Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зейнеп апаның зейін ашар әңгімесі

0 245

Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушыларымен кездесті.

Арайлым Шабденова

«Елдік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп аталған кездесуде қазақтың талбесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы өскелең ұрпаққа ұлықтап, көркем түрде жеткізіп келе жатқан Зейнеп апаға оқушылар көкейдегі сауалдарын қойды. Еркін форматта өрбіген жүздесуде Зейнеп Ахметова:
– Мақтау деген есірткі сияқты. Көзіңе бірінші рет мақтағанда ұялып, қысылып қаласың. Екіншісінде сәл-пәл қысыласың, бірақ үндемейсің. Үшінші рет ұнайды. Төртінші рет те айта түссе екен дейсің. Бесінші рет тіпті жаныңа жағып кетеді. Сөйтіп, адам сол мақтауға үйренеді. Енді соны айтпай қойсыншы, қалай болар екенсің? Сондықтан мақтауға үйренудің керегі жоқ. Бұл – өте-мөте қауіпті нәрсе. Мені қанша мақтаса да, одан қорықпаймын. Өйткені оның бәрі атаға арналған. Егер мен атаның келіні болмасам, соншалықты мақтау естімес пе едім?! Менікі «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» дегеннің кері. Бүкіл алты алашқа ортақ азамат болғандықтан, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да, «біздің Баукең» деп атаны ардақтаған исі қазақтың жүрегінен, көңілінен таралып жатқан мейірім, шапағаттың ұшқындары да маған тиген. Әйтпесе, кімге кім келін болмай жатыр? Бірақ елдің бәрінің келінін бүкіл халық біле бермейді. Осы орайда, бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір үлкен кісі орысшалау, тікбақайлау келініне «Шуақты күндерді» апарып беріпті де: «Мә, мынаны оқы! Баукеңнің келініндей келін бол!», – депті. Сөйтсе, жаңағы келіні: «Баукеңнің келініндей келін болу үшін Баукеңдей қайын ата керек», – деп айтатын көрінеді. Ата секілді қалыпқа сыймайтын, ноқтаға басы түспеген адамның қолына су құйып, шай қайнатып беру де оңай емес. Ата екі жағы бірдей қайралған қанжар секілді, былай тайсаң, кесіп түседі, былай тайсаң, осып түседі. Бел ортадан тең жүріп, таразының басына салуға ол кезде менің өмірлік тәжірибем, көрген-білгенім онша жете бермейтін. Өйткені екі мүшелге де толмаған кезім еді. Ең жақсы әдісім, әйтеуір, үндемей құтылатынмын. Кейде өтің жарылып кете жаздайтын кездер де болады. Бірақ үндемей қоясың. Сондықтан да көндіккен шығармын. Әсілі, мен үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған жерім жоқ. Жастардың құлағына алтын сырға. Мен құймақұлақ болдым. Әрбір сөзін қағып алатынмын. Ас үйге кіре салып, атаның айтқандарын ұмытып қалмайын деп дәптерді суыра салып жазып-жазып, тартпаға қайта салып қоямын. Сол дәптерлердің сырты қазір май-май. «Ұрпағына керек, немерелеріне керек» деп түрте бердім. Өйткені атаны баласына әке, немерелеріне ата, қарапайым адам ретінде ешкім жазбаған болатын. Атаны бір көруді армандаған адам қаншама?! Бір көргенін ұлықтай, баласының баласына айтып жүрген адамдар қаншама?! Оған қарағанда мен ертелі-кеш қасында болдым. Күнде айқайын, оқта-текте мақтауын естіп, маңдайлы келін болдым ғой, Құдайға шүкір! Біреуге Зәке, біреуге жеңеше, енді біреуге апа, әже болып, сый-құрметке ие болып жүрсем, осының барлығы тек қана атаның қасиетті әруағының арқасы. Атаны ардақтаған осы отырған халықтың арқасы, – деп әңгімесін бастады.
Кездесу барысында Зейнеп Ахметова батыр туралы толғаныстарын айта келіп, ұлттық құндылықтар, салт пен сана, бүгінгі қазақ келіндері туралы да өз ойымен бөлісті. Жиында жастарға үлгі-өнеге беру мақсатында көптеген орынды әңгімелер айтылды. Зейнеп Ахметованың айтуынша, білгенді айта жүру, үйрете жүру – үлкендердің басты міндеті. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ана тілі сақталған ұлттың ертеңі жарқын болмақ.
Ынталы жастар батыр Бауыржан Момышұлының көзін көріп, тәлімін алған келініне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, апаның зейінді әңгімесімен сусындап, естелік суретке де түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.