Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйелі жұмыстар жалғасын табады

0 317

Терең әрі бай тарихы дәуірлерді қамтитын Тараз шаһарының келбеті күн санап көркейіп, тіршілік тамырына қан жүгіріп, уақыт өткен сайын даму қарқыны үдеп келеді. Өткен жылы қалада ауыз толтырып айтарлықтай үлкен шаруалар атқарылғанын көз көріп, көңіліміз толып жүр. Тындырымды тірліктің басынан табылған қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жұмыстары ауқымды. Осы орайда ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова жыл бойына жүргізілген жұмыстың нәтижесін баяндады.

– Ұлана Сламбекқызы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының Тараз қаласында жүзеге асырылу барысы туралы айтып өтсеңіз.


– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында қалалық жұмысшы топ құрылып, қала әкімдігінің ғимаратында арнайы жабдықталған «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Мақаланың негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда 2017 жылы облыстық жобалық офиске 25 жоба ұсынылды. Олар: «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 8 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 8 жоба, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 9 жоба. 2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Жобалардың барлығы іс-шаралар ретінде жүзеге асырылуда.

– Аталған жобаларды іске асыруда қала азаматтарынан қандай да бір көмек бар ма?


– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында қала кәсіпкерлері шаһарымызды көркейту және инфрақұрылымдарын жақсарту жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге де өз үлестерін қосуда. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде «Тараз» футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін оқу грантына – 51 миллион теңге, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров «Мыңбұлақ» мөлтекауданында әмбебап спорттық кешенінің құрылысына – 10 миллион, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаев мұқтаж отбасына 2 бөлмелі 1 пәтердің құрылысына – 12 миллион теңге, «Атшабар» скверін абаттандыруға 224,0 миллион теңге, «Альтаист групп» ЖШС-нің президенті Әлібек Жұмабаев «Баласағұн» музейінің құрылысына – 67 миллион теңге, аз қамтамасыз етілген отбасыға 1 бөлмелі 1 пәтердің құрылысына –12 миллион теңге, Темір жол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға 150 миллион теңге, Кардиохирургия орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев 800 науқасқа тегін тексеруге 4,250 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетіп отыр.
Өткен жылы «Самал» мөлтекауданында №25, 30 үйлердің ауласына қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан 10 миллион теңгеге бейнекамералар орнатса, депутат Жұмабек Бөлекбаев 10 миллион теңгеге спорт алаңшасын салу мақсатында орыны мен бөлінетін жер телімдерінің топотүсірімдерін дайындады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында бокстан кәсіпқой Әлем чемпионы Фируза

Шарипова өз бастамасымен жеке автокөлігінің кілтін Тараз қаласында тұратын Жолдыбаевтар отбасына табыс етті.
Бұл жұмыстың нәтижесі қуантарлық, 7 меценат «Жомарт жүрек» сыйлығының әр түрлі номинациясы бойынша лауреат атанды.

– Аталмыш бағдарламаға мәдениет ошақтарының және кітапханалардың қосып жатқан үлесі қандай?


– Әлбетте, кітапханалардың өркениет көшіне ілесуі қазіргі таңда ең үлкен мақсат, ең үлкен мәселе болуда. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында Абай атындағы орталық кітапханасында заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру бағытында Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып «Коворкинг орталығы» ашылды.
«Коворкинг орталығында» көптеген бiрлесе және жеке жұмыс iстеуге арналған орындар құралып, Wi-Fi жылдам интернет жүйесі қосылған. Ыңғайлы жұмыс жасау үшін орталықта әртүрлі аймақтар кітапханалық жабдықтармен және жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген.


Цифрландырылған ақпараттық орталық ретінде электронды зал жұмыс істейді. Мақсаты мен міндеттері: электронды мәлімет базаларына (ЭМБ) толық қолжеткізу ұйымдастырылған. Заманауи компьютерлік технологиялар негізінде оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет тегін көрсетіледі және олардың кітапхананың мәлімет базаларымен жұмыс жасауға, авторлық құқығымен сақталатын басылымдарды қарауға мүмкіншіліктері бар. Кітапхана пайдаланушылары мен қызметкерлеріне арналған шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізіліп, кеңес берілуде. Мұндай Цифрландырылған ақпараттық орталықтар М.Әуезов атындағы және №5, №6 кітапханаларда да ашылып, жұмыстар атқарылуда.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қандай жұмыстар атқарылды?


Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру мақсатында өткізілетін іс-шаралардың оқиғалар қатары әзірленіп, 2018 жылы 90 іс-шара өткізіліп, 8 000-нан аса қала тұрғыны қамтылды.


2019 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын орындау мақсатында облыстық жобалық офиске 9 жоба мен іс-шаралар ұсынылды. Биылғы жылы киноматография саласы бойынша «TARAZ FILMS SCHOOL» арқылы жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. «TARAZ FILMS SCHOOL» 2017 жылдың қараша айынан бастап белсенді жұмыс атқаруда және бүгінгі таңда 40-қа жуық студент білім алып, олардың көбі өңірлік кинофестивальдердің жеңімпаздары атанды.

– Өзіңіз білетіндей, мемлекеттік саясатты жүргізуде өңірлік БАҚ-тың үлесі зор. Бұл ретте қаламызда қандай шаруалар қолға алынуда?


– Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін, жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін ақпараттық қамтамасыз етуде. 2018 жылы қаланың тыныс-тіршілігі туралы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 101 материал, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында 836 материал жарияланды. Қазіргі уақытта Тараз қаласы әкімдігінің (taraz-gov.kz), Жастар ресурстық орталығының (zhastar-taraz.kz), қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің (z-taraz.kz) ресми сайттары жұмыс істеуде. Тараз қаласы әкімінің ресми сайтында ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының 16-бабына сәйкес әкімдіктің қызметі туралы жалпы ақпарат, қала тарихы туралы, қала әкімінің блог-тұғырнамасы, Елбасының Жолдауы, мемлекеттік рәміздер атты арнайы парақтар ашылып, жаңалықтар, әкімдіктің бөлімдері туралы мәліметтер, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, экономика, бюджет, саясат, бос мемлекеттік орындар рубрикалары орналасқан.

– Ал әлеуметтік желіде қала ақпараттарының қамтылуы қалай?


– «Facebook.com» әлеуметтік желісінде «Жамбыл-Тараз. Не? Қайда? Қашан?», «Тараз қаласының әкімдігі» атты парақшалар ашылып, қалада атқарылып жатқан іс-шаралар, жұмыстар туралы ақпарат үнемі жарияланып тұрады. Бүгінгі таңда 10000-ға тарта адам осы парақшаларға тіркелген және өздерінің сұрақтары мен пікірлерін білдіріп отырады. Парақша әкімдік тарапынан үнемі бақылауда, түскен сұрақтар бойынша тиісті бөлімдердің жауаптары, атқарылған іс-шаралар туралы мәліметтер дер кезінде әлеуметтік желі бетінде жарияланады.

– Бүгінгі таңда қала бойынша тіркелген діни бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қандай?


– Тараз қаласында 4 конфессия бойынша 63 діни бірлестіктер, филиалдар мен намазханалар тіркелген.


Жастар ресурстық орталығы жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру және діни сауаттылығын арттыру мақсатында 42 кездесу, 14 «дөңгелек үстел» отырысы, 2 кеңес беру алаңы, 9 сауалнама, барлығы 67 іс-шара ұйымдастырып, 3 387 қала жастары қамтылды. Аталған іс-шараларда дін тұрғысынан қажетті мағлұматтар беріліп, діни білімсіздіктің экстремизмге жетелейтін себеп-салдары туралы толық түсіндіріліп, сауалдарына жауап берілді.
Қала тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасын түсіндіру мақсатында 2018 жылы 133 ақпараттық-түсіндіру (кездесу) жұмыстары жүргізіліп, 5 839 қала тұрғындары қамтылды.
2019 жылы қала әкімінің өкімімен 7 қалалық ақпараттық-түсіндіру топтары қайта құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.


Іс-шаралар жоспарына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау, спорт, шағын және орта бизнес салалары мен шет аумақтың тұрғындары арасында 120 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.


Сонымен қатар, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды заңсыз сатылуына жол бермеу, рұқсат құжатсыз салынып жатқан діни бірлестіктер мен филиалдар ғимараттарын және тіркелмей жұмыс атқаратын намазханаларды анықтау мақсатында тұрақты зерделеу жұмыстары жүргізілуде.


Аталған бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда.

– Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жүйелі ме?


– 2016 жылдан бастап, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабы 5-тармағына сәйкес мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері нысанында, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделмеген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға жыл сайын есептік мерзімнен кейін әр жылдың 31 наурызына дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәлімет жіберу міндеттелді.


Жоғарыда аталған мәселе бойынша жыл сайын қалалық ішкі саясат бөлімінің тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, байланыс телефондарына хабарласып, интернет ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат беріліп, ауқымды жұмыстар жүргізіледі.
Алайда ішкі саясат бөлімінің тарапынан жыл сайын тиісті жұмыстар жүргізілуіне қарамастан, 2017 жылы дерекқорға өздерінің қызметі жайлы мәліметтерді 169 үкіметтік емес ұйымдар өткізген болса, 2018 жылы әрекетті 369 үкіметтік емес ұйымдардан тек 174-і ғана ұсынған.

– Биыл – Жастар жылы. Өткен жылды қорытындылай отырып, жоспарларыңызбен де бөліссеңіз.


– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады.


Бүгінгі таңда Жастар жылына орай арнайы жоспар бекітіліп, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге, кәсіпкерлікті дамытуға, ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып патриоттық тәрбие беруге, олардың басқа да бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда.


Атап айтқанда, жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Тараз тарланы – 2019» атты қалалық патриоттық байқау, «Жүректе жеңіс әндері…» атты әндер байқауы, «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» жас патриоттар форумы, «Білімді жастар – ел болашағы!» атты қалалық жастар конференциясы, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар» атты квест ойыны, «STREET WORKOUT» спорт түрінен қалалық чемпионат, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында түрлі семинар-тренингтер мен «Орталық Азиядағы жастар кәсіпкерлігін дамыту» атты бизнес тренинг, жастар шығармашылығын қолдау мақсатында «Жас өнертапқыш» атты байқау, «Менің сүйікті қалам!» атты вайнерлер арасында байқау ұйымдастырылмақ. Тараз қаласында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына 370 жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарлануда.


Жастар ресурстық орталығының жанынан «Темірқазық» еріктілер қозғалысы құрылып, бүгінгі таңда аталған қозғалысқа 100-ге жуық арнаулы орта оқу орындарының белсенді жастары тартылған. «Темірқазық» еріктілер қозғалысының жұмысын одан әрі жандандырып, биылғы жылы ұйымдастырылатын ауқымды іс-шараларға белсенді атсалысады деп күтілуде.

– Елімізде латын алфавитіне көшу жұмыстары қолға алынғалы көптеген мекемелердің атауларында өзгерістер жүріп жатыр. Бұл өзгерістің мемлекеттік рәміздерге де тікелей қатысы бар. Бөлім тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?


Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес қаладағы мекемелерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуы мен қолданылуына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, аталған бағытта арнайы семинар-кеңестер тұрақты өткізілуде.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптар» ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Мемлекеттік елтаңбадағы бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды.
Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңі болып белгіленді.
Осыған орай, мемлекеттік органдар мен ұйымдар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде елтаңбаларды сатып алуға қаражат көздерін қарастыру қажет.


Латын графикасымен жазылған мемлекеттік Елтаңба жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелерінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, аумақтық департаменттер мен басқармаларда 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін толықтай ауыстырылуы тиіс.
Аталған мәселе бойынша қаладағы мекемелерге арнайы ескерту хаттар жолданылды.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Думан САХИ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.