Қазіргі таңда еліміздегі ең басты құндылықтарының бірі – зайырлылық қағидаты. Бұл ұғым жиі қолданылғанымен, оның терең мәні мен мазмұны туралы қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасып жатады. Осы орайда «зайырлы мемлекет дегеніміз не?» деген сұраққа ресми, ғылыми әрі түсінікті түрде жауап беру маңызы зор.
«Зайырлылық» сөзі араб тілінен енген «зәһир» сөзінен шыққан, ол «анық», «көрінетін», «дүниелік» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым діннен бөлек, бірақ дінді жоққа шығармайтын, мемлекет пен діннің арасын нақты ажырататын жүйені сипаттайды.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, зайырлы мемлекет – діннің мемлекет істеріне араласпайтын, ал мемлекет дінге қол сұқпайтын құқықтық құрылым. Мұндай мемлекетте барлық азаматтың ар-ождан бостандығы, діни сенім-нанымына қарамастан тең құқықтары қамтамасыз етіледі. Бұл – демократиялық, құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі.
Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады…» деп нақты жазылған. Бұл дегеніміз елімізде ешқандай дін мемлекеттік мәртебеге ие емес, яғни еліміз қандай да бір діни ұйымның мүддесін көздемейді және діни көзқарас бойынша азаматтарды бөліп-жармайды.
Бүгінде ел арасында «зайырлы мемлекетте дінге орын жоқ» деген қате пікір қалыптасқан. Алайда бұл – өте қате түсінік. Зайырлы қоғамда дін – әрбір адамның жеке ісі, ал мемлекет дінге бейтарап қарап, діни ұйымдардың құқықтарын заң аясында қорғап, олардың заң шеңберінде жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі діндер мен конфессиялар бейбіт өмір сүріп келеді. Ислам, христиандық, иудаизм және басқа да діндерге сенушілердің құқығы Конституциямен қорғалған. Мемлекет діни бірлестіктермен серіктестік негізде жұмыс істейді, бірақ олардың саяси шешімдерге әсер етуіне жол бермейді.
Қазақстандағы көпэтносты және көпконфессиялы қоғам үшін зайырлылық – ішкі тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен бірліктің басты негіздерінің бірі. Мемлекет пен діннің арасындағы шекараның дұрыс қойылуы ел ішіндегі бейбітшілікті сақтау мен діни төзімділікті нығайтудың тиімді тетігі екені белгілі. Бұл ретте зайырлылық қағидаты – білім беру, құқық қорғау, мемлекеттік басқару және басқа да салаларда бейтараптықты қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе жастар тәрбиесінде маңызды. Себебі, білім беру жүйесі діни насихаттан ада болуы керек, ол тек ғылым мен ақыл-ойға негізделуі қажет.
Қорыта айтқанда, зайырлы мемлекет дегеніміз – дінді терістейтін емес, керісінше, әрбір адамның діни сенім бостандығын құрметтейтін, діни ұйымдар мен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын құқықтық жүйе. Қазақстан осы қағиданы ұстана отырып, азаматтардың құқықтарын қорғап, қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда зайырлылық – өркениетті ел болудың алғышарты, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық бірліктің тірегіне айналды. Сондықтан зайырлылықтың мәнін терең түсіну – әрбір саналы азаматтың парызы.
Талғат ТОЙШИБАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы