Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, тотыдай таранған Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта көне шаһарда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Әсіресе, тұрғындардың тұрмысын түзеп, инфрақұрылым игілігін арттыру бағытында қолға алынған ілкімді істер көңіл қуантады. Бұған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Көне Тараз» кешенінің «Көрме орталығы» залында өткен баспасөз конференциясында тағы да көз жеткіздік. Басқосу барысында шаһар басшысы 2023-2024 жылдары және ағымдағы жылдың 10 айында атқарылған айшықты жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Қала экономикасы қарыштап келеді
Биылғы қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 19,3, инвестиция – 27,1, құрылыс жұмыстары – 35,8 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге өскен. Сондай-ақ бөлшек сауда – 100,5, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,1 пайызды құрапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауында жергілікті әкімдерге нақты тапсырған болатын. Оның ішінде инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Шаһар басшысының айтуы бойынша, бұл бағытта Таразда жемісті жобалар жүзеге асырылуда.
– Экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, нақты секторларға инвестиция тартуымыз қажет. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 395 жаңа жұмыс орыны құрылды. Ал ағымдағы жылдың есепті кезеңінде 17,1 миллиард теңгеге 12 жоба жүзеге асырылса, жыл соңына дейін тағы 5,4 миллиард теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 484 жаңа жұмыс ашылады деп күтілуде.
Инвестиция тарту жұмыстары ауыл шаруашылығы саласында да өз жалғасын табуда. Айталық, биыл асыраушы салада 4,6 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылса, жыл соңына дейін тағы 3 жоба бастау алады. Нәтижесінде 269 жұмыс орны құрылады, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Туризмнің түтіні тік ұшуда
Қазіргі таңда қалада 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орыны және 12 туристік нысан жұмыс істейді. Аталған нысандар инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Жүйелі жұмыстың арқасында ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында шаһарға 56 411 турист келіп, көрсеткіш 12,2 пайызға өскен. Сонымен қатар бұл салада 9,4 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланып, оның 2-і іске асырылыпты. Бұған қоса 1 жоба ағымдағы жылдың соңына дейін, тағы 1 жоба 2026 жылдың қазан айында пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ туризмді дамыту мақсатымен есепті кезеңде «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғаны ел игілігіне берілген. Жалпы, бұл саланың қанат жаюына жергілікті бизнес өкілдері де үлкен үлес қосып отыр. Соның нәтижесінде бүгінгі күні қонақүйлер желісі кеңейіп, мейрамханалар, тамақтану орындары ашылуда, демалыс аймақтарының құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпкерлікке – кең қолдау
Шаһар басшысы брифингте кәсіпкерлік саласын да назардан тыс қалдырмады. Айталық, Тараз қаласында бүгінде жалпы 49 867 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың саны 5 981 бірлікке артқан. Нәтижесінде биыл шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған азаматтар саны 76 683 адамды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға өскен. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы шаһар бойынша 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар жыл басынан бері 6 мейрамхана мен дәмхана, 21 дүкен, 2 монша, 6 қонақ үй, 10 сауда орталығы, 4 ойын сауық орталығы және 1 дәріхана ашылып, жұмысын бастапты.
Жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүруде
Бүгінде облыс орталығында әлеуметтің әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздықты жою мақсатымен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Басқосу барысында қала әкімі осы бағытта атқарылған оңды істерді де тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл жүйе мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар азаматтарға қызметтерді проактивті форматта, өтінішсіз рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл цифрлық платформа мұқтаж адамдардың отбасының әл-ауқатының деңгейін 5 санатқа бөлді. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі дағдарысты, күнкөріс деңгейінен төмен «D», «Е» санатындағы 706 отбасының азаматтарын жоғары санаттарға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Есепті кезеңде ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 851 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға өсті. Бұл бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» дайындалып, бүгінге нақты 17 272 жұмыс орыны ашылды. Сондай-ақ 365,2 миллион теңгеге 5 688 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өмірлік қиын жағдайға тап болған қолдау көрсету бойынша қолға алынған ілкімді істер жайлы да баяндады.
– Өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдау көрсету мақсатымен «Отбасын қолдау орталығы» құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасыны сақтау, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға түрлі қолдау көрсету. Жыл басынан аталмыш мекемеге 2 120 отбасы жүгініп, олардың 1 054-іне жеке жоспар әзірленсе, 1 026 жанұя бойынша тиісті жұмыстар аяқталды. Осы орайда «Қаратау» шағынауданында бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеу арқылы «Отбасын қолдау орталығына» пайдалануға беруді көздеп отырмыз.
Сондай-ақ демеушілер есебінен Төле би даңғылы, №49/1 мекенжайындағы бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының игілігіне беру үшін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл да – мемлекетіміздің алдымызға қойған міндеттерінің бірі, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Сондықтан әр азамат өз баспанасына қол жеткізуді мақсат тұтады. Қазіргі таңда пәтер алу кезегіне қалада 30 мыңнан аса тұрғын тіркелген. Аталған мәселе облыс орталығында кезең-кезеңімен өз шешімін табуда.
– Ағымдағы жылы қала аумағында бюджет есебінен 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мәселен, «Шапағат» (16) шағынауданында бой көтерген 16 үйдің 12-сі пайдалануға берілсе, қалған 4 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ал «Ұлы дала» (15) шағынауданында 22 үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, оның 10-ы пайдалануға қабылданды. Сондай-ақ «Балауса» (14) шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Бұдан бөлек, А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігерлер анықталды. Бұл құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастауды жоспарлап отырмыз, – деген шаһар басшысы жер кезегіне тұрған азаматтардың да мәселесіне назар аударды.
Атап айтсақ, Тараз қаласында жер кезегіне 2005-2025 жылдар аралығында 130 352 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» тұрғын алқабынан 125 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынып, инфрақұрылымдар жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан – 524, ал А.Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі кезекте тұрған жандарға кезек реттілігіне сәйкес берілмек.
Жаңғырған үйлер – шаһар шырайы
Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы шұрайлы шежіресімен қоса, шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бұл, бір жағынан, көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды.
Бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның 151-і – барак типтес, 1 287-сі – екі қабатты және одан жоғары үйлер. 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асуы өзекті мәселе болып отыр. Оның 563-і күрделі жөндеуден өтсе, ал қалған 540 үй жаңғыртуды қажет етеді.
Биыл 73 үйді күрделі жөндеу үшін Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Ал биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 15 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түсті. Ал келер жылы Ы.Сүлейменов көшесі бойындағы 16 үйді жаңғырту көзделіп отыр.
Үш жылда 474 көшеге асфальт төселді
«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков өз қызметіне кірісе сала жолдардың жағдайына ерекше екпін түсіргені белгілі. Бұл мәселе қаланы өркендетуге бағытталған үш жылдық даму жоспарында да айқын көрініс тапқан.
Мәселен, 2023 жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 147 көше орташа жөнделсе, өткен жылы ұзындығы 86,7 шақырымды құрайтын 120 көше көше қайта жаңғыртылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр.
– Биыл 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдары «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Сонымен қатар ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолы төселді. Бүгінде Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, Қолбасшы Қойгелді және А.Асқаров көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары әлі жалғасуда.
30 жылдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75, «Барысхан» алқабындағы 24 көшеге асфальт төселіп, жұмыстар толығымен аяқталды. Жалпы, соңғы 3 жылда бұрылыс, тұйықтарды қоса есептегенде қалада 474 көшеге асфальт төселіп, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Осы ілкімді істерді келер жылы да тоқтатпай, 28 саяжай арқылы өтетін орталық көшені, қалаға батыстан кіре беріс көшені және Жауғаш батыр көшесін қайта жаңғыртудан өткізуді көздеп отырмыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 3 жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,6 пайыздан 74,5 пайызға дейін артатынын баса атап өтті.
Қоғамдық көліктердің саны көбейді
Жолаушылар тасымалы да тараздықтарды жиі алаңдатады. Көне шаһардың көкжиегі кеңейіп, жолаушылар саны артқан сайын қала ішіндегі тұрғындардың қоғамдық көлік қызметіне деген сұранысы артып келеді. Қаланы өркендетуге бағытталған үш жылдық даму жоспарында да бұған ерекше мән берілген. Аталған жоспарға сәйкес, жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Нәтижесінде 2023 жылы – 73, 2024 жылы 155 автобус жеткізілді. Биылдың өзінде 81 автобус әкелінсе, жыл соңына дейін тағы 10 қоғамдық көлік алу жоспарлануда. Осының арқасында қоғамдық көліктердің саны 330-дан 502 бірлікке дейін артты. Қосымша 13 бағыт қосылып, олардың саны 45-ке жетті. Жаңадан жұмысын бастаған №3, 50, 62 және №37 маршруттар арқылы Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендердің мәселесі шешімін табуда. Алдағы уақытта қосымша тағы 5 жаңа маршрут ашу жоспарда бар. Осылайша үш жылға көзделген меже мерзімінен бұрын асыра орындалып отыр. Жалпы, шаһар аумағында бүгінгі күні 45 жолаушы бағытында 8 тасымалдаушы мекеме үздіксіз қызмет көрсетуде.
Баспасөз конференциясы барысында Бақытжан Әмірбекұлы білім, мәдениет, спорт, салық, көлік-логистика, ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, жылу желілерін жаңғырту, қаланы көгалдандыру бойынша байлауын тапқан берекелі істерге де кеңінен тоқталып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған өзекті сауалдарға да тұшымды жауаптар берді.