Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырғызстаннан Қазақстанға кіретін жүк көліктері неше минутта тексеріледі

0 256

Қырғызстаннан Қазақстанға күніне 500-ге дейін жүк көлігі кіреді.

«Жүк көлігін тексеру уақыты өзгермеді. Себебі, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік шекараны санаттау қағидаларының талаптарына сәйкес, бір жүк көлігін тексеруге 25 минут уақыт қарастырылған. Қырғызстаннан біздің елге қазір күніне 400-ден 500-ге дейін жүк көлігі кіріп жатыр», – делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Қазақстанға Қырғызстаннан жүк көліктері арқылы негізінен халық тұтынатын тауарлар (киім-кешек, аяқ киім, кеңсе заттары, қағаз бұйымдар және тағы басқасы), жеміс-көкөніс өнімдері (қарбыз, қауын, қызанақ, қияр және тағы басқасы), сүт өнімдері, құрылыс материалдары (бояулар, лактар, еріткіштер) тасымалданады.

«Жүк көліктерінің шамамен 60% транзит арқылы Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына өтеді», – деп нақтылады комитет.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, 2023 жылдың басынан Қырғызстаннан келген көліктерге жасырып, есірткі заттарын тасымалдаудың 20-дан астам фактісі анықталған.

Айта кетейік, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін тауарлардың (жүктердің) мониторингін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырады.

Биыл 21 тамызда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінің алдында жүк көліктері кептеліп тұрғаны хабарланған еді.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарада ешқандай шектеу қойылмағанын мәлімдеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.