Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұлдыз Әбдукәрімова балалардың не үшін өтірік айтатынын түсіндірді

0 339

Балалар не үшін өтірік айтады? Әрбір екінші ата-ананы мазалайтын бұл сауалға актриса Жұлдыз Әбдукәрімова жауап берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтуынша, баланы өтірік айтуға итермелейтін ата-ананың өзі. Актриса баланы әрбір шалыс басқан қадамы үшін жазалауға болмайтынын айтты.

«Бала не үшін өтірік айтады?! Жалпы, өтірік айтуға не итермелейді?! Шындықты айтсақ, жазаланамыз деп ойлайды. Таяқтан не жазадан құтылудың бірден бір жолы алдау деп түсінеді. Себебі біз баламыздың қателігін қатты қабылдаймыз. Оларға қателесуге мүмкіндік бермейміз. Қателік жасаса, айтар алғашқы сөзіміз – «Қазір таяқ жейсің!». Әлбетте, бала таяқ жегісі келмегендіктен, өтірікпен достасады.

Сондықтан балаңыз өтірік айтқанда, ашуланбас бұрын: «Ол мені неге алдап тұр?!» – деп өзіңізден сұраңыз. Қателесу – бала тұрмақ, ересек адамдарға да қалыпты жағдай. Себебі біз қателесіп барып, түсінеміз. Жығылып жатып, ұғамыз. Сүрініп барып, қайраламыз. Ал егер ата-ана баланың әрбір қателігіне тым қатал қарар болса, оның алға қарай жүруі, аяқ алысы ауырлап кетеді. Есейсе де, әр қателікті өзін-өзі жазалаумен өтейді.

Мұндай балалар болашақта жазасыз қалған әрбір қателігін мойнында арқалап жүреді. Жаңылысқан сайын өзін өмірдегі ең жолы болмайтын адамдай сезінеді. Ал сіз балаңызға осындай жазалаудан тұратын өмір сыйлағыңыз келе ме?!» – дейді актриса.

Әбдукәрімова бала қателескен жағдайда жазаның орнына не қолдануға болатынын айтты.

«Жалпы, бала тәрбиесінде «жазалау» деген сөздің өзі – қате. Жазаны күнәлілерге, айыпталушыларға береді. Ал бала бала болған соң шалыс басады, қателік жасайды. Себебі ол – бала. Сондықтан бала тәрбиесіндегі ең маңызды нәрсе – оның бала екенін ұмытпау керек. Баланың теріс іс-әрекетіне сабақ боларлық шара қолдануға болады. Шара балаға ауыр соққы боп, өкпе қалдырмайды. Мысалы, күнде кешкі астан соң ыдыс-аяқ жуу, ерте ұйықтау, жаңа сөз жаттау, жаттығу жасау, ауланы тазалау, т.б.» – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.