Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жұлдызы жанған Жұмабек

0 63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» – деген еді.

Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен елдің құрметіне бөленіп, көне шаһардың көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі –  «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің демалыс орындары және көше тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы Жұмабек Сағындықов.
Кейіпкеріміз 1953 жылдың 15 наурызында Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке жақын болып өскен болашақ маман 1970-1973 жылдары Маңғыстау облысында отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтейді. Әскери қызметтен кейін туған өлкесінің дамуына үлес қосуды мақсат еткен Жұмабек елге оралып, еңбек жолын 1974 жылы «Билікөл» қой совхозында тракторист болып бастаған. Ауданда тәжірибесін шыңдаған маман 1981 жылы Тараз қаласына қоныс аударып, 1989 жылға дейін көне шаһардағы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» жүргізуші болып қызмет атқарған. 1989-1996 жылдары аралығында Т.Рысқұлов ауданындағы Жамбыл атындағы агроөнеркәсібінде қызметін жалғастырады. Ал 2002 жылы Таразға қайта табан тіреп, сол жылдың 1 наурызынан бастап осы күнге дейін жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы ретінде қызмет етуде.
«Еңбегі бардың өнбегі бар» дегендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында аймақ жұртшылығымен кездесіп, жиын барысында ел Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан үлесі үшін облысымыздың бірқатар азаматына мемлекеттік наградаларды табыстаған еді. Бұл қатарда жалпы жұмыс өтілі жарты ғасырдан асқан, ал «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінде табан аудармай ширек ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан Жұмабек Сағындықов та бар. Ол Мемлекет басшысының қолынан үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған болатын.
– Бұл марапатты мен Мемлекет басшысының тек өзіме ғана емес, барлық әріптесіме көрсеткен құрметі деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланып, біз сияқты қарапайым еңбек адамдарына көп көңіл бөлінді. Адал еңбек қана адамды биікке жетелейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. Сол сеніммен талай жылдан бері тазалық саласында табан аудармай еңбек етіп келемін. Уақыт өте келе маңдай тердің қадірін терең түсініп, еңбектің адамды шыңдайтынына көзім жетті. Өзің күтіп-баптаған, тазалығын сақтаған сүйікті қаланың айнадай жарқырап тұрғанын көрген сәтте бар ауыртпалық ұмытылып, жүрекке бір жылы қуаныш ұялайды.
Ұзақ жылдан бері бір мекемеде тұрақтап, бір мақсатқа адал қызмет ету – мен үшін үлкен өмірлік ұстаным. Қаланың тазалығын сақтау жолындағы қызметімді мақтан тұтамын. 480 мыңнан астам тұрғыны бар алып шаһардың тазалығына жауапты болу – зор сенім әрі үлкен абырой. Әр адам өз ісіне адал болып, бастаған жұмысын соңына дейін жеткізе білуі керек. Өйткені әр жұмыстың да өз қиындығы бар. Ол төзімділік пен сабырды талап етеді. Бұл – өмірдің бұлжымас заңы. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып, еңбектің қадірін түсінуге шақырамын. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру – нағыз еңбектің жолы емес. Адам баласы қандай істі атқарса да тұрақтылық пен жауапкершілікті серік етуге тиіс, – дейді тазалық сақшысы.
Бір отбасының тірегі аяулы жар, 6 баланы тәрбиелеп, 15 немере, 1 шөбере сүйіп отырған ардақты ақсақал, өз жұмысында міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын қызметкер ретінде ұжымдағы әріптестерінің үлкен құрметіне ие Жұмабек Сағындықовтың кеудесінде жарқыраған «Еңбек Даңқы» ордені – ұзақ жылдық еңбегінің жемісі.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуге тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.