Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызыл Абадқа» қашан мектеп салынады?

0 435

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов №11 аумақтық округтің тұрғындарымен жүздесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Әуелі Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил округте атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Бүгінде аумақтық округтегі 6296 жеке тұрғын үйде 25322 адам тұрады. Сондай-ақ 7 тұрғын алқап, 55 көше бар. Қазіргі уақытта қаланы жарықтандыру, абаттандыру, көшелерін жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары әзірленді. Соған орай шаһарда бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізілетін болады. Бүгінгі күнге қала бойынша 1388 көше мен бұрылыстың 378-і жарықтандырылды. Ағымдағы жылы жергілікті қала бюджеті есебінен 68 көшені жарықтандыруға 500,3 миллион теңге жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл «Карасу» (Құмшағал) алқабының электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына 76,7 миллион теңге және осы аумақта былтырдан өтпелі «Шаңырақ» алқабын электрмен жабдықтауға 11 миллион теңге қарастырылды. Ал ауыз сумен қамтамасыз етуге келсек, республикалық және облыстық бюджеттер есебінен жалпы 3,6 миллиард теңге қаралып отыр. Бұл 2022 жылдан өтпелі жобалар Оның ішінде «Құмшағал» тұрғын алқабына ауыз су жүйесін жүргізуге 417,9 миллион теңге, «Шөлдала» алқабына 1,1 миллиард теңге, «28 саяжай» алқабын ауыз су жүйесімен қамтамасыз етуге 777,8 миллион теңге және «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» және «28 саяжай» алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін сутартқыш салуға 1,3 миллиард теңге қарастырылған, – деді Қайрат Әбілханұлы.
Келесі кезекте аймақ басшысы тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Мұндағы басты мәселелердің бірі – балабақшаның жоқтығы. Алқап тұрғыны Гүлмайра Әбілжанованың айтуынша, бөбекжайдың болмауынан халық балаларын шалғайда жатқан қаладағы өзге балабақшаларға тасуға мәжбүр екен. Бұл жөнінде облыс әкімі «Қазір мемлекеттің қаржысына балабақша салынбайды. Сондықтан демеуші тауып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жүргізіледі. Егер осы алқапқа балабақша соғып беруге ниетті азаматтар табылса, оларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді.
Округтің тағы бір тұрғыны Талғат Кеншінбековті «Шаңырақ» алқабына қатынайтын автобустардың аздығы толғандырады екен.
– Біздің алқапқа қоныстанып жатқан халықтың қарасы артып келеді. Сондықтан автобустардың тапшылығы сезілуде. Соның салдарынан діттеген жерімізге дәл уақытында жете алмай жатамыз. Сізден осы мәселені шешіп беруді сұраймыз, – деді Талғат Дүкенбайұлы. Бұдан кейін зейнеткер Роза Ережепова «Қызыл Абад» алқабына жаңа мектеп салып беруді сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы «Біз аталған мәселеден хабардармыз. 2025 жылға қарай алқапта жаңа еңселі білім ордасы бой көтеретін болады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асыруды көздеп отырмыз, – деді.
Басқосуда ауыз су, жайылым жерлердің тапшылығы, «Жастар аллеясы» мен жаңа емхана соғу сынды өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Барлық өтінішті мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.