Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйелі жұмыс жетістікке жетелейді

0 271

Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен тетіктер іске асырылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта облысымызда атқарылған ілкімді істер аз емес.
Қазіргі таңда облыс халқы 1,2 миллион адамды құраса, оның 258 мыңнан астамы немесе 22,4 пайызы жастар. Олардың 96 786-сы қалада, 161 378-і ауылдық елді мекенде тұрады.
Биыл Тараз қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтары мамандарымен NEET санатындағы жастарды анықтау бойынша адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша 254 345 жастың әлеуметтік картасы жасалды.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметіне сәйкес, облыста NEET, яғни жұмыссыз, оқымайтын жастардың үлесі 2022 жылдың ІІ тоқсанында 7,5 пайыз, яғни 19 362 жасты құраған. Аталған санаттағы жастардың тізімі облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолданды.
Тараз қаласы мен аудандық жұмыспен қамту орталықтары тізім бойынша жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып, ағымдағы жылдың ІІІ тоқсаны бойынша NEET жастардың үлесі – 7,1 пайыз, яғни 18 329 жасты құрады. Яғни NEET санатындағы 1 033 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
NEET санатындағы жастардың базасын жүйелендіру және жұмыс сапасын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұсынысымен республика көлемінде алғаш рет автоматтандырылған электронды деректер базасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба облыс әкімінен қолдау тауып, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе әзірленетін болады. Жоба құны шамамен 5-10 миллион теңгені құрайды.

NEET санатындағы жастардың автоматтандырылған электронды деректер базасын іске қосу арқылы олардың деректерін енгізу жұмыстары автоматтандырылады. Яғни Тараз қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтарында бекітілген мамандар өздеріне берілетін кілт арқылы кіріп енгізе алады. Сондай-ақ әр өңірдің NEET жастармен жүргізген адрестік жұмыстарының шынайы картинасын көріп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту нәтижесін жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарымен енгізу мүмкіндігі туындайды. Соның нәтижесінде біздің басқарма жүйені орталықтан бақылап, мониторингін жүргізіп отырады. Жастарды мерзімді жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы жұмыс тиімділігі артып, жеке деректердің қолдан-қолға тарауының және жалған ақпаратпен артық есептіліктің алдын алады. Сонымен қоса NEET жастармен жұмыс жүргізудегі жергілікті жерлердегі әкімдіктердің жұмыс нәтижесі нақты көрінеді. Жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде.
Жалпы өңірімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрап отыр. Осыған орай жастардың жұмыссыздығымен күрес күшеюде. Биыл 21 838 жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 25 588 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, яғни жоспар асыра орындалды. Оның ішінде 7 798 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 330 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 525 жас онлайн оқытуға, 1 738 түлек «Жастар практикасына», 189-ы әлеумет- тік жұмыс орындарына жолданып, 1 888-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, 30 жас «Ұрпақтар келісім шартына», 179 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, сондай-ақ 11 391-і «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберіліп, 1 520 жас 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алды. Бұл гранттар облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен берілуде.

Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға және дамытуға өтеусіз берілетін бастапқы капитал. Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификаты бар азаматтар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үміткер бола алады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әзірленген Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында бюджеттік, инвестициялық жобалар шеңберінде және Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба негізінде 84 мыңға жуық жұмыс орнымен қамту көзделген. Жоба биылдан бастап іске асырылуда. Аталған даму жоспары аясында 2025 жылға дейін 60 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Сонымен қатар жыл басынан бері 75 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 4 799 жұмыссыз қатысты.
Жәрмеңке қорытындысымен 1 323 адам тұрақты жұмысқа жолданды. Оның 238-і жастар. Ал 492 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілсе, оның 16-сы жас азаматтар.
Ауыл шаруашылығы саласында да жастарды қолдаудың тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыс әкімінің бастамасымен өңірімізде іске асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында әр ауданның бір ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысамын деген 18-60 жас аралағындағы азаматтарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген тәртіпте несие берілуде. Сол себепті жастардың да осы жобаға қатысып, несие алуына мүмкіндігі бар. Аталған жобаға 2023 жылға 11,5 миллиард теңге қарастырылған. Жоба аясында әр ауданның екі ауылдық округінде несиелендіру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар берілуде.
Өтінімдерді қабылдау кәсіпкердің тіркелген жері бойынша жүзеге асырылады және үкіметтік «Qoldau.kz» веб-порталы арқылы электрондық нысанда бекітілген нысан бойынша өтінімді және конкурстық құжаттаманың толық пакетін қабылдайды.
Конкурстық құжаттамалар 2022 жылдың 1-15 қазан аралығында жүргізіліп, конкурстық комиссияның дауыс беру қорытындысы бойынша 5 жоба жеңімпаз деп анықталған. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан екі кәсіпкер осыған қол жеткізді.
Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамасын арттыру және қолдау мақсатында шағын несиелеу шарттары қарастырылуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие берілетін болады. Қазіргі уақытта ережелер жобасы әзірленіп, құжат Ашық НҚА порталында жарияланған.
Жеңілдетілген тәртіппен шағын несиелеудің негізгі шарты – кепілдің болуы. Бірақ жылжымайтын мүліктің болуы міндетті емес. Несие сомасы 5 жылға дейінгі мерзімге 5 миллион теңгеге дейін беріледі деп жоспарлануда.
Ал ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға арналған қарыз 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «Демалыс кезеңі» беріліп, яғни осы уақытта олар ай сайынғы жарнаны төлеуден босатылатын болады. Жоба операторы ретінде Аграрлық несие корпорациясы анықталған.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 502 маманға 153,7 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы және 290 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасымен жетістікке жеткен жастарды қолдау және жылдың үздік жастарын ынталандыру мақсатында «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығы да ұйымдастырылуда. 29 жасқа дейінгі азаматтар 15 номинацияның біреуіне үміткер болып, бақ сынай алады. Одан бөлек, биылдан бастап «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты іске асырылуда.
Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау.
Конкурсқа Жамбыл облысының 18-29 жас аралығындағы жастары қатыса алады. Грант сомасы әр жеңіп алушыға 500 мың теңгеден, жалпы 7 500,0 мың теңге беріледі. Жоба аясында 7 бағыт бойынша15 грант үлестірілмек.
Сонымен қатар бүгінгі күні Жамбыл облысының 2023-2025 жылдарға арналған «Ұлттық құндылықтар және Руханият. Терең білім. Еңбекқорлық. Отаншылдық» тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдама аясында бірқатар кешенді іс-шаралар көзделген.
Кешенді іс-шаралардың «Еңбекқорлық бағыты» аясында 2023-2025 жылдар аралығында «JAMBYL StartUp» жас ғалымдарды, сондай-ақ стартап-жобаларды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асырмақ.
Ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген 116,4 млн теңгеге 1 765 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Аталған бағыттағы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары және кәсіптік-техникалық оқытулар келесі жылы да өз жалғасын табады және облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасымен нақты индикаторлар бекітіліп, жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторинг жасалып келеді.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету де – басты назарда. Облыс әкімінің қолдауымен басқарма тарапынан облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 50-ге жуық жасты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінді. Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін болса, несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме де, бастапқы жарна да 5 пайыз мөлшерінде. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы қатысады және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Бағдарлама аясында 619 өтінім қаралып, 67 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама берілді.
Бүгінгі күнге «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 29 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 15 қатысушы бағдарлама аясында баспаналы болды, 3 қатысушыға несие берілу үстінде. Ал 11 үміткер тұрғын үй іздестіруде. Ал 10 қатысушының өтінімі банктің қарауында тұр.
2023 жылы бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалымен бірлесе қаржыландыру арқылы қаражат көлемін 2 миллиардқа дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта бағдарлама шарттарын оңтайландыру мақсатында бағдарлама ережесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жастардың идеясын жүзеге асыру және шығармашылығын арттыру үшін Шу қаласында жастар ресурстық орталығы ашылды және Талас ауданы, Қаратау қаласында дәл осындай мекеменің бөлімі жұмысын бастады.
Бүгінгі күні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталықтарының жанынан волонтерлік топтар құрылған. Сонымен қатар «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен облыста «Қамқор» әлеуметтік дүкендері ашылып, өз жұмысын жалғастырып келеді.
Тараз қаласында халық көп шоғырланатын «Mart», «Халық», «Ирис» және «Айрылмас» сауда-ойын-сауық орталықтары мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылып, қала тұрғындарының ізгі амалға атсалысуына жағдай жасалған.
Дәл қазіргі сәтте облыс аумағында 10 қайырымдылық дүкені жұмыс істеуде.
Қайырымдылық дүкендері жұмысының мақсаты – жастардың, волонтерлердің бойындағы адамгершілік пен мейірімділік сынды қасиеттерді ояту арқылы мұқтаж жандарға киім-кешектер үлестіру, түрлі акциялар ұйымдастыру. Дүкен сөрелеріндегі заттардың басым көпшілігі – халықтан жиналған киімдер. Бұлар өңделіп, қайта қалпына келтіріліп, мұқтаж жандарға үлестіріледі. Сонымен қатар дүкендердегі тауарлар қорын кеденде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер де құрайды. Бір уақытта брендтік дүкен желілерінде өтпей қалған, қалып кеткен киімдерді кәсіпкерлермен келісу арқылы да алған болатынбыз.
Әлеуметтік дүкеннің тұтынушылары мұнда отбасының барлық мүшесіне арналған киімдерді таба алады. Әрі көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың азаматтар алған тауарлары үшін ешқандай ақы төлемейді. Бастысы, бір адамға бірдей киімнің екі үлгісін алуға болады.
Тараз қаласының өзінде әлеуметтік дүкеннің 1 000-ға жуық тұрақты тұтынушысы бар. Дүкеннен киім-кешек немесе тұрмыстық заттарды алу үшін бар болғаны жеке куәлік керек.
Дүкен тұтынушыларына 1 дүкен қызметкері тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Ал заттарды сұрыптау мен тазалауға еріктілер қол ұшын созады. Бір адам дүкенге айына бір рет қана келе алады. Соған сай тұтынушылардың электронды базасы жасақталған. Базадан тұтынушылардың қашан және қандай киім алғандығын көруге болады.
Жалпы қайырымдылық дүкендері ашылған 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 46 мың тонна киім-кешек үлестірілген. Биылдың өзінде 1 тонна киім-кешек 1 000-ға жуық адамға үлестіріліп отыр.
Әлеуметтік дүкеннің заттары өңір тұрғындарымен бірге алдыңғы жылдары Арыста болған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге де жіберілген. Сонымен қатар Мақтаралда орын алған су тасқыны кезінде де үйін, дүние-мүлкін су басып қалған тұрғындар Жамбылдағы қайырымдылық дүкендері арқылы киім-кешекпен қамтамасыз етілген.
Бүгінде Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесі, 16 үй мекенжайында қайрымдылық дүкені жұмыс істеп тұр. Енді мұндай дүкендердің облыс орталығындағы санын келесі жылы арттыруды жоспарлап отырмыз.
Алдағы уақытта дүкендер саны көбейсе, тұтынушылардың саны да артатын болады. Сондықтан демеушілерді, тұрғындарды киім-кешектер мен балаларға арналған ойыншықтар мен өзге де заттар болса, біздің дүкенге алып келуге шақырамыз.
Бұдан бөлек, басқарманың, облыстық және Тараз қаласы мен аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Рухани-адамгершілік», «Әскери-патриоттық», «Спорттық», «Мәдени шығармашылық», «Құқықтық», «Діни», «Психологиялық-танымдық», «Жастарға кеңес беру», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бағыттары бойынша өңірімізде мемлекеттік жастар саясаты туралы заңы мен мемлекеттік жастар саясатын жастар арасында жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқарылып, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы тоқтаусыз жалғаса береді.

Жомарт Зұлпыхар, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.