Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыс жәрмеңкесі жастарға жол ашады

0 504

Еңбек нарығында қандай кадрларға сұраныс көп? Қай мекемелерде бос жұмыс орындары бар? Бірер айда қолға диплом алатын жас мамандарды толғандыратын сұрақтар осы. Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Бос жұмыс орындары: «Жас маман – 2022» жәрмеңкесі нағыз ізгенге – сұраған бағдар болды.

Жұмыс жәрмеңкесіне Дулати университетінде даярланатын мамандықтарға сәйкес өңірдегі ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары шақырылды. Жалпы биыл университеттен бакалавриат бойынша 2796 түлек түлеп ұшқалы отыр. Оның 1518-і педагог мамандар. Сондықтан жас мамандардың облыстық білім басқармасынан келген өкілдерге қояр сұрағы көп болғаны түсінікті.

Бос орындар жәрмеңкесі – еңбек нарығының мамандарға деген қажеттілігін айқындау үшін, жұмыс берушілермен және әлеуметтік әріптестермен байланыс орнатудың тиімді тетігі. Біздің мақсат – жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы керекті ақпарат алуына қолайлы жағдай жасау.

Университет тарапынан ұйымдастырылатын жұмыс жәрмеңкесі – жастар түлектер арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің жолы болып отыр десек, артық айтпаймыз. Өткен оқу жылында университетті 2491 студент тәмәмдап, олардың 77 пайызы жұмысқа орналасқаны – осы сөзіміздің дәлелі. Жыл өткен сайын статистикалық көрсеткіштердің оң сипат алып келе жатқаны қуантады, – деді жұмыс жәрмеңкесінің ашылу салтанатында Дулати университетінің инфрақұрылымдық дамыту жөніндегі проректоры Бекет Алиғожин.

Ақпарат алмасу үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілерге де берері көп. Мәселен, биылғы түлектердің 50 пайыздан астамы педагогтар. Ал өңірде маман тапшылығы бар аудандар бар. Жәрмеңкеге келген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов осы мәселелерді қозғады.

Дулати университеті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізуді дәстүрге айналдырғалы бері өңірдегі бірқатар ірі өндіріс орындары мен мекемелердің басшылары қолдау көрсетіп, бүгінде сенімді әлеуметтік серіктестерге айналды. Іс-шара соңында проректор Бекет Қабиденұлы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастығы үшін жұмыс берушілерге ризашылығын білдіріп, 10-нан астам әлеуметтік серіктесті Алғыс хаттармен марапаттады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.