Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызметке адал жанұя

0 219

«Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар», – деп Елбасы айтқандай, қазіргі кезде өзінің өнегелі ісімен лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, мемлекетіміздің өміріне белсене араласып, қай салада болмасын үлкен жетістіктерге жетелеп жүрген нәзікжандылар аз емес. Полицей десе, әрине, ойға бірден өр тұлғалы, үстінде нысанды киім киген ер азамат елестейді. Бірақ осы саптың қатарында Ішкі істер департаментінде ерлермен бірге иық тіресіп, күрделі де игі жұмысты бағындырып жүрген бірқатар әйелдер қауымы да бар.

Арайлым Бақытжанқызы

«Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етемін» деп қызметке қабылданған құқық қорғау саласы мамандарының жұмысы өзіндік ерекшелікке, қиындыққа толы. Тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін мойнына алған полицейлердің бірі – Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Шакизат Юсупова.
Өз мансабын Шакизат Шаяхметқызы 1996 жылы Сарысу ауданы, Байқадам ауылынан ішкі істер саласында статистика маманы болып бастаған. Ал 1997 жылы Жаңатас қаласы мен Байқадам қосылып, маманның жұмысы екі еселенеді. Ол сол жылы Мақсат Юсуповпен танысып, 1998 жылы шаңырақ көтереді. Ол кезде жолдасы Жаңатас қаласында тергеу бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Арада жылдар өтіп, отбасында шекесі торсықтай екі ұл дүниеге келеді. Полиция майоры Шакизат Юсупова отбасы мен жұмысты қатар алып жүру оңайға соқпағанын айтады.
– Бұрын аудандық жерде статистика маманы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтың нәтижесін шығарып, сандармен жұмыс жасайтынбыз. Балалы болғаннан кейін отбасы мен жұмыстың арасында шыр көбелек айналуға тура келді. Тіпті кейде үлгермей жатқанымда, жолдасым қолғабыс жасайтын. Менің қолдаушым да, қорғаушым да болған жарымның арқасында бүгінге дейін жетіп отырмын. Одан 2006 жылы күйеуім жұмысын Таразға ауыстырды, біз 2007 жылы толық көшіп келдік. Қалаға келгеннен кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмысқа кірістім. Үшінші перзентімді дүниеге алып келгенде, декреттік демалыста 3 жыл отырып, 2013 жылы қайта жұмысқа шықтым. Үш баламен оңай болмады. Білесіздер, біздің жұмыс тәулікке, уақытқа бағынбайды. Кез келген уақытта дабыл болса, бізді жұмысқа шақырып алады. Сол кездері перзенттерімді үйде сыртынан құлыптап кетуге мәжбүр болған күндерім де болды. Жеткен жетістіктеріміз жоқ емес. Бүгінде жолдасым Жамбыл облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі болса, мен Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майорымын, – дейді Шакизат Юсупова.
Жалпы бұл жанұяда тек Мақсат пен Шакизат қана құқық саласында емес екен. Әулеттің үлкені, биыл 80 жасқа толғалы отырған ІІО зейнеткері Мүсірепбек Юсупов та 32 жыл салаға еңбегі сіңген азамат. Антына адал, қызметіне берік отбасында бұдан өзге бірнеше қатардағы ішкі істер органының қызметкерлері де бар. Ал отбасының екінші ұлы болашақта ата мен әке жолын қууды көздеп отыр.
– Менің жұмысым жасөспірімдермен тікелей байланысты болғандықтан, әрбір баланың бақытты болғанын тілер едім. Ең бастысы, отбасы шағын мемлекет екенін ұмытпай, мемлекеттің мығым болуына әрбір азаматты шақырғым келеді. Өйткені толық емес, жайсыз отбасында тәрбиеленген балалардың басым бөлігі аяқтарын аңдамай басып, өмірлерінің соңына дейін опық жеп отыр, – дейді аға учаскелік полиция инспекторы.
Жүрегі елім деп соққан құқық қорғау саласының қызметкерлері бүгінде қоғам арасында ерекше беделге ие. Ендеше, барша полицей қауымға айтарымыз, адал еңбек пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білу – жұмыстың тәтті жемісі. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.