Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызыләуіттің көкжиегі кеңеюде

0 387

Бүгінде ауыл әкімдеріне бұқара тарапынан айтылатын сын да, тағылатын мін де көп. Алайда ағайынның алғысына бөленіп, елді мекендердің еңсесін тіктеу бағытында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар да баршылық. Міне, сондай жанның бірі – Талас ауданы, Қызыләуіт ауылдық округінің жас әкімі Ғарифулла Байкенжеев.

Ғарифулла Тоғайбекұлы 2021 жылдың шілде айында ауыл тізгінін қолға алған. Жігері жалындай болған жастың болашағына сенген ауыл тұрғындарының 87,2 пайызы дауыс беріп, сенім артқан. Әкімдік қызметіне кіріскеннен бастап Ғ.Байкенжеев осы сенім үдесінен шығып, ауылды көркейту жолында аянбай тер төгуде.
Жалпы, бүгінде ауылдық округтегі аула саны 325 болса, халық саны – 2 219 адам. Округте мемлекеттік бағдарламалар аясында жобаларын жандандырып жатқан азаматтар да аз емес. Айталық, ауыл тұрғыны Нұрлан Назарбеков «Эко Чикен» жобасымен балапан өсіруге ниетін білдіріп, мемлекеттік қаржыландыруды күтуде. Бұдан бөлек, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 азаматқа 32,7 млн теңге несие рәсімделіп, 42 бас жылқы малы алынған. Оның ішінде, «Алшын» шаруа қожалығы 6 700 000 теңгеге 8 бас, «Ғалымжан» шаруа қожалығы 12 000 000 теңгеге 13 бас, «Найзақызыл» шаруа қожалығы 14 000 000 теңгеге 16 бас жылқы, «Мирас» шаруа қожалығы 12 000 000 теңгеге 240 бас қой және «Рауан» шаруа қожалығы 3 500 000 теңгеге 8 бас жылқы сатып алған. Сондай-ақ «Найзақызыл» шаруа қожалығы биыл отандық құрастырудағы «Беларус МТ3 80» тракторын алуға өтінім білдірсе, «Көктал» ЖШС трактор тіркемелеріне қол жеткізуді көздеп отыр. Қайтарымсыз грантты иеленіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жастар мен көпбалалы отбасылар да жетерлік.
Асыраушы сала – ауыл шаруашылығы да алшаң басуда. Айталық, 34 жобаға 74,5 миллион теңге субсидиия беріліп, бұл қаржыға асыл тұқымды төрт түлік түрлері сатып алынған. Сондай-ақ «Ақтөбе» шаруа қожалығы 70 бас жылқыны бордақылауға арналған арнайы орын ашқан. Қазір бұл жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік грантқа ие болған ауыл тұрғыны биогомус өндіру ісін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Аталған өндіріс орнында бүгінгі күні 2 адам еңбек етуде. Бұдан бөлек мемлекеттік гранттың арқасында 2 азамат жылыжай ашып, биыл содан мол өнім алса, тағы бір азамат наубайхана ашуды жоспарлауда. Осылайша, кәсіптен нәсібін тапқан жандардың қарасы молайып келеді. Бұл бір жағынан ауыл тұрғындарының екі қолға бір күрек табуына да зор септігін тигізуде.
Ауылда ауыз су мәселесі де оң шешімін тапқан. Соның нәтижесінде қызыләуіттіктер тіршілік нәрінен тапшылық көрмей, таза ауыз су тұтынуда. Мұнда тазалыққа да ерекше ден қойылуда. Жыл сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының күшімен көшелер тазаланып, 100 тоннаға дейін күл-қоқыс шығарылады екен. Бұған қоса жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын 4 канал мен ауыл ішінде орналасқан 8 шақырымдық 4 арықты тазалау жұмыстары да ұдайы жүргізілуде. Сонымен қатар көптен бері тұрғындар толғандырып келген көгілдір отын мәселесінің де түйіні тарқауда. Осы мақсатта Ақтөбе ауылына 25,0 миллион теңгеге кварталішілік газ тарту, Қызыләуітке кіреберіс 6 шақырым тас жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда ауылда «Халықты тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде. Аталған жоба аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 5 бағыт бойынша 440 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 109 отбасы жоба шеңберінде мал шаруашылығын дамытуға ниетті.
Қызыләуіттіктер қайырымдылық жасаудан кенде емес. Әсіресе, «Асарлатып үй салу» жобасының игілігін көргендер көп.
– Аталған жоба аясында жалғызбасты ана Айнагүл Үсіпбековаға ауыл азаматтарының демеушілігімен 3 бөлмелі үй салынып берілсе, жуырда бір жас отбасы баспана бақытына бөленбек. Ауылда «Мейірім» жобасы да жанданып келеді. Айталық, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 балаға «Отбасы банкінен» есепшот ашылып, ай сайын аударымдар жүргізілуде. Расында, ауылда атымтай азаматтар өте көп. Соның жарқын дәлелі – кәсіпкер Шахзада Жамишов. Ол әлеуметтік жағынан аз қамтылған 12 отбасыға ақшалай көмек көрсетті. Бұдан бөлек, Жарқынбек Тойлыбаев деген ауыл кәсіпкері 40 жанұяға 40 қап ұн таратса, Ерхан Қыдыров 10 отбасының мүшелеріне жап-жаңа аяқ киім алып берді. Ауыл жастары да игі істен шет қалмай, өз үлестерін қосуда. Олардың жұдырықтай жұмылып, 10 отбасын азық түлікпен қамтамасыз етуі қандай құрметке де лайық іс. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші,айтулы мерекелерде қарияларымызды да естен шығарған емеспіз, – дейді ауыл әкімі.
Шынында, мұндай қайырымдылық істер жетіп артылады. Мәселен, «Көктал» ЖШС-нің құрылтайшысы Жаңабек Сұлтанбеков 10 отбасыға 1 бас қой жіліктеп, таратып берсе, 15 отбасыға 5 орам шөптен үлестірген. Ал Ақтөре Әбденбай 10 отбасына 1 бас уақ малдан таратса, «Жомарт түлек» жобасы аясында ауылдық округтен шыққан кәсіпкер Жарылқасын Тәттібаев демеушілер арқылы тұрғызылған спорт залдың ішіне заман талабына сай бокс рингін орнатып берген. 1995 жылы оқу бітірген мектеп түлектері де туған жерлерін ұмыт қалдырмай, Шұқырәуіт каналының бойына көпір салып, ауыл тұрғындарына ортақ пайдалануға 2 қазан-ошақ, 2 титан, 1 қол жуғышты сыйға тартыпты. Ал 1986 жылғы түлектер «Жаңабай сопы» мешітіне заманауи пеш бастырмасын салып берген. Бұдан бөлек, ауылдың 1977 жылы туған азаматтары құны 600 000 теңгеге кіреберіс жолдың бойына 200 түп қаратал егіп, қоршауы мен тамшылатып суару жүйесін орнатса, 1995 жылғы азаматтар Қызыләуіт-Қаратау жолының бойынан 500 000 теңгеге көпір салыпты. Мұның барлығы тойған жеріне емес, туған жеріне ту тіккен жанашыр жандардың арқасында жүзеге асуда.
Ауылда әлеуметтік салаларғада ерекше екпін түсірілуде. Мәселен, былтыр «Жол картасы» аясында спорттық алаңдарды ағымдағы жөндеу үшін аудандық бюджеттен кіші футбол алаңына 3,9439 млн теңге бөлініп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ауылда атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес, алдағы жоспар жұмыр. Мәселен, осы жылдың соңына дейін Қотырәуіт су қоймасын жөнге келтіріп, Ақтөбе ауылына кіші футбол және балалар ойын алаңын салу көзделуде. Ал келесі жылы Қызыләуіт ауылындағы А.Құнанбайұлы, П.Есенбекұлы, Ақтөбе ауылындағы Сапақ датқа, Ж.Тұрғанбайұлы көшелері жарықтандырылмақ.

Нұргүл Қанатбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.