Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұлдызы биік Жуалыдағы жарқын істер

0 315

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елді мекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту керектігін баса айтқан болатын. Бұл бүгінде мемлекеттің де алға қойған негізгі міндеттеріне айналып отыр. Осы бағытта жұлдызы биік Жуалыда атқарылып жатқан жарқын істер жан жадыратады.

Бүгінде Жамбыл облысының оңтүстік-батысында орналасқан ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Айталық, биыл өңірде құрылыс көлемі индикаторы 936,7 миллион теңгеге, яғни 120,5 пайызға орындалған. Мәселен, былтыр Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған. Бұл нысан ағымдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ Көлбастау ауылын да 149 орындық мәдениет үйінің жобасы әзірленіп, 2023 жылы құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Нәтижесінде, облыстық қазынадан 207 229,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жарияланған. Сонымен қатар аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы орталық мәдениет үйіне қосымша жапсарлас құрылыс салу жұмыстарына бюджеттен 63894,0 мың теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта жеңімпаз атанған мердігер «БекСтрой 2010» ЖШС-імен келісімшарт рәсімделген.
Баспана бақытына бөленгендердің де қарасы жыл санап артып келеді. Атап айтсақ, «Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы 3 қабатты 18 пәтерлі №2 белгі тұрғын үйдің құрылысын салу» нысаны бойынша «Бином» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, аталған ауылда 5 қабатты, 60 пәтерлі 10 үйдің әзірленген жоба сметалық құжаттамалары негізінде сараптамалық қорытындысы алынып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілген.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халқымыз. Расында, баспанасы бар жандардың шаңырағында бақыт шамы жарқырайтыны шындық. Десе де, нарық қос бүйірден қысқан бүгінгі қоғамда бір баспанаға қолы жетпей жүргендер баршылық. Ал пәтер жалдауға барлығының қалтасы көтере бермейді. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында облысымызда «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба Жуалы ауданында жемісті жүзеге асырылуда. Мысалы, 2022 жылы жоба аясында 26,5 миллион теңгеге 14 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл тағы 14 тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр екен. Оның ішінде 7 жаңа тұрғын үй құрылысы, 4 күрделі жөндеу жұмыстары және 3 сатып алынатын тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта жергілікті халықпен бірлесіп жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда халықтың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасап, салауатты өмір салтын ұстануына ерекше ден қойылуда. Бұл істен Жуалы ауданы да кенде емес. Осы мақсатта бюджеттен жалпы 199 712,0 мың теңге қаралып, Б.Момышұлы ауылында сауықтыру спорт кешенінің нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар Кәріқорған ауылында спорт ғимаратын реконструкциялау құрылыс жұмыстарына және Ертай ауылында сауықтыру спорт кешенінің жаңа құрылысына мемлекеттік сатып алу қорытындысы күтілуде. Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы Нұрлыкент, Ертай, Көлтоған және Қарасаз ауылындарында спорт сауықтыру кешені құрылыстарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілген. Осы орайда айта кетерлігі, бүгінгі күнге жалпы құны 10 786,4 миллион теңгені құрайтын 21 жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Оның ішінде 3 спорт, 2 мәдениет нысаны, 10 тұрғын үй, 4 инфрақұрылым және 2 канал бар.
Халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында осы екі мәселені бірінші кезекте шешу керегін баса айтып келеді. Жуалыда бұл бағытта атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Қазіргі таңда ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 36 елді мекен қамтылған, яғни 73,5 пайызды құрайды. Бүгінгі күні 2022 жылдан өтпелі болған, құны 427,7 миллион теңгені құрайтын Бәйтерек, Кәріқорған және Тасбастау ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ақтөбе ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жалпы құны 596 387,0 мың теңгені құрайтын жобаның сараптама қорытындысы 2021 жылдың 10 маусымында алынып, облыстық энергетика басқармасына бюджеттік өтінім берілген.
Жуалы жұртшылығы көгілдір отынның да қызығын көруде. Айталық, биылғы жылға Қошқарата ауылына кварталішілік газ кіргізу құрылыс жұмыстары 110,0 миллион теңгеге толық аяқталып, нысанды өткізу бойынша құжаттар рәсімделуде. Нәтижесінде аудан бойынша жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылу үлесі 45 елді мекен немесе тұрғындардың 97,1 пайызын табиғи газбен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар Жуалы ауданы тұрғындарын 2025 жылға дейін көгілдір отынмен 100 пайыз қамту мақсатында Қарабастау, Абдықадыр, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Бүгінгі күнге магистралды трассасы мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Әлемнің дамыған елдері үшін жол – жайлы орта құрудағы аса маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан қолайлы тұрмыстық орта құруға бағытталған инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Ауданның жол-көлік инфрақұрылымы да жыл санап даму үстінде. Мұндай істердің жүйелі жүргізіліп келе жатқанына тұрғындар да куә. Соңғы екі-үш жылдың өзінде бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жол қатынастары ыңғайлы бола түсті. Тек ауылішілік көлік жолдары ғана емес, елді мекендерді жалғайтын жолдар да жөнделіп, қатынас жеңілдеді.
Қазіргі таңда аудан аумағында автомобиль жолдарының ұзақтығы 561,2 шақырымды, ал олардың қанағаттанарлық жағдайы 75 пайызды құрайды. Осы орайда ағымдағы жылы барлық бюджет көздерінен 1 190,0 миллион теңгеге барлығы 34 жоба бойынша 52,494 шақырым автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 жобаға 714,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. Ал облыстық бюджеттен 146,4 мың теңгеге 4,324 шақырым, жергілікті қазынадан 157,5 миллион теңгеге 7,945 шақырым жол жөнделмек. Осының нәтижесінде аудандағы қанағаттанарлық жолдардың үлесі 84 пайызды құрайтын болады.
Халықты жұмыспен қамту да басты назарда. Ол үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде ауданда 2023 жылы жоспар бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 719 адамды тарту көзделіп, 5 айдың қорытындысымен 1 958 адамды құраған. Яғни жоспар 52,6 пайызға орындалған. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасына қатысуға онлайн форматында 404 адам өтінішпен жүгінсе, оның 262-сі оқуларын аяқтап, сертификаттарын алған. Сондай-ақ кәсіпкерлік бастамашылыққа қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды әлеуметтік осал топтар қатарындағы 73 азаматқа берілуі көзделіп, 18 қатысушыға жалпы сомасы 24 миллион 840 мың теңге қаражат берілген. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 740,0 мың теңге қаражат бөлінген.
Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында «Агронесиекорпорациясы» АҚ-на зерделенуге және мақұлдануға жастардың жалпы 23 бизнес-жобалары мен құжаттары жолданып, 14-і мақұлданған. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Ұлттық жоба» шеңберінде барлығы 128 азамат тартылса, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға облыстық бюджеттен 18 323,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, «Еnbek.kz» платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн-оқытуды ұйымдастыруға 171 адам қатысып сертификаттарын алса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 2 723 адамы бар 491 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, әлеуметтік көмек тағайындалған.
Ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құру өңірлік картасының жоспарына сәйкес 45 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып, барлығы жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы ақпараттық жүйесіне енгізілген. Осылайша, қазіргі кезде жоспарланған 189 жұмыс орнының 24-і ашылған.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1 500 (бір мың бес жүз) еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие 28 маманға 144 900,0 мың теңге, біржолғы көтерме жәрдемақыға барлығы 60 маманға 20 700,0 мың теңге қарастырылған. Ал 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы әлеуметтік қолдау шарасы 40 маманға ұсынылған. Былтыр 36 маманға 165,4 миллион теңге несие, 52 маманға 16 миллион көтерме жәрдемақы тағайындалған.
Кәсіпкерлікке қашанда кең қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023 жылдың 6 айында 4 жоба 95,5 миллион теңгеге қаржыландырылса, тағы 2 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Былтырғы жылы аудандағы елді мекен айналасынан 5-7 шақырымда орналасқан жалпы көлемі 13 590 гектарды құрайтын 95 жер телімі анықталып, қожалық басшыларымен ауылдық қоғамдастық мүшелерінің қатысуымен жиналыс өткізіліп, жер телімдерін мемлекеттік жер қорына қайтармай, ортақ пайдалануға беру туралы келісім алынып, пайдалануда. Ағымдағы жылы облыстық жер қатынастары басқармасымен 10 000 гектар жер телімін қайтару жоспары бекітілді.
Сонымен қатар үстіміздегі жылы аудан шаруаларының жайылым жерлерін ұлғайту мақсатында ауданға тиесілі жалпы көлемі 810,6431 гектарды құрайтын 13 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылған. Оның ішінде егістік – 193,27, жайылым – 557,3731, шабындық – 45, басқа жерлер – 15 гектарды құрайды.
2022-2023 жылдарға арналған жайылым жоспарына сәйкес және ауыл қауымдастық мүшелерінің келісімімен ауыл тұрғындарының бойдақ малдарын сыртқы жайылымға, ал қолда қалған сауынды төрт түлікті ауыл іргесіндегі жайылымда ұстау мақсатында жұмыстар атқарылып, бүгінде 5 901 бас мал орман жер қорына шығарылды. 2022 жылы елді мекен тұрғындарының мал жайылымына мұқтажын шешу мақсатында ауданның босалқы жер қорындағы жалпы көлемі 11 006 гектар болатын жайылым жер телімдерін ауылдық округтердің теңгеріміне беру туралы жерге орналастыру жобасын дайындауға қаржы бөлініп, 4 419 гектар жайылым жер телімдерін орналастыру жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта ауылдық округтердің елді мекендерге тиесілі жайылымдық алқаптар 15 425 гектарға ұлғаймақ.
Ауданда ауыл шаруашылық саласы да алшаң басуда. Мәселен, 2023 жылдың жартыжылдығында болжамды ауыл шаруа-шылығының жалпы өнімі 11 141,6 миллион тенгені құраған. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 53 508, қой-ешкі – 268 312, жылқы – 19 056, шошқа – 109, құстар 115 049 басты құрап отыр. Ал мал шаруашылығында тұрғындардың күнделікті табыс көзіне айналған сүт өнімін алатын болсақ, ауданда мүйізді ірі қараның аналық басы 24 956-ны құрап, өндірілетін бір күндік сүт көлемі 120 000 литрден айналуда. Оның ішінде 88 000 литр сүт өндеу зауыттарына өткізілсе, қалған 32 000 литрін халық өздері тұтынуда екен. Жалпы сүт көлемін 2,5 есеге арттыру үшін сапалы мал азығын дайындай отырып, әр сиырдан сауылатын сүт көлемін қазіргі 8-ден 15 литрге жеткізу көзделген. Осы мақсатта мал азығын (пішендеме, сүрлемдік жүгері) дайындау мақсатында құрылған кооперативтер және шаруа қожалықтар тарапынан да сүрлемдік жүгері дақылы егіліпті. Осылайша барлық егіс көлемі 600 гектарды құраса, күтілетін өнім 12 000 тонна сүрлемдік жүгері болып отыр.
Мал азығы дақылдары ауданда 34 190 гектарда орналасқан. Мал азығын дайындау жоспары келсек, пішен – 190 000, пішенде-ме – 18 000, сабан – 37 000 және сүрлем – 20 000 тонна. Ал бүгінгі күнге орылғаны 13 855 гектарға жетсе, дайындалғаны пі- шен – 14 585 (7,7 пайыз), пішендеме – 2 100 тонна (3,6 пайыз).
Суғармалы жерлерді қалпына келтіруге тоқталсақ, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 3 канал ұсынылды. Қалған 9 ішкі шаруашылық каналдар 2024 жылға жоспарлануда. Осы каналдардың ішінде Ақсай, Мыңбұлақ және Қызыларық ауылдық округтеріне қарасты 8 каналдың құжаттары дайындалған. Сонымен қатар иесіз шағын 17 шағын су тоғандары анықталып, алдағы уақытта құқықтық құжаттарына қаражат қарастыру көзделуде.
Су үнемдеу қондырғыларын ендіру бой-ынша «Дархан» шаруа қожалығы 38 гектар картоп алқабына тамшылатып суару қондырғысын орнатса, «Төлеген», «Мерсейіт» және «Мухиддин» шаруа қожалықтары жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуда.
Мемлекеттік қолдаулардың арқасында жуалылықтардың әлеуметтік жағдайы артып келеді. Бүгінде ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру және үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалану мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттік қолдаулар ұсынылып, тұрғындар өз кәсіптерін дөңгелетуде.
2019 жылы Ақтөбе ауылдық округінің 4 елді мекені аталған жобаға қатыстырылып, 5 бағыт бойынша жалпы 723 463 миллион теңге несие қаражаты беріліп, толық игерілген. 2021 жылы Ақсай ауылдық округіне қарасты 2 елді мекен тұрғындарына 694 526,2 мың теңгеге 92 несие беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Ал 2023 жылы І тоқсанда Жетітөбе ауылдық округінен 147 несиеге үміткер қатысып, 778 млн теңге қаражат алса, 46 үміткердің өтініштері-не оң нәтиже шығып, бүгінде қаражатын күтіп отыр. Бұдан бөлек, 51 адамның өтініштері қанағаттандырусыз қайтарылған. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Қызыларық және Қарасаз ауылдық округінің тұрғындары жоғарыда аталған «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға құжаттарын рәсімдеуде.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «КТ Жуалы» несие серіктестігі арқылы барлығы 39 шаруа қожалығына 453,260 миллион теңге, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруашылық 140,3 миллион тенгеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалығы 80 350 000 теңге жеңілдетілген несие алып, жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деген еді. Бұл меже Жуалы ауданында өз кезеңімен орындалуда. Әсіресе оқу орындарының қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінген. Айталық, өңірдегі 39 мектепте 808 камера орнатылып, 4 мектеп мамандандырылған күзетпен, 4 оқу ордасы турникетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ білім ошақтары телефон байланысымен қамтылып, кең арналы интернет желісіне қосылған.
Оқулықтар бойынша 2023-2024 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға облыстық бюджет есебінен 244 200 мың теңге бөлінсе, оларды тасымалдауға 1 500 мың теңге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, 9 орта мектепке 10 автобуспен 9 ауылдық округте 18 елді мекеннен жалпы 492 оқушы тасымалданады.
Биылғы жылы Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясына жапсарлас акт залы мен шеберхана кабинеттерін соғу-ға – 256 967,0 мың теңге және шатырына ағымдағы жөндеуге – 822,0 мың теңге, Кәріқорған ауылындағы Тұрсын Әкімов орта мектебінің шатырын ауыстыруға және модульді пеш орнатуға – 65 839,6 мың теңге, Шыңбұлақ ауылындағы Тұрар Рысқұлов орта мектебінің спорт залын жөндеуге 6357,0 мың теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар 2024 жылға №28 Амангелді орта мектебіне 418 149,0 мың теңгеге, Қ.Сағындықов атындағы №4 орта мектебіне 419 739,0 мың теңгеге және С.Сейфуллин атындағы №16 орта мектебіне 485 907,0 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы күтілуде.
Президент Жолдауда шегелеп жүктеген маңызды тапсырмалардың бірі денсаулық сақтау саласына қатысты. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Осы бағытта Жуалы ауданында 47 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Негізгі демографиялық көрсеткіштерге тоқталсақ, жалпы өлім-жітім 2023 жылы 5,8 пайызды, туу көрсеткіші 22,10 пайызды, табиғи өсім 16,21 пайызды, сәби өлімі 6,8 пайызды құраған.
Бұған қоса, 2023 жылға Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық ауруханаға 39 800,0 мың теңгеге жапсарлас құрылыс жұмыстарын мердігер «НұрТұрсын» ЖШС жүргізуде. Сонымен қатар Теріс ауылында 10 келушіге фельдшерлік-амбулаториялық пункт, Сұрым және Жылыбұлақ ауылдарында 5 келушіге арналған медициналық пункт ғимараттарының құрылысына жалпы құны 438 140,0 мың теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу қорытындысы күтілуде екен. Бұдан бөлек, 2024 жылға Ынтымақ, Талапты, Қызтоған, Көктас, Шымбұлақ, Қосмұрат, Бақалы, Жаңаталап ауылдарында 5 келушіге арналған медциналық пунктке, Б Момышұлы ауылындағы зертхана ғимаратына және Тасбастау, Ақтөбе ауылдарындағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.