Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызыл сызықтан» асқандарға жаза қатаң

0 347

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласын көріктендіріп, сәулетін арттыру бүгінгі таңда өңірдегі басты мәселеге айналып отыр. Осы мақсатта көне шаһардың көркін ашатын еңселі нысандар күн санап бой көтеруде. Алайда, кейбір кәсіпкерлік нысан иелері заң талаптарын ескере бермейді. Соның салдарынан «қызыл сызық» қағидалары жиі бұзылуда.

Аталған мәселені Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жіті назарға алып, тиісті тапсырмалар жүктеген еді. Соның нәтижесінде қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, рұқсат құжаттары толық алынбастан салынып жатқан 130 нысан анықталды. Соған орай тиісті шаралар қолдану үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арнайы хаттар жолданды. Аталған 130 нысанның 10-ында «қызыл сызық» қағидасына байланысты мәселелер көтерілген. Енді осы 10 нысанның алтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, айыппұлдар салынды. Сондай-ақ әрқайсысына құрылыс барысына қойылатын негізгі талаптарды орындау туралы нұсқама берілді.

Бұдан өзге қала әкімдігі тарапынан «қызыл сызықтан» асқан 4 нысанның тиісті бөлігін бұзу бойынша сотқа талап-арыздар түсірілді. Қазіргі таңда Желтоқсан көшесі, №118 мекенжайында орналасқан (М.Ә.Исламова) қайта жаңғыртылған кафе ғимаратының 2-ші қабатына жапсарлас құрылыс және Абай даңғылы, №135 «А» мекенжайындағы (С.У.Садыбеков) сауда дүңгіршегі секілді 2 нысанды меншік иелерінің есебінен сүру бойынша тиісті шешімдер қабылданып, Тараз қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі тарапынан атқару өндірістері қозғалды.

Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан «Кәсіпкерлік нысандарына неге алдын ала ескерту жасалмады?» деген сыңайда теріс пікірлер жазылуда. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, С.Садыбековке көрсетілген мекенжайдағы жер теліміндегі рұқсат құжаттарын рәсімдемей, Абай даңғылының «қызыл сызық» бойында орнатылған сауда павильондарын өз есебінен бұзу туралы 2023 жылы 11 қазанда шығыс №09-1083 хабарламасы берілген. Ал 2024 жылы 26 ақпанда шығыс №09-179 хабарламасы қайтадан жолданған. Бұған қоса меншік иесіне ҚР «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 17-бабы, 1-тармағы, 10-тармақшасының талабын бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 323-бабына сәйкес хаттама толтырып, айыппұл салынды. Алайда, С.Садыбеков тарапынан ешқандай шара қабылданбаған. Сол секілді М.Исламоваға қатысты да Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2023 жылғы 17 мамырдағы №09-454 хаты негізінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арнайы тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Соған байланысты хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынып, іс материалдары Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Бұл бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұйғарым да шығарылды. Бірақ, М.Исламова жоғарыда аталған шараларды елеместен рұқсат құжаттарынсыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыра берді. 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа дейінгі реттеу шеңберінде М.Исламоваға қайтадан құрылыс жұмыстарын тоқтату және рұқсат етілмеген нысанның бөлігін бұзу туралы №09-298 хатты жолдады. Дегенмен, кәсіпкер бұған да назар аудармай, құрылыс жұмыстарын тоқтатпаған.

Сондықтан аталмыш кәсіпкердің әрекетсіздігі Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы сәуірде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінуіне негіз болды. Бұларға қоса Абай даңғылы, №202 (А.М.Халилов) және Абай даңғылы, №150 «А» мекенжайларында орналасқан (Э.Р.Арғынғазина) кәсіпкерлік нысандарының істері де сотта қаралуда.

Сондықтан алдағы уақыттта кәсіпкерлер құрылыс жүргізерде «қызыл сызық» қағидасын сақтап, заңды құжатын рәсімдеп, заңсыздыққа жол бермегені жөн.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.