Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырағы күзет қызметіне құрмет

0 1  412

Отандық теміржол желісі тартылғалы бері Әскерилендірілген күзет қызметі қауіпсіздік қалқанына айналды. Түн баласы кірпік қақпай, ауа райының қолайсыздығына қарамай, өз өмірін тәуекелге тіге жүріп, қызметіне адалдық танытқан азаматтардың ерлігі қандай құрметке де лайық. Міне, сондай көптің алқауына бөленген «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-нің қатарында Тараз филиалының шоқтығы ерекше биік.

Өндірістік, қаржылық және басқа да негізгі салалардағы жоғары нәтижелердің арқасында күні кеше «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-нің Тараз филиалы «Үздік Әскерилендірілген теміржол ұжымы» атағын иеленіп, адал еңбектері әділ бағаланып отыр. Аталған марапатты «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Нұрлан Сауранбаев Тараз филиалының директоры Еркін Мүсілімовке салтанатты түрде табыстады.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының барлық аймақ бойынша 11 филиалы бар болса, соның ішінде қалтқысыз қызметімен өзге өңірлерге үлгі болып отырғаны – Тараз филиалы. Әрине, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, даралану оңай емес.

Жалпы үздік филиалды анықтау ӘТЖК филиалдарының рейтингілік бағасын есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл әдістеме «ӘТЖК» ЖШС бас директорының 2024 жылғы 21 маусымдағы № 63-н/қ бұйрығымен бекітілген. Аталған әдістемеге сәйкес, филиалдар әртүрлі өндірістік және қаржылық көрсеткіштер бойынша ұпайлар негізінде бағаланады. Онда барлығы 23 негізгі көрсеткіш қарастырылған. Олар қызметтің көптеген аспектілерін қамтиды. Олардың ішінде шұғыл әрекет ететін оңтайлы топтары қызмет көрсететін учаскелерде алды алынған ұрлықтардың саны, филиалдың кінәсінен вагондар немесе контейнерлердің пломбаларының (ТПҚ) бұзылу немесе жоғалу оқиғалары, күзетілетін вагондар мен контейнерлерден жүк ұрлау фактілері, жұмыс орнындағы жарақаттану, алдын алған жарақат, өрт қауіпсіздігін бұзу жағдайлары сынды көрсеткіштер таразыланған. Бұл бағалау жүйесі ең үздік филиалдарды анықтауға және жақсы нәтижелерге қол жеткізген филиалдарды ынталандыруға мүмкіндік беруде. Сондай-ақ қызметкерлердің тиімділігін, мотивациясын арттырып, корпоративтік мәдениетті және теміржол объектілеріндегі жалпы қауіпсіздікті жақсартуға ықпал етуде.
Бүгінгі таңда Тараз филиалында 524 күзетшіден тұратын жеке құрам өздеріне бекітілген аумақта ұсынылған пойыздардағы құнды жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген даналыққа ден қойсақ, тынбай жасаған ізгі істерінің арқасында күні кеше аталған филиалдағы 10 күзетшінің еңбегі еленіп, арнайы марапатталды. Бұл марапат олардың адал қызметіне құрмет, алдағы жұмысына шабыт болмақ.
Расында, мұндай ауыр қызметті екінің бірі игеріп кете алмайтыны анық. Сондықтан теміржол күзеті қызметкерлерінің көзсіз ерлігі сөзсіз құрметке лайық. Осы орайда «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Тараз филиалының ұжымын жоғары марапатымен құттықтай отырып, еткен еңбектері ел есінде, жасаған жұмыстары жұрт жадында қалсын деп тілейміз!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.