Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылымның көкжиегі кеңеюде

0 453

Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Бұл – әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында: «Дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. Адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі. Көне заманнан бастау алған ілім жолы ешқашан үзілген емес. Соның ішінде өткен ғасырда қазақ ғылымы ерекше қарқынмен дамыды. Ал ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз», – деген болатын.

Бүгінде жаһандық даму тенденциясы да ғылымның ілгері басуына тікелей тәуелді. Біз қазір әлем елдері өз әлеуетін ғалымдарының потенциалымен өлшенетін кезеңде тұрмыз. Ол бәсекенің басты өлшеміне айналды.
Қазақстанда бүгінде ғылым саласында 22 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35 пайызы ғылыми, сондай-ақ академиялық дәрежеге ие. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 25 ғалымы Ұлттық ғылым академиясының, салалық ғылым академиялары мен кәсіби қауымдастықтардың құрамына қабылданған.
Жоғары білім беруді жалпы білім беру жүйесінен бөліп, өз алдына бөлек министрлік етіп құру қажеттілігі ғылымға баса көңіл бөлу мақсатынан туғаны белгілі.
Былтыр ғылымды қаржыландыру көлемі едәуір артты. Мысалы, өткен жылы университеттің 6 бірдей жас ғалымы «Жас ғалым» атты жас ғалым-постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурсында әрқайсысы 19 миллион теңгеден грант ұтып алды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов пен «Yildirim Holding» компаниясының атқарушы директоры Джейлан Исмаил, «QazaqSoda» ЖШС-нің директоры Рамазан Ибраимов өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Айталық, түркиялық «Yildirim Holding» трансұлттық корпорациясының «Qazaq Soda» ЖШС Сарысу ауданында сода зауытын салуда. Кәсіпорын 2025 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Зауыттың бастапқы сатысы іске қосылғанда, өнеркәсіпке 300-ден астам жоғары білімді химик-технолог маман қажет. Ал екеуара келісімге сәйкес, Дулати университетінің студенттері «Qazaq Soda» ЖШС-нің Сарысу ауданында ашатын сода зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар профессор-оқытушылары, ғалымдары, докторанттар мен магистранттар келісімшарттық зерттеулерді жүргізеді.
Бұл меморандум жас зерттеушілердің ғылыми-техникалық кеңістікте іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуіне, ғалымдардың жаңа жобаларын іске асыруға сараптамалық қызметті ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуге де жол ашады. Сондай-ақ өзара әріптестік туралы келісім Дулати университетінің қосымша кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың инновациялық модельдерін әзірлеудің үлкен мүмкіндігі екенін де айта кеткен жөн.
Былтыр жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының бес филиалын ашуды тапсырған еді. Мемлекет басшысы атап өткендей, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы жоғары оқу орындарының заманауи үлгілері мен ғылыми экожүйені ұлттық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді. Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2023 жылғы 19 қаңтарда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Аталған келісім қаржылық және материалдық қолдау көрсететін «Қазфосфат» ЖШС және Дулати мен Менделеев университеттерінің оқытушылары мен ғалымдары қамтамасыз ететін үштік спираль моделіне, яғни «білім – ғылым – өндіріс» шеңберіндегі өзара іс-қимылына негізделген. Осыған сәйкес енді ғылым мен білім беру, инновациялық қызмет, ғылымды қажетсінетін жобаларды әзірлеу және іске асыру, нарыққа жаңа технологияларды ілгерілету және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін заманауи технопарктер құру саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнайды.
Университетте еліміздің құрылыс индустриясы үшін қызығушылық тудыратын, өндіріске енгізуде таптырмайтын жобалар, зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдарымыз баршылық. Соның бірі – «Жетектелген талшықты темір бетонды полиберікті пирамидалы-приз-матикалық қадаларды әзірлеу» жобасы.
Қазіргі уақытта біз облыстың химия өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары «Қазфосфат», «Еврохим» ЖШС-мен ынтымақтастықта сүзгілер мен катализаторларды пайдалана отырып, шығарындылар мен қалдықтарды кәдеге жарату бойынша университет ғалымдарының жобаларын коммерцияландыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Құрылыс индустриясына қажетті және сұранысқа ие портландцемент, талшықты темір бетон, гипс, кездейсоқ күкірт қышқылын өндіру де жоспарланған. Сонымен қатар мұнай-газ секторының кәсіпорындары үшін ұңғымалардың қабырғаларын нығайтуға мүмкіндік беретін «Дифференциалды қасиеттері бар цемент шламдарын әзірлеу» жобасының нәтижелерін коммерцияландыру мәселесі де өз кезегін күтіп тұр. Мұның барлығы – Дулати университеті зерттеушілерінің еңбегі. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік институты 2021-2022 оқу жылында университет ғалымдарына өнертабысқа 10 патент пен 39 авторлық куәлік берді. Жалпы университеттің патенттік базасы 1998 жылдан бері 700-ден астам қорғау құжатын қамтиды.
2022 жылы университеттің 2 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атанса, 4 ғалымы қауымдастырылған профессорлыққа ие болды. Бұдан бөлек 8 ұстаз «философия докторы» PhD ғылыми дәрежесін иеленді. Соңғы бес жылда университеттің 33 оқытушысы «ЖОО үздік оқытушысы» байқауында жеңімпаз болса, 6 оқытушы мемлекеттік ғылыми стипендияға қол жеткізді.
Дулати университетінде биыл 8D05311-«Химия» және 8D07411-«Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» білім беру бағдарламалары бойынша PhD ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестер ашылды. Сонымен қатар университет ғалымдары меморандумдар негізінде Қазақстан Республикасының басқа жоғары оқу орындарымен, АҚШ, Германия, Португалия, Оңтүстік Корея, ТМД елдерінің серіктес университеттерімен бірлесіп, басқа да халықаралық ғылыми жобаларда орындаушы ретінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Бұған қоса Дулати университеті ғылыми-зерттеу институттарымен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 154 келісімге қол қойып, ғалымдардың халықаралық деңгейде зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік жасап отыр. Жасалған келісімдердің 47-сі алыс шетелдегі, 66-сы ТМД, 41-і республикадағы жоғары оқу орындары.
Біз шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту арқылы ең маңызды жетістіктерге де қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, университет ғалымдарының халықаралық деңгейде гранттар ұтып алып, жалпы адамзатқа ортақ проблемалардың шешімін табуда кең көлемде зерттеу жүргізулеріне жол ашылды. Соның бір дәлелі – Небраска университетімен (АҚШ) және Браганса политехникалық институтымен (Португалия) бірлескен гидротехникалық құрылыстар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың сарқынды суларын тазарту бойынша екі жоба. Қазір ғалымдар осы жобаны жүзеге асыру бағытында бірлесіп еңбек етіп жатыр.
Университеттің негізгі жылдық жетістіктері ретінде былтыр тиісті ведомство жариялаған ғылымды қаржыландыру бағытындағы конкурстарға біздің ғалымдарымыз 90 өтінім бергенін айтуға болады. Соның ішінде 52-сі 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға конкурсқа өтінім жолдап, нәтижесінде жалпы сомасы 157 108 483 теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданды. Сондай-ақ былтыр халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және жоғары оқу орындары ішіндегі конкурстарға 381 студент қатысып, оның 142-сі жеңіспен оралды.
Қазіргі таңда университетте 936 профессор-оқытушы еңбек етуде. Олардың 33-інің ғылым докторы, 249-ының ғылым кандидаты және 70-нің PhD докторы, 510-ында магистр ғылыми дәрежесі бар.
Университетте соңғы 5 жылда 15 ғылыми-зерттеу бағдарламаларының құрамдас бөлігінде белгіленген тақырыптық жоспарға сай 71 инициативтік ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілді. Ғылыми тақырыптық әркелкілігі бойынша қазір олардың саны 71-ге жетіп отыр. Ал былтыр 11 гранттық, 1 шаруашылық келісімшарт негізінде, 3 халықаралық, жалпы 15 ғылыми-зерттеу жобасы жүргізіліп, олардың нақты қаржыландырылуы 144,4 миллион теңгені құрады.
Біз мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды, өзіміздің ғылыми әлеуетімізді пайдалана отырып, ғалымдарға өз ісімен айналысуына мүмкіндік туғызуды көздейміз. Университетте студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби бағытын арттыру мақсатында нақты шаралар қолға алынуда.

Бағлан БАТЫРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Ақпарат және медиакоммуникация орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.