Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ырыстың төрі – тазалық

0 212

Өзіміз өмір сүріп отырған ортаның таза болуы тікелей сол қаланың тұрғындарына байланысты. Саф ауа, кіршіксіз табиғат – адам денсаулығының нық кепілі. Міне, осындай маңызды міндетті жіті түсінетін тараздықтар екі айлық барысында сенбіліктерге белсенді қатысып келеді.

Зере Қуаныш

Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау мақсатында күзгі екі айлық аясында сенбілік кестесі бекітіліп, онда саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау мәселесі қолға алынған-ды. Бұл жолы жоғары және арнаулы оқу орындарының 500-ге жуық студенті шырайлы шаһарымыздың ең көрікті жерлерінің бірі Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта сенбілік өткізіп, тазалық жұмыстарына белсенді қатысты. Жалынды жастар әп-сәтте көпшілік демалатын орынның күл-қоқысын жинап, мұнтаздай таза қалыпқа келтірді.
Дәстүрлі сенбілік мұнымен түгесілген жоқ. Облыстық және қалалық мекемелер, кәсіпорындар, облыс әкімдігінің басқармалары мен қала әкімдігінің бөлімдері, кәсіпкерлер және бизнес өкілдері өздеріне тиесілі жерді тазалап, көпшілік шарада белсенділік танытты. Сонымен қатар бас инспекторлар арқылы әрбір квартал комитетінің және пәтер иелері кооперативтері мен үй ағалары қала тұрғындарымен бірлесіп игілікті шараның бел ортасынан табылды.
Апта сайын ұйымдастырылып отырған сенбілікке бұл жолы жалпы 7000 адам қатысты. 113 тонна күл-қоқыс шығарылды. Оған барлығы 17 дана техника жұмылдырылды. Ал тазартылған арық жүйесінің ұзындығы 14,8 шақырымды құрады.
Сенбілікке белсенді қатысқан азаматтар сүйікті қаламызды еліміздегі ең көрікті әрі таза шаһарға айналдыру үшін қолдарынан келгендерін жасайтындықтарын алға тартып, барша тараздықтарды мұндай игі іс-шарадан тыс қалмауға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.