Қалалық қоғамдық-саяси газет

Заманауи оқырманға – заманауи кітапхана

0 2  366

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі.

Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.
Бұған қоса Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын қолға алғанын білеміз. Ендігі кезекте мектептер оқу бұрышын ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Мұғалімдер, сынып жетекшілері, ата-аналар бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізіп отырса, құба-құп. Айталық, оқырмандар конференциясы, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе, «Кітап оқуға құштар сынып» байқауы сынды іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болмақ.
Сондай-ақ оқушыларды елге танымал тұлғалардың оқуға деген сүйіспеншілігі туралы мәліметтер де қызықтырары анық. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы кітап оқу – кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі. Халықтың осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл қағылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық.
Иә, оқуды әдетке айналдырған жанның ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал.
Жалпы оқу не үшін керек? Өзін-өзі жетілдіру, білімін толықтыру үшін. Оқи отырып, ондағы оқиғаны көңілге түйесің, кейіпкердің іс-әрекетін саралайсың, жақсы жақтарын өнеге тұтып, жаман қылықтарынан жиренесің. Көп оқысаң, көп білесің. Жан-жақты білімді адам түрлі тақырыптардан хабардар болып, пікір таластыра алады, білгенімен бөліседі. Қазақ «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Білімі ағыл-тегіл азаматқа өзгелердің құрметі ерекше. Кітапты тек оқып қана қоймай, оның таңдаған саламызға, қызметімізге қатысты тұстарын көшіріп алып, алдағы жұмысыңа пайдаланып жүру де жемісін береді. Білімге ұмтылыс, оқып-үйренуге құштарлық ізсіз кетпейді. Тұрақты түрде оқитын адамның бәсі биік. Қашанда қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол адамның біліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі басым болады.
Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырман санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етеді. Бүгінгі таңда әрбір адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда кітап-хана – оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсетудің негізгі және қоғамдық-мәдени орталығы. Ал кітапханашы – оқырмандарға кітап таратушы ғана емес, сол кітаптарды және елімізде болып жатқан жағдайларды насихаттаушы, жаңашыл көзқарастағы тұлға, рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеуші.
Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, оқырманмен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, оқырман сұранысына сай ақпарат таратып бірлесе жұмыс жасайтын, ойын, білімін ұштастырып жаңа технологияны қатар алып келе жатқан заманауи орынға айналуда. Кітапхана өмірі сырт көзге біліне бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жатады. Кітапхананың мақсаты – кітапханаға оқырман тарту, кітап сөрелеріндегі кітаптарды оқырман қолына жеткізу. Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді.
Осыған сай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының дені сау оқырмандар мен көз мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени дамуына қосып келе жатқан үлесі зор. Инклюзия бағытында кітапханашылар жоспарға сай және жоспардан тыс өткізіліп жатқан ірі іс-шаралар мен қатар бірнеше үлкен жобалық жұмыстар арқылы кітапханаға оқырман тартуда. Атап айтатын болсам, «Book-FM», «IZI Travel», «Инклюзия және театр», «Тифло-Музей» жобаларын мәдениетпен ұштастырса, «Балалардан балаларға», «Кітапхана-TV» әдебиет, «Жүрекжарды», «KENES-time», «Тифло-асхана» әлеуметтік саланы қамтып, «Қауіпсіздікті сақтайық» және «Үй тапсырмасы» жобалалары өздігінен ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі жандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, әденбиет пен мәдениет қоғамда өз орнын тауып, кітапхана қызметін жандандырып қана қоймай, оның имиджін қалыптастыруға да негіз болады. Сонымен қатар кітапханашының үздіксіз біліктілігін арттырып, заманауи әдіс-тәсілдер білім беру жүйесін жаңарту және дамыту ғана емес, кітапхана жұмысында қолдану арқылы оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін арттырады.
Кітапханашылардың тоқтаусыз ізденістерінің жемісі – оқырмандар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кітапханада өтетін креативті іс-шараларға бірлесе атсалысып келеді. Өткізілген іс-шаралар республикалық және жергілікті мерзімді басылым беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілерде жиі жарияланып отырады. Осының нәтижесінде кітапхана халық депутаттарының назарына ілігіп, билік өкілдері тарапынан қолдау көрсету артуда. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен кітапхана қорына 5,5 млн теңгеден аса қаржы бөлініп, түрлі саладағы кітаптармен толықты.
Көз мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары Брайль жүйесіне аударып кітаптармен қамтамасыз етуде, сонымен қатар ХХI ғасыр ақпараттандыру кезеңінде оқулықтар, аудио-бейне жазбалар басқа да басылымдар электронды форматта жүргізілу үстінде. Тоқтала кетейін, «WhatsApp» мессенджері арқылы облыс көлеміндегі зағип жандарға күнделікті әртүрлі қызықты әңгімелер мен әдеби шығармаларды дауыстап оқып, олардың ойларымен пікір алмасу кітапхананың мобильді қызмет атқаруына, жұмысының жаңғыруына, қоғамдағы рөлінің артуына, кітапхана қызметіне деген сұраныстың артуына да сеп болып отыр. «Зағип балаларға – жаңа цифрлық технологиялар» жобасы аясында 2022-2023 жылдар аралығында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегимов №2 Арнаулы «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына компьютер және сенсорлық телефондарда еркін жұмыс істеу әдісі бойынша сабақтар жүргізді. Аталған сабақтар нәтижесінде тұрақты қатысып, толық курстан өткен белсенді 22 оқушыға UNICEF Халықаралық балалар құқығын қорғау ұйымы және «ЖАН», «АЗИЯ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің сертификаттары табыс етілді. «Инклюзия және театр» жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әдеби мұраларын насихаттау, тану бағытында «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелері фестивалінде «Интернат наны» атты әңгімесін сахналап, нәтижесінде, үздік қойылым ретінде танылып, «Қызыл жебе»аталымы бойынша және Баубек Шархат «Үздік басты рөл» атты дипломдармен марапатталды. Өткен жылы 83 ірі іс-шараның 50 пайыздан астамы аталған мектеп-интернатының оқушыларымен өткізілді. Осындай іс-шаралар өткізу арқылы зағип балаларды қоғамға араластырып, біліммен нәрлендіріп, мәдени ой-өрісін дамыту жұмыстарына атсалысуда.
Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуге тиіс. Болашақта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапхана бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейері хақ.
Болашақта еліміздегі кітапхана сала-сының дамуына өз үлесін қосар және осы мамандықтың қыр-сырын дәріптейтін жастар қатары толықса, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға үлкен үлестерін қосқаны деп білеміз!
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.
Кітап. Кітапхана. Бұл сөздер бір-бірімен тығыз байланысты егіз ұғымдар. Кітап дегеніміз – баспадан түптеліп шығарылған мәдени-рухани қазына. Кітапхана – көпшілік тұтынуына керекті кітаптар сақталып тұратын мекеме. Бұл – нақты ғылыми тұжырымдамалар. Екінші жақтан алып қарасақ, кітап дегеніміз – ақиқат дүниені, өмірді танып білудің жолы, белгілі бір ғылым саласындағы таным-білімнің жиынтығы, адамның жаратылыс сырын, өмірдің мәнін, ақиқат әлемді, объективті шындықты білу жолдары.
Біз әрбір сөздің мағынасын кітап оқу арқылы білеміз, барлық білім негіздерін кітапты оқыту арқылы оқушылар бойына сіңіртеміз, кітап оқуға баулимыз. Кітап сенің досың, сен кітаппен дос болсаң, сенің достарың көп болады, сенің сөздік қорың да, ойлау қабілетін де жақсы дамиды деп алғаш мектеп табалдырығын аттаған балаға біз дос тауып береміз. Оның пайдалы тұстарын да көреміз, кітап оқудың пайдасын сезіне білген әрбір баланың бойында кітап оқуға деген құмарлық ояна бастайды. Кітаптан жаңа достар табады, сол кейіпкерлердің мінез-құлықтарына еліктейді, соларға ұқсағысы келеді. Баланың дүниетанымы дами түседі, қызығушылығы оянады. Осылайша баланың кітапқа деген махаббатын оятамыз.
Расында, қазір адамға өмір сүру үшін материалдық құндылықтан жоғары рухани азық керек. Соны, міне, енді түсініп жатырмыз. Әрине, сол игілікті меңгеру үшін кітаптың бізге берері мол. «Цивилизацияның жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оқыған кітаптарының санымен анықталады», – дейді француз жазушысы, ғалым Э.Лабуле. Шынында, елдің мықтылығы дана, білімді тұлғалардың көптігімен анықталмақ. Ал ҚР Халық жазушысы Ә.Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деген болатын. Өзіңді де, өзгені де тану үшін кітап керек. Анығында, адамның адам аты болу үшін ғылым-білімді игеруі қажет. Қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап бүкіл ағартушы, зиялыларымыз да осыны талап етеді. Бұл адамның ең ұлы мақсатына айналу керек дейді. Ал өркениетке жетелейтін жалғыз жол кітап пен кітапханадан басталатынын ұмытпайық!

Зарина ДҮКЕНБАЕВА,
көзі көрмейтін және әлсіз көретін
азаматтар кітапханасы директорының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.