Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жұмысшы мамандармен арнайы кездесті.
Әуелі шаһар басшысы «Таразтрансэнерго» мекемесінің бақылаушы монтері Жасдәурен Жайлауовтың шаңырағына ат басын бұрды. Жасдәурен Сабидиллаұлы аталмыш мекемеде 9 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сондай-ақ 4 перзентті өсіріп отырған үлгілі әке, өнегелі отағасы.
Бұдан кейін қала әкімі «Таразэнергоорталық» мекемесінің қазандық машинисі Руслан Сапарбековтің үйіне аялдады. Осы мекемеде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Руслан Мұратұлы 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әке.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде еңбек адамдарына деген құрмет ешқашан аласармайтынын және оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Еркін САЙЫН