Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

0 261

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жамбылдық журналистермен кездесті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Шаһар басшысы келелі мәселелердің түйінін тарқатып, қала көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері билік пен бұқара арасындағы алтын көпір екені белгілі. Сондықтан қаламгерлермен жүздесіп, еркін форматта ой бөлісуді жөн көрдім. Бүгінгі таңда қалаға қарасты округ тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып жүрмін. Олардың көтеріп жатқан мәселелерінің басым бөлігі ауыз су, жол сынды инфрақұрылымдарға қатысты болып отыр. Осыған орай биыл қала көлемінде 4 бағыттан тұратын Жол картасын әзірлеудеміз. Сондай-ақ үш жылдық жоспар түзілуде. Қала экономикасын көтеру бойынша да жарқын жобалар жандануда. Қақпасыз қала, жабайы жарнамамен күрес, атаусыз көшелерді ретке келтіру сынды мәселелер бірінші кезекте тұр. Тарихи һәм мәдени нысандардың халыққа қолжетімді болуы да басты назарда. Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына бағытталған баянды бастамаларымыз да бар. Мен үшін осы орайда халықпен етене жақын араласып, мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген журналистердің пікірі қашанда маңызды, – деді қала басшысы.

Журналистер тарапынан алдымен облыстық «Aq jol» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт сөз алып, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақты қайта жаңғырту туралы мәселені көтерді. Шаһар басшысы бұл мәселенің қала әкімдігінің назарында екенін айтып, алдағы уақытта ретке келтірілетіндігін жеткізді. Жиын барысында журналистер Ерман Әбдиев, Галина Выборнова, Бекнұр Сатыбалдиев, Шухрат Хашимов, Бақытжан Советұлы, Дәулет Төленді, Саятхан Сатылғанов, Анар Абдиханова көне қаланың біраз мәселелерін тілге тиек етіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Айтылған ой, қойылған сауал, ұсынылған пікірлер сан алуан. Бірін қала көшелерінің сүйкімсіз сиқы ойландырса, енді бірін бүгінде құрылысы тоқтап тұрған ғимараттардың жастардың суицид жасайтын орнына айналғаны толғандырды. Одан бөлек, жекеменшікке өтіп кеткен және тарихи маңызы бар ескі ғимараттарды қалпына келтіру, кесілмеген тал-дарақтар, қоршаған ортаның тазалығы да назардан тыс қалмады. Әкімнің айтуынша, қазірдің өзінде қойылған міндеттерді шешу үшін үш жылдық бағдарлама әзірленіпті. Оны жүзеге асыру барысында абаттандыру жұмысындағы кемшіліктер біртіндеп жойылып, жаңа жобалар енгізілмекші.

– Біздің қаланың 2000 жылдық тарихы бар. Сондықтан біз сәулетшілермен бірлесіп, қаланың тарихын бақылайтын біртұтас, ерекше дизайн жасаймыз. Қаланың келбетін модернизациялау кезінде жаңа технологиялар қолданылады, – деді өз сөзінде Тараз қаласының әкімі.

Ал Жамбыл облыстық «Arai» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді келер жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өтетін «Aq jol» мен ғасыр жасаған «Знамя труда» газеттеріне облыс орталығынан көше атын беруді ұсынды. Дәулет Төлендіұлы мұндай тәжірибе Астана, Шымкент пен Алматы, Түркістан қалаларында қолға алынғанын айтып, республикалық «Егемен Қазақстан» және «Жас Алаш» газеттеріне көше аттары берілгенін мысалға келтірді.

Шаһар басшысы БАҚ өкілдерін қашанда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Не десек те, елдің қамы үшін атқарылып жатқан игілікті істің тізгіні бұқара мен биліктің ортасындағы үйлесім тапқан ізгі ойында жатыр. Жұмыла көтерген жүктің ғана жеңіл екендігі анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.