Қалалық қоғамдық-саяси газет

Заң түзелді, жарнама, сен де түзел!

0 238

Ашығын айту керек, нақтылы кезеңде елімізде мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі мен ресми тілдің арасында, қолданыс аясын кеңейтуде басымдыққа жету үшін жарияланбаған тайталасу жүріп жатыр.

Оны тұтынушы мен өнім түрлерін ұсынушының арасындағы маңызды дәнекер болып табылатын көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың қай тілде, қалай берілетіндігінен де аңғаруға болады. Мысалы, облыс орталығындағы Тараз өңірлік университетінің гидрокешенінен бас алатын академик Қойбақов атындағы қысқа көшенің 350-400 метрге дейінгі аралықтағы бастапқы бөлігінде сауда және өзге де қызмет түрлерін көрсететін 16 нысан жұмыс істеуде. Солардың санатында «Арена» центр военно-спортивных игр» және «Туркменский текстиль» деп аталатын нысандардың екеуінде де олардың атауларын білдіретін көрнекі ақпараттар тек орыс тілінде ғана жазылған. Сірә, коммерциялық қызмет көрсететін орталықтың басшылығы мен сауда дүкенінің қожайыны өздерінің қай елде тұратындығын, қандай ұлттың нанын жейтіндігін, ауасымен демалып, суын ішетіндігін, тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылға жуық уақыт өткен егемен елде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы», «Қазақстан Республикасының Жарнама туралы» Заңдарының қабылданып, бекітілгендігінен бейхабар болса керек. Ал маңдайшаларындағы атаулары ағылшын тілінде жазылған «Bou Prix» сауда дүкені мен «Beer Loye» дүңгіршегінде, «Летник» жазғы кафесінде және өзге де көлік жуу, көлік жөндеу нысандарындағы маңдайша, жарнама сияқты көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының «жоқтан гөрі жоғарының» керін келтіру үшін ғана орналастырылғандығы көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ «Bou Prix» дүкенінің оңтүстік жақ қасбетінің маңдайшасындағы осында көрсетілетін қызмет түрлерінен хабардар ететін электронды жүгіртпелі сөзтізбектің таза орыс тілінде беріліп жатқандығын да айта кеткен жөн. Әрі бұдан аталған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары қожаларының еліміздің «Мемлекеттік тіл туралы» Заңының IV тарауы 21-бабында нақтыланған: «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады», – деген талаптардан бейхабарлығы аңғарылады.

Бұл, әрине, көрнекі ақпараттарға қатысты қаланың шеткері аумағындағы шағын ғана тұрғын үй аймағында орын алған келеңсіздік көріністері. Мұндай тенденция 150 шаршы шақырым жерді алып жатқан, 360 мыңнан астам тұрғыны бар Тараз қаласының өзге бөлігіне де тән. Соның нақтылы айғағы ретінде ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық әкімдіктің азаматтық қоғам институттары өкілдерімен бірлесіп жүргізген рейді кезінде 1516 жарнамада қате кеткендігі анықталғандығын, 611 көрнекіліктің қолданыстағы заң талаптарына сай келмегендіктен алынып тасталғандығын айтсақ та жеткілікті. Ал бүкіл еліміз бойынша қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне нұқсан келтіретін осындай деректер қаншама десеңізші. Мәселен, биыл қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын талқылау барысында депутаттардың қойған сауалдарына жауап қайтарған еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатты қынжылыс білдіріп, көрнекі ақпараттарды орналастыруға қатысты заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға 2018 жылы ел азаматтарынан 12 886 шағымның келіп түскендігін, кейінгі жылдары оның санының еселеп артқандығын жеткізді. Мұны Ата Заңымыздың 14-бабында атап көрсетілген конституциялық құқықтары бұзылды деп санаған қазақстандықтардың жанайқайы деуге де болады.

Жалпы аталған деректердің барлығы да елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға үлкен әсері бар баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері секілді көрнекі ақпарат құралдарын әзірлеуде және орналастыруда төзгісіз жағдайдың орнығып отырғандығын көрсетеді. Жарнама берушілер мен олардың тапсырысын орындаған жарнама агенттіктерінің бірқатары мұндай келеңсіздікке сауатсыздығынан немесе қолданыстағы заң талаптарын білмейтіндіктен жол берсе, енді біреулердің заңнамамызда заң бұзушылыққа байланысты қатаң шаралар қолдану жөнінде баптардың жоқтығын, бұған дейінгі қабылданған заңдарда жарнаманың тіліне, орналастырылуына қатысты солқылдақтың орын алғанын өзінің бұрыс пиғылына пайдаланып келгендігі анық. Ал жуырда ғана жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес еліміздегі 13 нормативтік-құқықтық актіге толықтырулар мен өзгерістердің енгізілетіндігін ескерсек, ендігі жерде бұл мәселеде олқылықтардың орын алмайтындығына, «жарнама» проблемасын шешуде оң қадамдардың жасалатындығына сенуге болатындай. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтқанындай: «Енгізілген түзетулердің кәсіпкерлік субьектілері мен олардың жұмысына атсалысатын азаматтардың көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде орналастырудағы жауапкершіліктерін арттыратындығына, атқарушы билік пен қауымдастық тарапынан заң талаптарының орындалуын қадағалау күшейтілетіндігіне ықпал ететіндігі анық».

Сапарғали Әлібай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.