Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үздіктерін үкілеген елміз

0 281

Қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға атсалысуы таңсық емес. Еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. Гендерлік саясат мәселесін талай мінберлерде көтеріп, қоғамда өз ойын ашық айта алатын қазақ әйелінің образы бүгінде толық қалыптасты. Сондай көшбасшы әйелдердің бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы біз «Алтын жүректі» аналардан білген едік.

Лидия Ахметова,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы:

– Қазақ әйелі туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Өйткені әйел – біздің анамыз, әйел – біздің әпке, сіңіліміз. Әйел бізге тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» өмір сыйлады. Кешегі қазақ әйелі дәстүрлі мәдениеттің бесігінде тербеліп, қайнарынан қанып ішкен. Қоғамдағы өз орнын жазбай танып, әйелдіктен даналыққа, отба¬сы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтардың ешбірі өзге ұлт дәстүрлерімен, ұстанымдарымен қайшы келмейді. Өйткені шынайы адамгершілік пен иманға негізделген құндылықтар ғана құнын жоймайды әрі өміршең келеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесіне қатысты да біз дәл осылай пайымдай аламыз. Ұлтының ұлағатты үрдістерін қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов өткен ғасырдың басында «Қазақ қызы» атты романымен әйел-аналарымызға арнап әдеби ескерткіш соғып еді. Түптің түбінде қазақ қызына арналып еңселі бір ескерткіш орнатылуы қажет сияқты. Ата-бабаларымызды сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген қазақтың ұлттық дәстүрлері келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болмақ. Бірақ күн санап жоғалтарымыз көбеймесін десек, сол рухани бұлақтың бітелуге айналған бастау көзі бүгіннен бастап аршылуға тиіс. Бұл орайда «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле!» деген ұлттық ұстанымымызды ұлықтау өз нәтижесін берері анық. Халқымызда «Алып анадан туады» деген нақыл бар. Бұл бүтін бір халықтың ананы құрметтейтінін білдіреді. Хандар, батырлар, жыраулар мен шешендер, мәдениет және спорт қайраткерлері де анадан туды, анасы тәрбиеледі. Сондықтан ықылым заманнан ананың, әйелдің қоғамдағы орны қашанда биікте болмақ.

Күлжәмила Жолдасова,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры:

– Ұрпағының жалғастығын, отбасының ұйытқысын, береке-бірлігінің бастауы ана деп таныған қазақ нәзік жандардың абыройы ізгілігін, жан сұлулығы мен тән сұлулығын, еңбекқорлығы мен ақыл-парасатын ең құнды қасиеті деп бағалаған. Тіпті «Ананың алдында асқар тау да аласа» деп әйел рухын асқақтатып та отырады. Мұның бәрі әйел-ананың қоғамдағы тұғырлы орнын тап басып танытқаны. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Көшбасшылық қазақ қызының қанында бар қасиет. Қазақтай қызын емін-еркін, еркелетіп өсірген ұлт кемде-кем шығар. Қазақ – қызының бетінен қағып көрмеген ұлт. Қазіргі кездің өзінде Батыстан келіп, әртүрлі пікір тудырып жүрген гендерлік саясат та қазақтың қанында бар нәрсе. Қазіргі қоғам өміріне көз жүгіртіп көріңізші, әйел затының қолы тимеген сала жоқ. Әйелдер қауымы – мемлекет пен қоғамдық іске келгенде де, ер-азаматтардан кем тер төгіп жүрген жоқ. Әсіресе, бизнес саласында, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікте қыз-келіншектердің үлесі басым. Гүлдара Нұрымованың басшылығымен құрылған Жамбыл облысы Іскер әйелдер қауымдастығының 70 пайызын шағын және орта кәсіпкерліктегі қыз-келіншектер құрайды. Отбасы мен бизнесті қатар алып жүрген әр минуты алтынмен бағалы іскер әйелдер үшін осы қауымдастыққа келіп, қоғамда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамай, жол бастап, жаңалықтың бастамашысы болып жүргендерін үлкен азаматтық деп айтуға болады. Ал менің өзімнің қызмет жасап жүрген Дулати университетінің басым көпшілігі білімді, білікті әйел-аналар – деп айта аламын. Басшылық қызметте, тәрбие жұмыстары бойынша көш бастап, қоғамдық саясатқа белсене араласып келе жатқан Амандосова Р.С., Жолдасова О.К., Алимбаева С.Қ. сынды қыздарымыз да аз емес. Қабілеті мен қарымына қарай қазақ әйе¬лі көшбасшы да бола алатынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр.

Күләш Назарбекова,
облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Тараз қаласының Құрметті азаматы:

– Біздер мемлекеттік саясатта аз қызмет етпедік. Тіпті мен қызмет етіп жүрген жылдары әйелдер форумы біздің Әулиеата жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Жан-жақтан қазақ әйелдері бас қосып, қордаланған мәселені шешуде белсенді болды. Өздерінің ауызбіршілігімізді, еңбекқорлығымызды өмір бағалайтын. Тіпті Елбасының өзі: «Әулиеата аналарының, қыздары мен келіндерінің ауызбіршілігі мықты» – деген болатын. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келе жатқандығы қуантады. Жамбыл жерінің арулары тарихта да қалған. Бүгінгі ізбасар сіңілдерім алдыңғы буынның ізін жалғап, ісін одан әрі дөңгелетіп жатқандығы қуантады. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді» тербетіп жүрген нәзікжандылар қаншама. Олар көшбасшылықтан даналыққа өткен әйел заты деп нық сеніммен айта аламын. Біздер кеңес үкіметі тұсында қызмет атқардық. Өз еркіміз өзімізде болмады. Ал тәуелсіздіктің аспанында қызмет етіп жүрген бүгінгі қыздар бақытты жандар. Біздер ұлттық құндылықтарымызды ұмытпадық, бірақ көп мінберде оны айта алмадық. Ал бүгінгі қоғам ашық қоғам. Рухани құндылығымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді ұмытпай келер ұрпаққа жеткізетін бүгінгінің аналары. Біз бұл тұста осал болмауымыз керек. Мен өзімнен кейінгі буынға айтатыным, егер сүйген жүректеріңе сүйікті жар болам десеңдер, егер ата-енеңе қымбатты келін болам десеңдер, шәкірттеріңе үлгілі ұстаз болам десеңдер – еңбекшіл болыңдар. Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал қызмет етіңдер.

Камилаш Ахметжанова,
ардагер ұстаз, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:

– Бүгінгі қызғалдақтай қызымыз, ертеңгі ана. Ықылым заманнан халқымыздың жинаған салт-дәстүрінің ұрпағымен жалғасуы ол –заңдылық. Алайда жаһандану адамзат қоғамына ұлы өзгерістер әкелді. Бүгінде әйел қоғамның белсенді бір қозғаушы күшіне айналды. Әйелдер қауымдастығы, іскер әйелдер, көшбасшы деген тізбектерді жиі пайдаланып жүрміз. Замандастарымыз иманды, салауатты, білімді, ұрпағымыздың аяулы анасы, белсенді, іскер көшбасшыға айналды. Батырлығымен, ақыл-парасатымен, мөлдір махаббатымен аты мәңгі тарихта қалған ата-апаларымыз әйел бейнесінің символына айналды емес пе? Көшбасшы деген сөздің мағынасы «үйлестіруші», «ұйымдастырушы» деп түсінемін. Бұл мағынаны гендер саясатымен салыстыруға болмайды. Ең бастысы көшбасшы әйел қандай ортада болмасын, өзін «екінші» орында ұстағанда ғана, абыройға ие болары анық. Сөзімді түйіндей келе, қыз-келіншек, әйел, ана – деген құдіреті күшті атымызға сай келетін ақыл-парасатымызбен, сыры мен сымбатымыз үйлескен, қадір мен қасиетіміз абыроймен сыналған, иманымыз жүректе болған кезде ғана «көшбасшы әйел» деуге тұрарлық демекпін.

Батес Егембердиева,
ардагер-ұстаз, Талас, Шу ауданының, Тараз қаласының Құрметті азаматы:

– Шындығында, әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Осындайда Мемлекет басшысының: «Әйел шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», – деген сөзі еске оралады. Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде. Айта кетерлігі, биылғы «Nur Otan» париясының ұйымдастырған партияішілік сайлауында әйелдердің көрсеткіші жоғары болды. Бұл да қоғамдағы саяси мәселелерді шешуде әйелдің рөлінің жоғары екендігінің бір айғағы. Мінберлерде түрлі мәселені қаузап, отбасында қатар алып жүрген әйелдер арамызда көп. Бүгінгі көшбасшы қоғам алдындағы жауапкершіліктен бөлек, отбасы алдындағы міндеттерді биік қойып, ол өзінің ең алдымен ана, жар екенін еш ұмытпайды.

Бетті дайындаған Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.