Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зерек бала

0 230

Елсияр ауылға баратынын естіген бойда анасының ұялы телефонына жармасты. «Қапелімде телефонды не істейсің? Ойнап отыратын уақыт жоқ. Тез әйбат киіміңді ки, қазір шығамыз», – деді анасы төрт жастағы ұлын асықтырып.

– Анашым, ата-әжеме қоңырау шалып, ауылға бара жатқанымды айтып қояйын. Атам маған көп етіп тәтті алма жинап қойсын, – деді бала.
Сөйтіп, анасының ұялы телефонын қиыла сұрап алып, ата-әжесіне бара жатқандарын хабарлап та үлгерген.
Елсияр кісі жатырқамайды. Қайда барса да, бірден ойынға араласып кете барады. Балабақшадағы тәрбиешілері: «Елсияр – зерек бала. Тобында белсенді. Жаңалықты тез қабылдайды. Онсыз топта қызық емес», – деп мақтап отырады. Ал үйде оны-мұны сұрап, әке-шешесінің мазасын алатыны бар. Жұмыстан шаршап келген әкесі ашуланғанда: «Мылжың, қойшы, миды ашытпай», – деп тыйып тастаған болады. Сонда да оның сөзі, сұрағы таусылған емес. Ауылға барса, әжесі: «Сөздің бәрі қайдан шығып жатыр-ей, мына ішінен бе?», – деп еркелетеді.
Анасы екеуі автобекеттен автобусқа отырды. Мұнда да ол тыныш отыра алмай, анасының ұялы телефонына жармаса берді. Оның көңілін басқа жаққа аударғысы келген анасы:
– Ананы қара, батырларды көрдің бе? – деді Тараз қаласының шыға берісінде, жолдың оң қапталында орнатылған еңселі ескерткіштерге оның назарын аудармақ болып.
Терезеден анасы нұсқаған жаққа жалт қараған бала:
– Түу, анашым, соны да білмейсіз бе? Олар батырлар емес, хандар ғой. Жәнібек хан мен Керей хан, – демесі бар ма?!
Анасы қасындағылардан ұялып қалды.
– Мына баланың пысығын-ай, анасын ұялтып қойды ғой өзі. Хандарды танығаны, тарихты білгені жақсы. Тіл-көзім тасқа, тіпәй. Өзі ақылды бала екен, мә, анаңның мазасын ала бермей, тәтті же, – деп қасындағы әже қолына тәтті ұстатты.
Тәттіні қолына алған ол «рақмет» деп бір сәтте есейіп қалғандай-ақ анасының мазасын алуды қойып, байсалды бала бола қалды.

Марат Құлибайұлы,
облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.