Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жұмысшы мамандар ұстаханасы

0 233

Елімізде биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетін арттыруда қол еңбегі мен кәсіби шеберлікке деген сұраныстың арта түскенін көрсетеді. Осы ретте жұмысшы кадрлар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отырған білім ордаларының бірі – Тараз сервис және технология колледжі.

Бүгінгі таңда еліміздің еңбек нарығында білікті мамандарға сұраныс артуда. Бұл ретте техникалық жəне кəсіптік білім беру орындарының маңызы ерекше. Осы орайда білім ордаларының алдыңғы қатарында топ бастап тұрған – Тараз сервис жəне технология колледжінің тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Кəсіби мамандар даярлауда 50 жылдық тəжірибесі бар іргелі оқу орны Кеңес үкіметі тұсында өңірдегі химия саласына білікті кадр даярлауға үлес қосқан. Сол тұста зауыттың сұранысына сай жастар слесарь, электрик, токарь, сылақшы-əрлеуші, дəнекерлеуші мамандықтарын меңгеріп шыққан. Міне, енді білім беру саласында небір кезеңдерден өтіп, заманға сай жаңарып келген колледж сервис жəне қызмет көрсету саласына жұмысшы мамандар дайындайтын өңірдегі бірегей оқу орнына айналып отыр. Материалдық-техникалық базасы нығайып, жетілдірілген оқу орнында 700 студент білім алуда. Айта кететіні, барлық студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Бұл – мемлекет тарапынан кəсіптік оқытуға ерекше көңіл бөлінгенінің айғағы. Колледж бүгінгі заман талабына сай модульдік оқыту, дуальді білім беру, инклюзивті оқыту сынды инновациялық əдістерді белсенді түрде енгізіп отыр. Бұл тəсілдер студенттердің тек теориялық білім ғана емес, нақты өндірістік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Айта кетсек, дуальді оқыту жүйесі аясында студенттер өндірістік тəжірибеден өтіп, оқу барысында нақты жұмыс орнымен танысып, тəжірибе жинақтайды. Оқу орнында студенттер аспаз, тігінші, шаштараз, туризм, қонақ үй шаруашылығы, сəндік-қолданбалы өнер мамандықтарында теориялық білімін жетілдірумен шектелмей, түйген-білгенін практикада шыңдауда. Колледж басшылығы сапалы білім беруді
тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар жобаларды қолға алған.

– 2025 жылдың «Жұмысшы жылы» болып жариялануы – біз үшін үлкен серпін. Бұл тек техникалық колледждердің емес, жалпы қоғамның жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертуге жасалған маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз – білікті маман даярлау ғана емес, оның бойына еңбекке деген сүйіспеншілік, табандылық пен жауапкершілік ұялату. Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орнында студенттерге барлық жағдай жасалған, – дейді оқу орнының басшысы Айдархан Биназаров.

Тараз сервис жəне технология колледжінде «Жас маман» жобасы аясында «Сəн технологиялары», «Аспаз ісі» құзыреттіліктер орталығы жұмыс істеп тұр. Білім ошағында «Сəн технологиялары» құзыреттілік орталығында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға халықаралық стандарттарға сəйкес 190 тігін машинасы мен жабдықтары, «Аспаз ісі» құзыреттілік орталығында 138 аспаздық құрал-жабдық сатып алыныпты. Оқу орнында 2017 жылы екі мамандық («Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі жəне киімдерді үлгілеу») бойынша модульді оқыту технологиясы енгізілген. Ал 2018 жылы ерекше қабілеті бар жандардың өзгелермен тең дəрежеде
білім алуы үшін инклюзивті білім беру жобасы жүзеге асқан. Бұл бастаманың шарапатын алғашқыда екі мамандықта білім алатын 30 студент көрген. Ал биылғы оқу жылында инклюзивті оқытумен əр түрлі мамандықта 56 студент қамтылып отыр. Демек, колледж басшылығы мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз білім алуына ерекше көңіл бөліп отыр.

– Бүгінгі таңда біздің оқу орнында инклюзивті білім алу бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар да қатардағы студенттермен бірге білім алады. Инклюзивті білім алатын студенттерге жеңілдетілген арнайы білім беру бағдарламасы дайындалған. Айта кетерлігі, ерекше балалар қатардағы студенттерден асып түспесе, кем түсіп жатқан жоқ. Оларды түсіну, оларға сабақ түсіндіру, техникамен жұмыс жасап үйрету о баста оңай болған жоқ. Бірақ мүмкіндігі шектеулі студенттердің алғырлығы мен білімге деген құштарлығы жаңа дүниені оңай, əрі тез игеруге мүмкіндік берді, – дейді аталмыш оқу орнында 23 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан «Тігін өндірісі жəне киімдерді үлгілеу» мамандығының өндірістік оқыту шебері Зəуреш Əбдібекова.

Заманауи оқу орнында студенттер мен оқытушылар облыстық, республикалық байқауларда біліктілігінің арқасында жүлделі орыннан көрініп жүр. Мысалы, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған халықаралық қозғалыс шеңберіндегі «Worldskills» чемпионаттарына колледж студенттері 2016 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Соңғы жылдары колледждің студенттері облыстық «Worldskills» додасында жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Үш бірдей студент өңіраралық «Worldskills» жарысында топ жарса, республикалық «Worldskills Kazakhstan» аламанында 6 түлек «Үздік маман» медалін иеленіп, бір түлек «Құзыреттілік шебері» атанған. Сондай-ақ колледж басшылығы студенттердің өндірістік тəжірибеден өтуі үшін бас-аяғы 85 мекемемен келісімшарт жасаған.

– Колледж əкімшілігі «Тараз» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп студенттер дайындаған кондитерлік өнімдерді қаладағы əлеуметтік дүкенге шығарады. Сондай-ақ колледж студенттері дайындаған өнімдер Тараз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырған ауыл шаруашылығы тауарларының жəрмеңкесінде көпшілік назарына ұсынылады. Заңға енгізілген өзгерістерді колледж басшылығы барынша тиімді пайдаланып, студенттердің мамандыққа бейімделуіне ықпал етуде. Сонымен қатар қала бойынша барлық кəсіпорындармен арнайы келісімге отырып, студенттерді қала көлеміндегі кез келген мейрамхана мен дəмханаларға өндірістік практикаға жібере аламыз. Онда олар шеф аспаздармен тəжірибе алмасып, мамандықты іс жүзінде игеруге мүмкіндік алады. Ал «Шаштараз» мамандығының студенттері оқу орнынан шықпай-ақ қарама-
қарсы орналасқан «5513» əскери бөлімімен жасалған келісімнің негізінде апта сайын əскердегі солдаттардың шаштарын алып тəжірибе жасайды. Ал «Тігін өндірісі жəне киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері қаладағы ательелермен келісім жасап, өзара тəжірибе алмасып отырады. Жалпы біздегі студенттерге бір айлық шəкіртақыдан бөлек, ай сайын тегін ыстық тамақ қарастырылған. Ол əр айдың сабаққа келу көрсеткішімен есептелініп, төленеді. Оқу орнына тек 9 сыныпты тəмамдаған оқушылар колледжге келмей-ақ электронды үкімет арқылы құжат тапсырып, оқуға түсе алады. Бізге көбінде жетім балалар үйінің тəрбиеленушілері, көп балалы отбасынан шыққан, тұрмысы төмен отбасының балалары оқуға түседі. Бізде ең ұзақ оқу жылы 2 жыл 10 ай болса, қысқа мерзімді оқу уақыты 1 жыл 10 ай. Бүгінде колледждің түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде, түрлі қызмет көрсету жəне өндіріс салаларында табысты еңбек етуде. Олардың кəсіби дайындығы мен еңбекке деген жауапкершілігі жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағаланады. Біз жыл сайын оқу бітіріп кеткен студенттермен
байланысымызды үзбей, қай салада жүргендігінен хабар алып отырамыз, – дейді Тараз сервис жəне технология колледжі директорының орынбасары Елдос Маханов.

Білім ордасында барлығы 80 қызметкер болса, оның 34-і – арнайы шебер мамандары, қалғаны – арнайы пəн мұғалімдері. Топтағы студенттер инклюзивті білім алатын оқушылармен бірге білім алғандықтан барлық баланы қамту үшін шеберханаларда сабақ екі ауысымда жүргізіледі екен. Мұнда маман тапшылығы да жоқ емес. Басшылық облыстық басқармадан сурдопедагог пен педагог-ассистент маманына сұраныс жасап отыр екен. Диагнозы күрделі балалармен жұмыс істеу үшін мекемеге арнайы мамандырылған білікті мамандардың қажеттілігі туыпты. Сондай-ақ оқу орны Түркия мемлекетіндегі «Armas» қонақүй желілерімен келіс сөз жүргізіп, 18 жасқа толған студенттерді тəжірибе алмасуға жібереді екен. Онда студент аспаздық, қонақ үй ісі, туризм саласы бойынша біліктілігін арттырумен қатар, алты ай бойына жұмыс істеп, қаржы табуға да мүмкіндік алады. Расында, аталмыш оқу ордасының базасында екі оқу корпусымен қатар өзінің спорт залы, ашық футбол алаңшасы мен аллеясы, студенттерге арналған жатақхана да бар. 80 орындық жатақханада 65 студент тегін жатады.

– Жатақханада өзге қалалардан келген студенттермен қатар көршілес Қырғызстан мемлекетінен оқуға түскен студенттеріміз де бар. Мұнда қыздар мен ұлдар бөлек орналастырылған. Оларға арнайы киім жуатын жер, жуыну бөлмесі, заман талабына сай бөлмелер мен асхана, көрме залы, акт залдары қарастырылған. Жатақханаға кіру кешкі 20:00-ге дейін. Барлық студент тəртіпке бағынады, – дейді жатақхана меңгерушісі Жадыра Бауыржанқызы.

Оқу орны өз шеберханалары мен шағын цехтарында дайындалған өнімдерді нарыққа шығып жатыр. Əр мерекеде білім ордасында дайындалған өнім көпшілікке таныстырылады екен. Сондай-ақ айтулы мерекелерде студенттер өз қолынан шыққан қол өнер бұйымдары мен аспаздық өнімдерді қарттар үйі мен жетімдер, балалар үйлеріне сыйға тартады. Əрине, осы толайым тірліктің барлығын жүйелі ұйымдастыра отырып, колледж өзінің негізгі міндеті, яғни сапалы білім беруге басымдық беруден танбайды. Себебі оқу орнының негізгі миссиясы – білімді шəкірт тəрбиелеу. Сондықтан Тараз сервис жəне технология колледжінің ұжымы қолға алған жаңа жобалар мен тың идеялардың барлығы жастардың еңбек нарығына қабілетті болуына ықпал етуде. Осы ретте колледжде білім алған жастардың басым көпшілігі қоғамда өз орнын тауып, таңдаған бағыты бойынша табысты еңбек етіп жүргенін айта кеткен жөн.

Бейресми деректерге сүйенер болсақ, елімізде NEET санатындағы 345 мың жұмыссыз жас бар екен. Олар жоғары жəне кəсіптік білім алмаған. Ал жоғары оқу орындарына жыл сайын шамамен 50 мың түлек ақылы негізде оқуға түссе, олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасында тəрбиеленген. Осы күрделі мəселені ескерсек, мемлекет тарапынан техникалық жəне кəсіби білім беруге үлкен қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Ал оның тиімділігін біз Тараз сервис жəне технология колледжінің жетістігіне қарап аңғардық. Ендеше, ұрпақ тəрбиелеуде өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан арнаулы орта оқу орнының алдағы алар асулары тағы биік болсын деп тілейміз.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.