Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әз Наурыз Тараз төрін думанға бөледі

0 81

Көктемнің шуағымен бірге келген Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз биыл Таразда ерекше сән-салтанатымен, кең көлемде аталып өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен шаһардың қақ ортасы шаттық пен думанға толды.

Мерекелік кеш «Жаңа күн» атты әсерлі театрландырылған қойылыммен шымылдығын түрді. Сахна төрінде халқымыздың бай салт-дәстүрі мен табиғаттың жаңару сәті көркем бейнеленіп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Мереке әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласып, рухани кештің ажарын аша түсті. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен арнайы шақырылған өнер жұлдыздары – Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат пен Света Айтбаевтар, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Каныкей Раймалиева, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров сахна көркін қыздырды. “Бозторғай” және “Жас дәурен” би ансамбльдері мың бұрала билеп, көрермен ықыласына бөленді. Кеш жүргізушілері Нұрлан Әлімжан мен Айгерім Қалаубаева да өнерімен кеш шырайын аша түсті.

Орталық алаңға тігілген ақшаңқан 15 киіз үй – мерекенің айрықша көркіне айналды. Әрбір киіз үй ұлттық дәстүрге сай безендіріліп, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған тақырыптық көрмелер көпшілік назарын аударды.

Қ. Рысқұлбеков саябағы маңында мәдениет және өнер қызметкерлері ұсынған театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.