Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыс қыр астында: тегін жемшөп кімдерге таратылады?

0 1  835

Қыс қыр астында. Мұндай кезеңде шаруалар мал азығына қамданатыны белгілі. Ал биыл өңірде қыстауға қанша мал түсіп отыр? Олардың жемшөбі қажетті мөлшерде дайындалған ба? Шаруалар әзірлеген мал азығына субсидия төлене ме? Әлде басқаша жеңілдіктер бар ма? Қыс қаһары қос бүйірден қысқанда баға бұлқынып кетпей ме? Санаға салмақ салған сан сауалға жауап іздеп көрсек…

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2024-2025 жылғы мал қыстатуға 523,4 мың бас мүйізді ірі қара, 3,8 млн бас ұсақ мал (қой-ешкі), 184,9 мың бас жылқы және 7,7 мың бас түйе түседі деп күтілуде екен. Осыған орай, қыстауға түсетін мал санына қарай 3,2 млн тонна пішен, 99,0 мың тонна пішендеме, 88,0 мың тонна сүрлем, 467,7 мың тонна сабан және 353,0 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған.

Бүгінгі күні 303,0 мың гектар шабындық шабылып, қажетті 3,2 млн тонна пішен, 99,0 мың тонна пішендеме және 468,8 мың тонна сабан жиналған. Одан бөлек, 152,8 мың тонна дәнді дақылдар мал азығына әзірленіп отыр. Ал сүрлем жинау жұмыстары әлі жалғасуда. Жоспар 88 мың тонна болса, қазіргі таңда 63,2 мың тонна сүрлем дайын. Қалғаны бірер жетіде жиналып бітпек.
Осы тұста айта кетерлігі, 2023 жылдан қалған 136,4 мың тонна пішен, 34,4 мың тонна сабан және 5,0 мың тонна жем қоры да сақтаулы тұр.
Сондай-ақ 2024-2025 жылғы қысқа түсетін әрбір шартты малға 19 центнерден азық бірлігі дайындалған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 центнерді құраған болса, қазір шабылған шөптің негізгі бөлігі қыстау орындарына тасылуда.
Бұдан бөлек, мал азығы қорын жинақтау бастамасына сәйкес, облыс бойынша қосымша 1,2 мың тонна пішен дайындау жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 1,7 мың тонна пішен жинақталып отыр.
– Негізі «қыс жайлы болар» деп жайбасарлыққа салып алатынымыз бар. Содан қыс қаһарына мінгенде мал азығы жетпей, шаруалар шырылдап жатады. Міне, осы мәселенің алдын алу үшін мал азығы қорын жинақтау бастамасын көтердік. Яғни екі-үш ауылдың ортасына мал азығының қорын жинаймыз. Ал ол азық «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құрылған кооперативтердің техникасымен әзірленетін болады. Егер қыс қатты болып жатса, жергілікті әкімдік қораларында 5-10 тұяғы бар тұрғындарға пішенді тегін таратып береді. Тегін мал азығы әр тұрғынның мал санына байланысты болмақ. Бұл өз кезегінде қыста жемшөп бағасының өспеуін қамтамасыз етеді. Қожалықтарға болса, екі жылдық мал азығының қорын жинау туралы тапсырма бердік. Ол үшін оларға жеңілдетілген жанар-жағармай беріледі. Осылайша шаруаның да, тұрғындардың да мал азығының қорын қалыптастырып, баға тұрақтығын сақтап қаламыз. Бұл жаңа жүйе болғандықтан, әзірге пилоттық түрде өтуде. Алайда өз жемісін беретіндігіне бек сенімдімін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.
Иә, бұл шынында ұтымды шешім екен. Егер шаруаларда мал азығының екі жылдық қоры болса, ал тұрғындарға жемшөп тегін таратылып жатса, онда алыпсатарлардың тірлігі тоқтайтыны сөзсіз. Ол кезде баға да бұлқынбайтыны анық.
Әбілхайыр Ғалымұлының айтуынша, қазір аудандарда арнайы жұмыс тобы құрылып, жемшөп қорына зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Сондай-ақ олар шалғайдағы мал қыстауларын да тексеруде.
– Бүгінде аудандарда барлығы 5 862 мал қыстату орындары бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдар. Яғни құмды аймақта орналасқан. Қазір осы құмдағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар және 936 баз жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне дайындалуда. Сондай-ақ олардың жемшөп қоры да зерделенуде.
Жасыратыны жоқ, сұраныс болмаса, баға өспейтіні анық. Сондықтан біз қожалықтар мен қолында 5-10 тұяқ малы бар тұрғындарды толықтай мал азығымен қамтуға күш салып жатырмыз.
Қазіргі таңда облыс аумағында 1 түк пішеннің бағасы 500-650 теңге аралығында болса, 1 келі құнарлы жем құны 60-68 теңге көлемінде сатылуда. Біз осы бағаны қыс айында да тұрақты ұстап қалуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.
Иә, қыс қатты болса, шалғайдағы шаруалар шырылдап қалатыны белгілі. Сондықтан жергілікті билік өкілдерінің олардың қыстауларын жөндеуден өткізіп, мал азығына да қол ұшын созып жатқаны – қуанарлық жайт. Оған қоса, тұрғындар да тегін жемшөп алатын болса, бұл нұр үстіне нұр.
– Шындығы керек, мұндай нәрсе бұған дейін болмаған еді. Бұрын өз қотырымызды өзіміз қаситынбыз. Қыс қатты болып жатса, мал азығы таусылып, қымбат бағаға ұрынып жататын кездеріміз де көп болды. Қазір билік өкілдері қажетті техникамен қамтамасыз етіп, оған қоса жанар-жағармайын беріп, мал азығын мол қылып жинап алуға мүмкіндік тууда. Қыста өзіміз қыстауда болсақ, ауылдағы үйде бес-он тұяқ қалып жататын. Биыл ол малға да алаңдамайтын болдым. Өйткені егер дайындаған жемшөбіміз жетпей жататын болса, әкімдіктен тегін мал азығын алуға болады. Шаруа адамға неге керек? Дәл осындай қолдаулар қажет. Осы жаңа жүйені ойлап тапқан адамдарға алғысым шексіз, – дейді Мойынқұм ауданының тұрғыны Ерлан Құдабаев.
Бүгінде өзге өңірлерде мал азығын дайындауға мемлекет тарапынан субсидия қаралатыны белгілі. Алайда Жамбыл облысында ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. Себебі жемшөпті әзірлеуге жергілікті билік өкілдері тікелей көмектесуде. Бұдан артық шаруаға не керек? Қыстаудағы малыңа екі жылдық қор жинауға әкімдік тікелей демеп жатса, ал қорадағы төрт түлігіңе тегін жемшөп берсе, уайымсыз мал басын көбейтуден басқа тірлік жоқ. Бұл, сөз жоқ, бас бармақпен бағалайтын бастама. Тек, қорға жиналған мал азығы талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесе болғаны.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.