Әлемде 113 мемлекет өзін «зайырлы ел» деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан Республикасы. Ата Заңның 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде танытатындығы жазылған. Бұл дегеніміз – әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік беріледі деген сөз.
Конституциямызда жазылғандай, зайырлылық ең алдымен адами құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін іске асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Керісінше, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін мойындай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін, яғни плюрализмді мойындау. Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып табылады.
Саяси-құқықтық тұрғыдан зайырлылық ұғымын алып қарайтын болсақ, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның және басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Яғни зайырлы мемлекетте бір ғана идеологиямен жүру деген қағида жоқ.
Зайырлы үлгідегі мемлекеттің теократиялық мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы былайша баяндалады.
Ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді.
Мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша зайырлы мемлекетте азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды.
Мемлекет іс жүзінде барлық діндер, конфессиялар мен азаматтардың құқықтық теңдігін, қауіпсіздігін жүзеге асыруға ұмтылады. Осы қағидат дүниетанымдық бірлік негізінде азаматтар құрған қоғамдық бірлестіктерге де таралады.
Діндер (әлеуметтік институттар, көпшілік-құқықтық қатынастардың субъектілері ретінде) мемлекеттік саясатты жасау мен жүргізу үдерісінен алыстатылады. «Діни мәселе» саяси арнадан қоғамдық өмірге, азаматтардың жеке өмірі салаларына, яғни әрбір азаматтың жеке таңдау құқығына өтеді.
Мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды.
Мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.
Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес, мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды.
Өңірлердегі облыс әкімдігінің дін істері басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, діни бірлестіктердің қызметін реттеп, зерделеп және қадағалап отырады. Тіркелген діни бірлестіктер өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мемлекетімізде діни алауыздық пен тағатсыздықты болдырмау үшін Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес әрекет жасағандары дұрыс. Себебі зайырлы мемлекет өзара ынтымақтастық пен түсіністіктің тұтқасы болады.
Гүлназ Сматилдаева,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы