Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қытайда қытайша, Түркияда түрікше, Қазақстанда неге орысша?!

0 1  356

Соңғы уақытта Ресейге қарсы салынған санкциялар негізінде отандық кинотеатрлар өз жұмыстарын тоқтата ма деген мәселе көтерілген болатын.

Еске сала кетсек, Батыс компанияларының Ресей нарығынан бас тартуы, осы елдің кино саласын үлкен дағдарысқа ұшыратты.

Ресей сарапшылары голливудтық шығарылымдарсыз кинопрокат саласы 5 миллиард рубльге дейін құлдырауы мүмкін деп болжаған болатын.

Десек те, таяқтың бір ұшы Қазақстанға да тигені жасырын емес. Соған қарамастан, министрлік шетел фильмдерін елге тікелей әкеліп, қазақ тілінде дубляж жасамайыз деп мәлімдеді.

Расул Берекетұлы Жұмалы. Қазақстандық саясаттанушы, дипломат, қоғам және мемлекет қайраткері:

– Жалпы бұл тақырыпта Ресейге салынған санкция мәселесіне де тоқталып, айта кету жөн шығар. Осы кезеңде белгілі болғаны, халықаралық кино өнімдерді біз көбінесе Ресей арқылы алып келгендігіміз.

Қазір енді әлемдік брендтер өз өнімдерін Ресейге жеткізуді тоқтату жайылы шешім қабылдады.

Ал оның зардабын бүгін Ресей мен қатар Қазақстан да шекті. Біздің барлық кинотеатрлар Ресей арқылы жұмыс жасап келгендігі анық болды. Бұлда шешілмеген мәселе.

Ресейге кіріптар болып қалғанымыздан біздің азаматтарымыз шетелдің контентін қазір көре алмай отыр. Біздің осы саладағы азаматтарымыз шығынға ұшырап жатқандығы да бар.

Бұл тұрғыда біз Ресейге деген тәуелділіктен айырылуымыз керек. Ал енді қазақша дубляж мәселесіне келсек, расымен де, бұл баяғыдан айтылып, қозғалып келе жатқан мәселе.

Біріншіден, тек қана киноларда ғана емес, жалпы ақпарттық өнімде, теледидар, кабельдік теледидар және т.б. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарының шешімі жүріп тұр.

Екіншіден, халықаралық өнімдердің барлығын біз, әсіресе теледидар жайлы сөз ететін болсақ, сол орыс тілінде қабылдап келе жатқандығымыз да бар.

Жарайды жеке арналар болса мейлі, өз өнімдері. Бірақ, халықаралық арналар неліктен орысша сөйлеуі керек? Мен осы нәрсені түсінбей-ақ қойдым.

Бұрыннан бері айтылып келе жатқан мәселе, неліктен олар қазақша дубляждарды шығармайды. Менің айтып отырғаным “Animal Planet”, “Discovery”, балаларға арнлған “Cartoon network” барлығы.

Неліктен олар айдаладағы елдің тілінде, орыс тілінде сөйлеуі керек. Меніңше, бұл жерде Қазақстанда үлкен кәсіби дубляж орталығын ашу керек. Мен осы мәселені ұлттық кеңесте де талай мәрте көтерген болатынмын.

Біздің өзіміздің отандық баспасөзді де әрине, дамыту керек. Сөз жоқ, аталған дүниелер қазақи контентті қамтамасыз етеді, бірақ бұл бүкіл әлемдік тәжірибе.

Түркиядағы “Discovery” түрік тілінде сөйлейді, Ұлыбританиядағы “Discovery” ағылышынша сөйлейді, Қытайдағы“Discovery” қытайша сөйлейді. Сонда неге Қазақстанда ол орысша сөйлеуі керек?

Я болмаса, қазір бастапқыда ондай мүмкіндігіміз болмайтын болса, жүздеген каналдарды тікелей қазақшаға аудара алмаса, өздерінің төл тілінде сөйлесін.

“Discovery” ағылышын тілінде сөйлесін, түрікше арналар түрікше сөйлесін. Бірақ, неге орысша сөйлеуі керек.

Қайта сол “Cartoon network” ағылшынша болатын болса, балаларымызда ақырындап ағылышнша үйрене береді. Бұл тек мәселенің бір жағы ғана. Ал екінші жағы, Украина үлкен талаптар қойып отыр.

Прибалтика елдері де осы шешімдерді қабылдап қойған.

Яғни, кез келген жаңа туындыға міндетті түрде басымдық берілу керек және мемлекеттік тілде жүруі қажет. Алғашқы кино прокаттарда бір немесе екі аптада, сұраныстың көп кезінде фильмдер міндетті түрде, тек қана сол елдің тілінде жүргізіледі.

Жаңа фильмдерді алғашқы апталарда заман талабына сай, голливудтың талаптарына сай, сапалы түрде аударып шығу тәжірибесі бізде де бар. Дегенмен, мұны нақты түрде біздің кинотеатрларға міндеттеу қажет.

Себебі, бұл бүкіл әлемде бар тәжірибе. Мемлекттік тілде шығатын фильмдерді, кәдімгідей прайм таймға қою әзірге жолға қойылмаған.

Қазақша мүлде жоқ, тіпті жақсы дубляж болған күннің өзінде оны не азанда қойады, не түнде қойады. Жұрт көп келетін уақытта, сауда орталықтарында көбіне орыс тілді киноларды береді. Бұл мәселені де меніңше, түзету қажет.

Дегенмен, бұрынғымен салыстырғанда, қазір сұраныс әжептәуір бар. Қоғам қазақиланып келе жатыр. Мысалы, “Человек-паук” болсын, басқаларын болсын қазақша көргісі келеді.

Бірақ, біздің азаматтарымыз ондай мүмкіндіктен шектелген. Меніңше, бұл да мемлекеттік тұрғыдан қабылданатын шешім. Ал негізі айналып келгенде, бастапқы ой бізде ірі дубляждық орталық болуы қажет.

Ол фильмдер бола ма, телеарналар бола ма, ғылыми телеарналар бола ма, ең бастысы сапалы қазақ тіліндегі аудару, дыбыстау орталығы болса. Белгілі бір уақыт өтіп кеткеннен кейін ғана емес, дәл, нақты уақытта аудару дұрыс.

Бір жыл, екі жыл өтіп, барлығы көріп болғаннан соң емес, уақытында, дер кезінде шығару әлемдік тәжірибеге негізделген.

Қазақ тілін дамытамыз, қазақ тіліне мүмкіндік береміз деп келеміз, дегенмен, арасында орысша сөздер қылтиып шығып қалатыны да бар. Көбінесе интернет, әлеуметтік желілерде.

Теледидар мен интернтті қоса қалсаң, тоқсан тоғыз пайызы орыс, ағылшын тілдеріндегі контент. Бүкіл әлемнің контентін Ресей құрап отырған жоқ қой, ол тек екі немесе үш пайызын алады.

Ал қалған басым көпшілігі ағылышын тіліне тиесілі. Яғни, біздің елімізге әкелінген ағылышын тіліндегі өнімдер неге осыша сайрауы қажет.

Менің айтып отырғаным осы. Сондықтан осы дүниеге қаражат бөлінуі қажет. Егер олар қазақша сөйлемес, біздің балаларымыз да қазақ тілінен мақрұм болады. Тіпті қарапайым, “National geographic” секілді танымдық дүниелерді қарайды. Егер оларды аударса, тіліміз ауыз екі тілден, ғылыми, заманауи тілге айналады.

Сонда ғана көп нәрсе түзеледі. Адамдар голливудта соңғы шыққан фильмдерді көргілері келеді. Мысалы, соңғы шыққан “Бэтман” киносының Ресейде көрсетілімі болмағаннан кейін, кей адамдар осыны көру үшін ғана Қазақстанға келді деген де ақпараттар шықты.

Бұл тек бір ғана мысал. Егер осы секілді киноларда қазақ тілінде сапалы шығатын болса, қазақтрады былай қойғанда, орыс тілділер үшін де әжептәуір бір түрткі, мәжбүрлеу.

Сол фильмді ұнаса да, ұнамаса да мәжбүрлі түрде қазақша көрсе құлағы ақырындап осы тілге үйренеді. Бұл меніңше, тек қана филологиялық қана емес, саяси әлеуметтік маңызы бар шаруа.

Досмахамбет Қалмаханұлы Көшім. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұл тақырыппен, бұл мәселемен кезінде талай адамдар шұғылданды. Негізінен қойылған мәселе, киноның сапасына және т.с.с. қатысы жоқ, оны кино мамандары біледі.

Ал бізге, ұлттық бағыттағы азаматтарға киноның қазақ тілінде шығуы, қазақ тілінде көрсетілуі, кинотеатрларда дубляждалған, қазақтың көшірме киноларын ғана көрсету мәселесі болды.

Ол мәселе кезінде де қойылған. 2012 жылы Парламентте арнайы Заң қабылданды. Оған киноның дистрибьюторі, кинозалдың басшылары, қазақ фильмнің мамандары тартылды. Солардың бәрі жиналып келіп, кинолар қазақшаға аударылғаннан кейін ғана кинотеатрларда көрсетілу керек деген заң қабылданды.

Бірақ ұмытпасам 2016 жылдың күзінде мәдениет заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізетін жұмысшылар тобының қауымдастығы құрылып, мені кіргізді.

Сол жерде осы мәселе қайта көтерілді. Бұл жерде дистрибьюторлар, киноның мамандары бәрі жылап-сықтап, дубляж жасау өте қиын екенін, уақыт пен ақша кететінін айтты. Сол себепті, дубляж жасамай-ақ, тек оны титрлармен, не болмаса кадр сыртындағы аудармамен жіберейік дегенді айтты.

Сол жерде біз отырдық және Нұртай Сабильянов болды. Осы айтылғандарға Нұртай Сабильянов екеуміз өте қарсы шығып, өз айтарымызды, өз ойымызды айттық.

Мен, осыншама жылдың ішінде қазқ тілінің дамуына әсер ететін жалғыз заң қабылданғанын, енді соның өзін қайта алып тастауларына қарсы болып, айқайға дейін бардық. Сонымен бұл мәселе уақытша кейінге қалдырылды.

Кейінге қалдырылған уақытты мен білмеймін, себебі мен одан кейін жұмыс тобына бара алмадым, мүмкіндігім болмады. Бірақ, бәлкім бір аптадан кейін немесе бір айдан кейін жұмыс тобының келесі отырысында бұл мәселе қаралып, өтіп кеткенге ұқсайды.

Себебі, осыдан кейін қазақша дубляждамай-ақ, кадр сыртындағы дауыспен, болмаса астындағы титрмен беруге көшті.

Бұл адам төзуге болмайтын мәселе. Кез келген мемлекеттің кинотеатрындағы фильмдердің бәрі сол мемлекеттің тілінде болуы барлық әлемдегі бар тәжірибе.

Ал біздегі фильмдерімізді астындағы титрмен көрген уақыттарда адамның жылағысы келеді. Қорлау секілді сезіледі, себебі бұл қазақ тілін қорлау, мемлекеттік тілді қорлаған болып есептеледі.

Менің ойымша, дубляж ешқандай қиындық тудырмайды. Сол кезде дистрибьюторлар киноны дубляждау үшін көп қаражат кетеді деген. Ал меніңше, олай емес. Себебі, мен басқа елдердің дубляж жасағандарының барлығын сол уақытта қызық ретінде қарап шықтым.

Кез келген фильмді әрі кетсе бір айға толмайтын уақыт ішінде тамаша етпі дубляждап шығуға болады, тіпті одан да ерте уақытта аяқтауға болады. Сол уақытта осылай өзгертуді ұсынған кино мамандарының айтуы бойынша, бір жылда небәрі үш фильмді дубляждап үлгердік дейді.

Бұған сенуге болмайды. Қысқасы, бұлар қазақ тілінде киноны кинозалда көрсету керек деген тұжырымға қарсы шықты.

Яғни, өздері қабылдаған заңға өздері қарсы шықты. Және мемлекет жағынан, Парламент жағынанда тосқауыл қойылған. Міне, қазір осындай жағдайдамыз.

Мысалы, Түркияда шетелдің фильмдері мен мультфильмдерін береді. Бірақ олар түрік тіліне аударылмаған нәрсені шығармайды. Біздің жасы кішкентай, үш-төрт жасар балаларымыздың қазақ тілін түсінбей, орыс тілінде сөйлеп кетуінің себебі де міне осында.

Өйткені, біздегі көрсетілімдердің барлығы да орыс немесе шет тілінде ғана болады. Және оны дубляжсыз кең аудиторияға, республика көлемінде көрстеуге болмайды деген заңды алып тастады.

Бұл үлкен бір соққы болды. Міне қазір қазақ киносының жағдайы осындай. Иә, қазақ тілінде шығарылған кинолар бар. Бірақ, ең қызығы, қазақ тілінде түсірілді деген киноның бәрін негізінен орысша түсіреді де, сол жерден дубляждайды.

Менің естуімше “Томириста” солай болған. Себебі, әртістердің, актерлардың көбісі орыс тілінде сөйлейді. Бұрын Олжас Сүлейменов орысша жазып, оны қайтадан қазақ тіліне аударатын едік қой. Дәл сол сияқты мәселеге біз қайта келдік отыз жылдың ішінде.

Ал бұл мәселе он жылдың ішінде жоғалып кетуі керек еді. Мұндай құбылыс болмау керектұғын. Бұл биліктің, мемлекеттің, үкіметтің мемлекттік тілге деген көзқарасы.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.