінен 2 591 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда АӘК алушылар 2 590 отбасы 12 851 адамға немесе 22,3 пай- ызға төмендеді. Жалпы биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 адамды қамту жоспарлануда. Оларға барлығы 4 853,8 миллион теңге қарас- тырылған. Сондай-ақ биылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылады. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты керекті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта да облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Басқарманың басты міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 45 388 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,9 пайызды құрайды. Мұндай азаматтардың өз-өзін қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне және қолайлы ортаны қалыптастыруда арнайы оңалту құралдарының алатын орны ерекше екені даусыз. Бүгінгі таңда оларды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде «Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
Жалпы әлеуметтік қызметтер порталы тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін береді.
Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар аталған портал арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере алады. Портал оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуге септігін тигізуде. Яғни мүгедектігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген құралдар мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады.
Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге және облыстық қазынадан 297,3 миллион теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік 11 215 мүгедектігі бар адам тиісті бұйымдармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, есту қабілетінің бұзылуын түзеуге арналған 846 сурдотехникалық, көзге арналған 1 140 тифлотехникалық құрал, белсенді және баяу жүріп-тұруына арналған 924 кресло-арба, аяқ-қолды немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын 5 082 протез-ортопедиялық бұйымдар мен денсаулық жағдайларын түзету үшін 3 491 санторлы-курорттық емделу жолдамала- ры берілді. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1,5 миллиард теңгеге 9 300 мүгедектігі бар адам міндетті гигиеналық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Осылардың нәтижесінде өткен жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 95,7 пайызды құрады. Порталда 23 565 өтініш тіркеліп, 22 548 өтініш қанағаттандырылды. Қалған өтініштер ағымдағы жылға өтпелі. Ал биыл әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында осы санаттағы азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларын 90 пайызға орындау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 278 мүгедектігі бар адамның өтініші қанағаттандырылды.
«AMANAT» партиясының «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының 84-тармағына сәйкес, 2022 жылы стандарттарға сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесі шамамен 40 пайызды құрауы тиіс болатын. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1 295 нысанды бейімдеу, ал 2022 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді. Соған орай бұл жұмыстарға былтыр 259 нысанға 191,3 миллион теңге қаржы бөлініп, барлығы бейімделуден өтті. Соған сәйкес көрсеткіш толығымен орындалды. Ал ағымдағы жылдың соңында стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы тиіс. Оған қол жеткізу үшін биыл Тараз қаласы мен аудандарда тағы 259 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Өткен жылы облыс көлемінде басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2 027 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Аталған мекемелер арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жұмыстарын ағымдағы жылы да өз деңгейінде жалғастыруда. Қазіргі кезеңде 1 433 адамға дәл сондай қызмет ұсынылған.
Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында мұндай мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары 3 ауданда мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы және Талас ауданы Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталық, Қордайда 15 орындық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Бұдан бөлек, Тараз қаласында мүгедектігі бар адамдарға 150 орындық оңалту және бейімдеу көпсалалы орталығының құрылысы жүргізілуде. Құрылысы 2021 жылдың 10 қыркүйегінде басталған нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған қоса биыл Таразда «Белсенді ұзақ өмір орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы зейнеткер жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауда оларға тұрмыстық, медициналық, еңбек, психологиялық, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал екіншісі аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларға туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге жағдай жасап, олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндік туғызады.
Жалпы Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 1 438 жалғызбас- ты қарт пен мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылды. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, 1 426 жалғызбас- ты қарт пен мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.
Қорыта айтқанда, басқарма тарапынан қоғамда қолайлы орта қалыптастырып, жұмыссыздықпен күресу бойынша ауыз толтырып айтарлық оңды істер атқарылуда. Мұның барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Алдымызда тұрған жоспар жұмыр, міндет айқын. Сондықтан бұл мақсаттағы ілкімді істер әрі қарай да жалғаса береді.

Еркін Келесов,
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.