Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Өз дегеніммен жүретін қиындау адаммын»: Димаш Құдайберген жүрекжарды жазба жариялады

0 309

Димаш Құдайберген желіде Қытайдың Гуанчжоу қаласында жүрген видеосын ресми парақшасына жариялап, өзінің әншілік тағдыры туралы сөз қозғады. Ол өзінен де дарынды жандардың бағы жанбай жүруі мүмкін екенін үнемі есте сақтап, соған лайық болуға тырысатынын айтты. Одан бөлек, Димаш өнерде ата-анасының пікіріне құлақ асатынын, бірақ негізінен өз дегенімен жүретінін жеткізді, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Гуанчжоудағы қонақүйден шағын видеоүзінді. Кейде мен әлемде қаншама дарынды адам бар деп ойланамын. Менің еңбегімнен бөлек, құдай маған әлемнің үлкен деген сахналарында өнер көрсетуді бұйырғанының себебі қандай? Менің орнымда, Алланың қалауымен, мүлдем басқа, қазір өз жолын таппай жүрген әнші (бәлкім, менен да дарынды) болуы мүмкін екенін ескерсек, мен өз жұмысымды қаншалықты жақсы атқарып жүрмін? Қазір 27 жастамын, бұдан 10 жыл бұрын менің кішкентай ғана, бірақ сүйікті қалам — Ақтөбеде өмір сүрдім.

Халықаралық деңгейде өнер көрсетуді, елдің ықыласына бөленуді армандадым. Ол туралы «I am singer 2017″ байқауынан соң жақсы білесіздер. Жалпы менің шығармашылығыма, тұлғама деген көзқарастар әртүрлі. Біреуге дауысым ұнайды, біреуге ұнамайды. Кейбіреу әндерімді сүйіп тыңдайды, ал тағы біреу халыққа жақын, барлығына бірдей түсінікті ән жазу керектігін айтады. Біреуге адам ретінде ұнасам, біреуге ұнамаймын.

Негізі мен өз дегеніммен жүретін қиындау адаммын. Мансабымда еш уақытта ешкімге мен үшін шешім қабылдауға рұқсат бермеген едім. Маңызды шешім қабылдар кезде маған билігін жүргізе алатын жандар — менің ата-анам. Өмірімде болып жатқан әрбір оқиға үшін Құдайға шүкір деймін. Айтарымды айта алатыным үшін барлығыңызға алғысым шексіз. Мен еш уақытта дерлік ішімдегіні ақтаруды білмейтін адаммын. Сол себепті сұхбат беруден қашқақтаймын. Бірақ мен сіздердің ықыластарыңызды жақсы көремін және бағалаймын. Жуырда жақсы жаңалық болады», — деп жазды ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.