Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыста да дәруменге бай дақылдан дәм тат!

0 379

Жадыраған жаз – түрлі жеміс-жидектің асықпай пісіп, ауызға уылжып түсетін мәрт мезгілі. Алма, алмұрт, құлпынай мен қарбыз және басқа да түрлі дақылдың көгеріп, көктеп, жайқалып өсетін кезеңі. Қыстың қамын жаз ойлап жүргендер дәруменге бай дақылдарды жинап-теріп, қазан көтеріп, тосап қайнатып, қытымыр қыстың дайындығына кірісіп те кетті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Түрлі жемістерді қайнатып, тосап, компот, дайындамалар мен сан алуан тұздықтар жасаудың тәсілдері өте көп. Ал дәрумендері бойында қалсын деп жемістерді ешқандай қайнатпастан, сол қалпында тоңазытқышта қатырып қоятын тәсілдер де бүгінде көптеп кездеседі. Қыстың көзі қырауда уылжып піскен жемістің дәруменіне адам ағзасы зәру. Осы тәсілге сай құлпынай, шие, лимон, тағы басқа да сақтап қоюға болатын түрлі жемістер кездеседі. Ал біз жылдан-жылға заманның құбылғаны сынды тосаптың да түрі өзгеріп, жаңарып отыратынын ескеріп, қыр-сырына қанығып, солардың дайындалу тәсілімен бөлісуді жөн көрген едік.

Тосаптың қыста суықтап, тұмауратқан сәтте ыстық шайға қосып ішудің пайдасы зор. Сонымен қатар дақылдардың әрқайсысының өз дайындалу тәсілімен қатар, емдік қаиеттері де жетерлік. Әсіресе қарақаттан, таңқурай, шие мен алмадан жасалған тосаптардың пайдасы шаш етектен. Және де бір сыры – тұмау тигенде шайға қосып ішсе, тез айығуына септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда әркім дайындай бермейтін, ерекше көкөністерден дәмі тіл үйірер дақылдардың қыстық азыққа дайындалу тәсілімен бөліспекпіз.
Қарбыз бен қауын джемі
Бұл екі шөлбасар жемістерден джем жасау ерекше дәмге ие. Сонымен қатар мұндай тәтті олардың қабығынан да жасала береді. Қабықтан жасалған джемді кез келген әйел жасай қоймағанымен, ерекшелікті сүйетін ас үй ханшайымдарының дастарқанынан табуға болады. Мәселен, алма мен банан да осы жемістердің сыртымен жақсы үйлеседі екен. Дәмі кірсін десеңіз, бал мен зімбір қосқан жөн. Лимон немесе оның шырынын қосу тәтті һәм дәмді қышқылды сұйылтуға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ уақыт сақтауға ықпал етеді, өйткені қауын мен қарбыздың құрамында қышқылдар жоқ және бұл дайындаманың қанттануына әкелуі мүмкін.
«Қымбат» тосап
Биыл сәбіздің нарығы жүріп тұр. Бір келі сәбіздің құны мың теңге төңірегінде шарықтағанын ескерсек, сәбізден жасалған «қымбат» тосап та сіздің ең құрметті қонақтарыңызға ұсынуға болатын дәм болатыны анық. Сәбізден тосап дайындау барысында 1 келі сәбізге дәл сол мөлшерде қант, 1 литр су және жарты шай қасық ванилин қажет.
Дайындау тәсіліне тоқталар болсақ, өңкей сарғыш сәбіздер іріктеліп, қабығы аршылады. Ұзыншалап (дөңгелектеп, төртбұрыштап, жұлдызшалап) кесіледі. Әсіресе жұлдызшалап кессе, тосап әсем көрінеді. Сәбіз кесінділері тосап қайнатылатын тегенеге салынып, үстіне су құйылады. Отқа қойылады да, ауық-ауық көбігін алып отырып қайнатасыз. Сәбіз жұмсарған кезде үстіне қант салынады. Содан соң от басыңқырап қойылып, сәбіз жылтырағанша тағы да қайнатылады. Хош иіс шығару үшін қайнап болды-ау деген кезде ванилин қоса қойсаңыз болғаны.
Асқабақ компоты
Ал сіз асқабақтан компот қайнатып көрдіңіз бе? Естілуі қызық болғанмен, бұл дәруменге бай әрі балалардың сүйікті сусынына айналатын ерекше шөлбасар болмақшы. Компотты дайындауды бастамас бұрын асқабақ, су, апельсин немесе үлкен мандарин, қант, лимон қышқылы және ванильді қант дайындаңыз. Суды ыдысқа қайнатыңыз. Асқабақты қабығы мен тұқымынан тазалаңыз, текшелерге кесіңіз. Кішкентай апельсинді немесе үлкен мандаринді жақсылап жуыңыз. Қантты қайнатылған суға құйыңыз, асқабақ және апельсин шеңберлерін салыңыз. Дәмі үшін лимон қышқылы мен ванильді қантты қосыңыз. Компотты шамамен 5-7 минут қайнатыңыз және толығымен салқындатыңыз. Содан кейін тоңазытқышқа тағы бір-екі сағат қойыңыз. Компотты ыңғайлы ыдысқа құйып, асқабақтың бөліктерін сусынға салыңыз. Міне, асқабақ сусыны дайын.
Кәді мен баялды салаты
Қажетті азық-түліктерге тоқталар болсақ, 500 г баялды, 500 г кәді, 500 г болгар бұрышы, 500 г сәбіз, 700 г қызанақ, 100 г сарымсақ, 50 г 9 пайыздық сірке қышқылы, 150 г өсімдік майы, 100 г қант, 35 г тұз қажет.
Дайындалуы:
Баялдыдан өзге көкөністің барлығын тазалаймыз. Сарымсақты дөңгелектеп турап, сәбізді үккіштен өткіземіз. Кәді мен баялдыны үлкен етіп кесеміз. Бұрыштың дәнектерін алып, оларды да үлкенірек етіп тураймыз. Сірке қышқылы мен майды, тұз бен қантты бөлек ыдысқа салып, 3 минут көлемінде қайнатамыз. Осы қоспаны көкөністердің үстіне құямыз. Артынша барлығын 40 минут бойы бұқтырамыз. Салат дайын!
Қыстың көзі қырауда, қыстың қамын жаз ойлап банкі жауып, дәруменге бай азығымызды дайындап қоюға кірістік. Ендеше, іске сәт!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.