Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық

0 56

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп-тимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқы-лы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетіп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын.
Жалпы, мамандық таңдаудың өзі әрі қиын, әрі қызық мәселе. Біз сияқты мектепте оқып жүрген әрбір оқушының бір салаға деген қызығушылығы болады. Бірақ өсе келе оған айналасындағы жағдайлар да әсер етпей қоймайды. Бұл жағымды жаңалыққа кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын оқу орындарының ұжымы да қатты қуанып отыр. Қазір оқу орындары жұмысшы мамандығын жұмыс берушімен бірге даярлайды. Бүгінде жоғары сынып оқушылары арасында жұмысшы мамандыққа деген қызығушылық артып отыр. Сондықтан еңбек майталмандарын көбірек насихаттап, жастарды адал еңбек етуге үйретсек, ұтарымыз көп. Оны білім ұйымдары, ата-ана және жұмыс беруші мекеме – үшеуі бірлесіп жүргізгені дұрыс.
Бүгінгі таңда мемлекетіміз әр саладағы мамандарды дайындау үшін жоғары оқу орынындарында білім сапасына айырықша көңіл бөлуде. Осының нәтижесінде студенттердің стипендиясы – 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға 1,5 есеге артты.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жоғары білімге қатысты негізгі бағыттары – Халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қол жеткізіледі, шетелдік әріптестермен академиялық алмасулар кеңейтіледі. 2025 жылға қарай шетелдік жетекші бес ЖОО-ның филиалы жұмыс істейді», – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Бұл өз кезегінде болашақта көптеген жұмысшы мамандардың жұлдызын жағады деген сөз.
Қазір елімізде жұмысшы мамандығында оқитын студенттер толықтай тегін білім алады. Мәселен, жұмысшы мамандығы жұмыс берушінің сұранысымен даярланып, соған сәйкес мемлекеттен грант бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарына талапкерлер оқуға емтихансыз қабылданады. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі дуальды оқыту бағдарламасы бойынша студент тәжірибесі еңбек өтіліне кіретіндей өзгеріс енгізді. Осының бәрі – жұмысшы мамандарды даярлауға Үкімет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау.
Жұмысшы мамандықтар санатына автокөліктер мен машиналарды жөндеу, электр жүйелері мен құрылғыларын орнату және жөндеу, металл конструкцияларын өңдеу, металл бөлшектерін дәнекерлеу, ағаштан бұйымдар жасау, тәтті өнімдер дайындау, медициналық көмек көрсету және киім мен басқа текстиль бұйымдарын тігу секілді көптеген мамандықтар кіреді.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында кәсіптік білім саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе екенін жеткізді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген педагогтердің білімі мен біліктілігін дамытуға, жетілдіруге серпін береді.

Жанерке БЕЙШЕНКУЛОВА,
Төле би атындағы №8 гимназияның
11 «Ә» сынып оқушысы.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.