Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зейнеп апаның зейінді әңгімесі

0 294

Абай атындағы орталық кітапханада қазақтың қайсар ұлы, батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Даңқты батыр туралы тағылымды шараны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев ашып, еркін форматта жүргізіп отырды.

– Маңызын жоғалтпайтын тәрбиелік тақырыпқа қалам тербеп жүрген жазушы, қазақы салт-дәстүрді насихаттаушы, қазақтың қаһарман біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні ретінде үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын қасиеті көпке үлгі Зейнеп апай біздің ортамызда. «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Әзіліңізді сағындық», «Күретамыр» атты кітаптардың авторы, ұлттық құндылықтарымыз бен тәлім-тәрбиені әспеттеп жүрген ұлт анасы, Тараз қаласына қош келдіңіз! – деді қала әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Зейнеп апай өзінің саналы ғұмырында ата беделіне дақ түсірмей, өсиет-өнегесін сол қалпында өскелең ұрпаққа жеткізіп, қазақтың ұл-қызына сіңіруге атсалысып жүргенін білеміз. Зейнеп апай осы жолы да ізгіліктің ізін жалғап, ұлттық құндылық, салт пен сана, бүгінгі қазақ келіндері мен қыздары, қағида мен құндылықтар туралы кеңінен ой толғатты.

Жаулықтыларға инабатты келін болудың жолдарын, ұзын етекті көйлекте қандай кие мен жаулықта қандай қасиет барын да жеткізді. Әсіресе, қыздардың тәрбиесіне кеңінен мән беру керектігін қадап айтып, моншақтылардың келбетіне нұқсан, жаулығына дақ түспегенін қалайтынын ескертті.

– Мұсылмандарды қойып, Еуропаның өзінде жерлеуге бастарына жаулық салып, етек-жеңі бар киім киіп барады. Бұл сол қаралы жағдайға деген құрметтен туындап отыр. Ал біз мұсылманбыз ғой. Мақұл, тау-тасқа барғанда шалбар ыңғайлы шығар. Бірақ оны күнделікті тырыстырып киіп алудың маңызы қаншалықты? – деді батырдың келіні.

Тәрбие мен тәлім, обал мен сауап, ұят пен ар таразысында өрбіген әңгіме барысында баланың есімінде үлкен сыр барын, абыройы асқақ тұлғалардың атын сәбиге қойғанда абай болу керектігін де тәптіштеп жеткізді. Сондай-ақ дана Абай Құнанбаевтың есімін баласына қойып алып, сол баласына жекіп, ұрысып жүретін әйелге Баукеңнің: «Не немереңнің атын өзгерт, немесе ұрысуыңды қой», – деп ескерту айтқанын да есіне алды. Сонымен қатар үндемегеннің үйдей бәледен құтылатынын растап, өз басынан өткен қызықтарымен де бөлісті. «Жас кезім. Барлық нәрседен үнсіз ғана құтылатынмын. Бұл менің жетістігім деп ойлаймын. Бірде әлденеге өкпелеп, жуынатын бөлмеге кіріп алып, суды сарылдата ағызып, алаңсыз жылап алдым. Кейін сыртқа шыққанда атамның «Бұдан былай жылағың келсе, суды ағызбай-ақ жылай бер» деп айтқаны есімнен кетпейді», – деп даңқты ердің әзілден де кенде болмағанын айтып, жиналғандарды ду күлдірді.

Жиын барысында жиналған жұртшылық батырдың келініне өз көкейіндегі сауалын жолдап, тиісті жауап алды. Әр жүрекке ой саларлық әңгіме өрбітіп, батырдың келіні деген атқа лайық Зейнеп апайға кеш соңында сый-құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.