Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қымбатшылық қос бүйірден қысты

Алыпсатарлар айылын қайтсе жияды?

0 373

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бағалар бұйрықпен реттелмейді, бірақ әкімдер сатып алушылармен жұмыс істеуі тиіс. Үкімет барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесіп 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді және уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл принципті мәселе менің жеке бақылауымда болады. «Өнім дүкен сөрелеріне жеткенше бағаның бірнеше сатысынан өтетіні жасырын емес», – деген еді.

Бұл бойынша Жамбыл облысында кешенді шаралар қолға алынуда.
Айталық, кеше Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде де азық-түлік бағалаларын тұрақтандыру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 0,1 пайызды құраған.
Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір апта ішінде 2 тауар түрінің бағасы көтерілген. Атап айтқанда, ай-ран – 0,6, тауық жұмыртқасы 0,8 пайызға өскен.
Басқарма басшысы айран бағасы маусымаралық кезеңге байланысты, ал тауық жұмыртқасы өзіндік бағасының өсуіне байланысты қымбаттағанын жеткізіп, талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталды.
– Қарақұмық жармасы, күріш және І сортты бидай ұны тауарларына интервенция жүргізілді. Нәтижесінде, бұл тауарлардың статистикадағы бағасы тұрақталды. Өткен жылы 101 рет комиссия отырысы өтіп, 70 факт анықталып, жойылды. Жамбыл облысы артық делдалдық буынды жоюда басқа өңірлермен салыстырғанда төртінші орында тұр. Соңғы аптада 965 сауда дүкеніне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда сауда дүкендерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен сауда үстемақысын 15 пайыздан асырмауға сәйкес меморандумға отыру жұмыстары басталды, – деді А.Сейсебаев.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың сөзінше, өткен жылы ірі сауда желілеріне 51 тексеріс жүргізіліп, 35 кәсіпкерлікке ескерту берілген. Ал биыл 72 заң бұзушылық анықталған.
Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда болу қажеттігіне айрықша тоқталды. Ербол Шырақпайұлы бұл ретте уәкілетті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының белгіленген мөлшердегі баға үстемесін сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтерген кәсіпкерлік субъектілеріне байланысты қабылданған шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ жиында өңірде көкөністерді сақтау қоймаларының, жылыжайлардың санын арттыру мәселесі де сараланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.