Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ынтымаққа ештеңе жетпейді

0 591

Қазақ күнтізбесі мерекелік даталардан кенде емес. Бірақ, осыдан бес жыл бұрын күнтізбеге енген «Алғыс айту күнінің» жөні бөлек, жосығы ерек.

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні.

Бірінші наурыз – Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күні. Иә, елімізде өмір сүретін барша халық үшін көктемнің алғашқы күні «рахмет» сөзімен басталады. Мұндағы әрбір этностың бастан кешкен тағдыры ежелгі қазақ жерінде тоқайласып, ортақ құндылықтар мен мұраттарға бірікті.

Жалпы, біреуге алғыс айту, біреуден алғыс алу, құлаққа жағымды ізгі тілек тыңдау көңілге шуақ сыйлайтын жақсы амал. Бүгінде қазақстандық қоғамның өзіндік ерекшелігінен туындаған мерекенің аясы кеңи түсіп, жалпыхалықтық сипат алды.

Бұл күні баршасы бір-біріне барынша алғыс-ризашылығын білдіруге тырысады. Кіші үлкенге, дос досына, ұжым мүшесі барша ұжымдасқа дегендей, ақжарма тілектер айтып, құрметін көрсетеді.

Осы жерде кейде көпшілік арасында «мерекенің әу бастағы мақсат-мүддесі өзгеріп кеткен жоқ па, өзге ұлт емес, өзімізге өзіміз айтып жүргеніміз қалай?» деген кереғар пікірлер де айтылып қалады.

Бұл орайдағы ойымыз, кім кімге, қалай айтып жатса да, білдірілген ақ алғыстың артықтығы жоқ қой. Бір-бірімізге ризашылық танытқанның еш оғаштығы бола қоймас. Мұндай күн көптеген мемлекеттерде кездеседі, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ал, Қазақстандағы Алғыс айту күні – өзімізге ғана тән айтулы күн.

Бізде бұл күнді өзге ел ұлттарының қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өтілу ұсынылған болатын. Десе де, жақындарыңызға, айналаңыздағы адамдарға алғыс айтудың артықшылығы жоқ. Себебі мерекені сезіну және сезіндіру өз қолымызда.

Осы орайда бүгін Тараз қаласы Полиция басқармасы 2-ші полиция бөліміндегі ұжымның ата-аналарын құттықтадым.

Аналарымыздың құшағы гүлге, жүздері күлімдеген нұрға толды. Дүниеде қуаныш сыйлау, әсіресе перзенттері туралы жақсы сөздер естуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә…

Алғыс айту күнінің көктемнің алғашқы күнімен, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылуы да тегін емес. Жалпы ризашылық білдіру жұртшылықты жақындастырады, қоғамдағы түсіністікті қалыптастырады, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты одан әрі нығайта түседі.
Сондықтан бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипат алды, үлкен-кіші бір-біріне алғыс айту арқылы құрмет пен мейірім арнасын кеңейтті.
Бүгінгі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін! Қастерлі Отанымыздың іргесі берік, еңсесі биік болғай!

 

Асхат Алметов,
Тараз қаласы Полиция басқармасы
2-ші полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі  

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.