Күні кеше Алматыдағы ең қымбат мейрамханалардың бірінде Қайрат Нұртастың әкесі дүркіретіп туған күнін атап өтті, деп хабарлайды Экспресс К.
Туған-туыс, дос-жаран және қазақ эстрадасының жұлдыздары жиналған кештің басты кейіпкері — Нұртас Айдарбеков. Ол осы жылы 57 жасқа толған. Кезінде өнерге ғашық ұлына демеу беріп, қаржылай қолдау көрсеткен де өзі еді. Қазір шоу-бизнестің белді өкіліне айналған Қайрат Нұртас әкесіне алғысын айтты.
Мен әкеммен мақтанамын. Сіздің өміріңізді, сіздің абыройыңызды бізге берсін. Аман болыңыз, рақмет сізге, — деді Қайрат Нұртас.
Соңғы уақытта Айдарбековтер әулетіндегі тойларда төбе көрсетпейтін Жұлдыз Әбдукәрімова бұл жолы қайын атасының туған күніне арнайы келген. Ол 19 жасында дәл осы шаңыраққа келін болып түскен және осыдан 15 жыл бұрын Қайрат пен анасы гастролдік сапарда жүрген кезде үйде қайын атасының тәлім-тәрбиесін көргенін айтады. Бейнежазбаға зер салсақ, тұңғыш келінінің ерекше естелігі мен тілегін естіген Нұртас Айдарбековтың көңілі босап, жүрегі елжіреп кетті.
Ешқандай мектеп, ешқандай университет бермейтін сабақ, тәрбиені өзіңізден алдым. Ол — өмірдегі ең үлкен өз-өзіңе жауапкершілікті алу деген тәрбие. Сол үшін сізге мың алғыс. Анамызбен бірге қартаюды жазсын, — деді Жұлдыз Әбдукәрімова.
Күйеуін «Сұлтан Бейбарысқа» теңейтін Гүлзира Айдарбекова да бұл кеште отағасын жер-көкке сыйғызбай мақтады.
Жүзінен нұры төгіліп тұр. Өзінің сондай қайсар, дауыл сияқты мінезі бар. Бірақ бес минутта тарқап кетеді. «Жақсы адамның ашуы шәй орамал кепкенше». Жақын танысқан адамдарды бауырындай көріп, ешкімнің кеудесінен итермейтін керемет мінезі бар, — деді Гүлзира Айдарбекова.
Меншікті мерекесінде ең жақын жандардан жылы лебіз, жақсы сөз естіген Нұртас Айдарбеков туған күнді өзінің ақ тілегімен қорытындылады.
Бүгін маған алып келген тілек-ниеттеріңіз, ой-пікірлеріңіз өздеріңізге мың есе болып қайтсын. Тек жақсы күндерде қауышайық, баршаңызға рақмет, — деп тойдағы тілекті түйіндеді Қайрат Нұртастың әкесі.
Сондай-ақ бұл кеште Төреғали Төреәлі, Айқын Төлепберген, Жұлдыз Өмірғали, Өктем Алтаев сынды шоу-бизнес жұлдыздары да бой көрсетті.
Айта кетейік, Нұртас Айдарбеков пен Гүлзира Айдарбекованың тойда фонограммамен ән салып, ұятқа қалғаны туралы жазды. Сондай-ақ қыз ұзатқан атышулы продюсердің дауысы жұртты шошытқаны жайлы да материал жариялады.