Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылым мен технология биікке жетелейді

0 380

Ұшқан құс пен жүгірген аңның жылдамдығын басып озған уақыттың уысында ғылым мен техниканың жетістігі адамзатты болашақтың заңғар биігіне жетелейді. Күні бүгінге дейін жаңалықтың жаршысы, білімнің телегей теңізін сіңіріп алғандар адамзатқа бағыт-бағдар беру секілді салмақты да салиқалы жауапкершілікті мойнына алып, баянды өмірдің дамуына үлесін қосады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ғылым мен технологияға негізделген дүние өрлей түсері анық. Тарихқа көз жүгіртсек, өткеніміз ғылымнан кенде болмаған, ендеше, болашақты да ғылым-білімсіз елестету мүмкін емес. Ғылым болмаса, дүниенің адамға берері жоқ. Ал өмірдің түйіні мен шешімі ғылым-білімге, дамыған технологияға барып тірелетіні белгілі.

Осы орайда Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғылым мен технологияға қосқан үлесі туралы айта кетуді жөн көрдік. Алдымен білім ордасының жай-жапсарымен танысу мақсатында мектеп директоры Тимур Нұркешовпен тілдескен едік.

– Ең алдымен білім мен ғылымға қызығушылық танытып, осы тақырыпқа ат басын бұрғандарыңызға алғысымды айтамын. Жалпы технологияның даму қарқынын, біздің оған қосып жатқан үлесімізді неден байқауға болады? Әрине, ол біздің оқытушылар мен оқушылардың жеткен жетістіктерінен, ашқан жаңалықтарынан, түлектеріміздің отандық және шетелдік белді жоғары оқу орындарына түсуінен байқалады.

Зияткерлік мектептің осы үш бағытта да айтарлықтай жетістіктері бар. Соңғы екі жылдың ішінде мектеп оқушыларының келесідей ғылыми зерттеу жұмыстары қаржыландыру гранттары мен авторлық құқық иегерлері атанды: жақында ғана Сыдықов Абылай және Әбдімәлік Анел есімді оқушыларымыз COVID-19 клиникалық ауру белгілерін қашықтан бақылау жасау құрылғысын жасап шығарып, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың 1 млн теңге көлеміндегі қаржыландыруына ие болды. Бүгінгі таңда оқушылар жетекшілерімен бірге өз өнімдерін қаламыздағы бір аурухананың қолданысына дайындау үстінде.

2020 жылдың түлегі Құрманбек Дана – сүт өнімдерін қайта өңдеу арқылы құрғақ сарысу технологиясын ойлап тауып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шегінде 2 млн теңге ұтып алды. Былтырғы түлегіміз Кенешбекова Аружан «Жамбыл Имталкон» металл конструкция зауытының өндіріс қалдықтарынан магнитті порошокты дайындау өндірісінің технологиясын жасап шығарып, еңбегіне авторлық төлқұжат алды.

Бізде осындай ерекше дарынды оқушылар ондап кездеседі.Оқушылардың отандық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда да жеткен жетістіктері аз емес.

Жоғары оқу орындарына түсу мәселесіне келсек, бітіруші түлектеріміз жыл сайын 100 % жоғары оқу орындарына түсіп отырады. Жыл өткен сайын беделді, ағылшын тілінде оқытатын университеттерге түсушілер саны артуда. Бір ғана мысал айтайын, былтырғы 2020 жылы оқу бітірген түлектің 40, яғни үштен бір бөлігі Назарбаев университетіне түсті. Оннан астамы АҚШ-тың, Қытайдың, Венгрия, Германия мен Италияның беделді университеттеріне жолдама алды.
Міне, осы аталған жетістіктеріміз, біріншіден, Зияткерлік мектепте білімнің сапалы берілетінін, екіншіден, біздің оқушылар ғылым мен технологияның дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғандығын, сондай-ақ олар ғылыммен қатар ел экономикасына да пайдасын тигізіп жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті мектеп басшысы.

Директордан алынған толымды жауаптан кейін озық мектептің жетістіктеріне сүйсіне отырып, менде журналист ретінде келесі сұрақ туындады. Сіздер осыншама жігер берер жетістіктерге қалай жеттіңіздер?

– Бұл, әрине, ұстаздар қауымының біліктілігі мен бірлігі арқасында. Барлығымызға ортақ міндет бар, ол – оқушылардың жеке даму траекториясы бағытында жұмыс жасау. Мен мектеп басшысы ретінде Зияткерлік мектепке келген уақыттан бастап оқушыларды дамыту траекториясы жобасына көңіл аудардым. Жобаның мақсаты – әрбір оқушыны зерттеу жұмысымен айналысуға баулып, белгілі саланың маманы ретінде дайындап, үлкен өмірде өз орнын табуға көмектесу. Мақсатқа жету үшін арнайы жоспар құрылып, онда оқушының әр сыныпта қол жеткізетін міндеттері нақты көрсетілген. Мәселен, 7-сыныпқа келген бала алғашқы жылы мұғалімдердің, кураторлар мен кәсіптік бағдар берушінің көмегімен өзінің қабілетін, қызығушылығын ескере отырып, болашақ бағытын айқындайды. 8-9 сыныптарда бала терең оқумен, іздену жұмысымен айналысып, өзін-өзі дамытады. 10-11 сыныптарда алған білімін, іздену жұмыстарын іске асырып, республикалық, халықаралық деңгейдегі зерттеулерде нәтиже көрсетеді.

12-сыныпта, алдыңғы 4 жыл бойы жүргізілген жүйелі әрі кешенді жұмыстар өз нәтижесін беріп, қалаған университетіне түсе алады, тұлға ретінде қалыптасады. Біздің мектебіміз бен университеттің әртүрлі талабына төтеп беріп, жаһандық жарыстарға бейімделген, технологиямен қатар үш тілді меңгерген, өз ұлтының да, өзге халықтың да мәдениетін бойға сіңірген түлектеріміз кез келген қоғамнан орын алар тұлға болып қалыптасады. Біздің негізгі мақсатымыз да осы – жан-жақты, XXI ғасырдың құндылықтарын бойына сіңірген дарынды тұлғаларды тәрбиелеу. Осындай жаһандық білім талаптарын сәйкес келетін дарындар ғылым саласында да оңай жетістікке жеткізеді.

Жоғарыда атап өткенімдей, негізгі еңбек – мұғалімдердікі. Біздің оқытушылар ұсынылған жобаның пайдасын түсінгеннен кейін, оны бірауыздан қолдап, әрбір оқушымен жеке жұмыс жасап, қазір ол жалпы іс-шараға айналды. Алайда оны іске асыру үшін тек ауызбіршілік ештеңе шешпейді. Ол үшін балаларды осындай биіктікке дайындай алу үшін мұғалімдерде ғылымға деген қабілет пен қызығушылық болу керек. Мен біздің мұғалімдердің біліктілігі мен қабілеті сондай биік деңгейде болғанына қуанамын. Алдағы уақытта бұдан да биік асулардан асамыз, жетістіктерге жүйелі жетіп отыратын боламыз, – деп сеніммен атап өтті директор.

Аталмыш мектептің ғылым мен технология жолында сіңірген еңбегі елеулі. Уақыт озған сайын адам баласының игілігі үшін ойлап табылған түрлі ілім-білім күннен- күнге жетістігін алға тартып келеді. Және бұл мәселе халық игілігі үшін маңызды. Ғылым мен технологияның қуатын пайдаланып, жасампаз һәм жаңа көзқарас қалыптастыру мақсатында ізденіп жүрген ұстаздар мен оқушылармен сұхбаттастық. Осы мектепте 2014 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Эльмира Молдабектің еңбегі бір төбе. Аталмыш мектептегі педагогикалық еңбек өтілі – 10 жылға жуық. Біліктілік санаты – мұғалім-сарапшы. Өзінің білім жолындағы ізденісін 2015 жылы Қазақ тілінен жаңартылған білім беру бағдарламасынан бастаған. «Мектептегі оқушылардың дарындылығын дамыту», «Тәжірибедегі зерттеу» курстарының тренері.

– Көпшілік Назарбаев Зияткерлік мектебі десе, оны тек жаратылыстану бағытындағы мектеп деп ойлайды. Негізінде, бізде гуманитарлық ғылымдар саласында да дарынды оқушылар көп, бұл бағытта да терең білім береміз. Мысалы, менің қазақ тілінен олимпиадаға дайындаған оқушыларым Зияткерлік мектептер арасында өткен желілік олимпиадада үнемі жүлделі орындар алады. 2020 жылы І орын алған оқушым – соның дәлелі. 7 оқушым «Дарын» РҒПО ұйымдастырған республикалық онлайн олимпиадасының І және ІІ орын жүлдегерлері. Еңлік Мыңжанқызы есімді оқушым «ІІ Шерхан оқулары» байқауында, Халықаралық «Сәтбаев оқулары» байқауларында топ жарып, зерттеу мақалалары жарық көріп жүр. Сол сияқты Алтынай Сауранбаева есімді оқушым 2021 жылдың қаңтар айында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде І орынды иеленіп, республикалық кезеңде грамота алды. Осы және басқа да еңбектерімнің арқасында облыстық және республикалық грамоталар мен Алғыс хаттар алдым, – деп атап өтті Э.Молдабек.

Мектептің дәрежесін көтеріп, ілім қуған ұстаздардың арасында Қанат Қаражігітова да бар.

– Кәсіби жетістіктеріме тоқтала кетсем, «CITO international» «Тест тапсырмаларын дайындау технологиясы» тренер сертификаты, «Білім алу мен ынтымақтасудағы ұстаз көшбасшылығы» бағдарламасы, HertsCam cертификатын алғанмын. Осы бағдарлама аясында Кәсіби білім алу қоғамдастығын құрып, ұстаз жетекшілігімен жүргізілетін дамыту жұмысына жетекшілік еттім. КБАҚ-қа ұстаз ретінде мектеп ішіндегі кәсіби мәдениетке өзгеріс енгізе алатынымызға және кәсіби ынтымақтастықта оқушылардың білім алуын жетілдіріп, білім берудегі реформаларға үлесімізді қоса алатыныма көзім жетті. «Дифференциалдық теңдеулерді практикалық есептер шығаруда қолдану» әдістемелік нұсқаулық, «Геометрия 10-сынып» жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған видеосабақтар дайындадым. «Білім алу мен ынтымақтасудағы ұстаз көшбасшылығы» бағдарламасын жасадым. Нәтижесінде облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім ұйымдарының жүлделі орындарымен және Алғыс хаттарымен марапатталдым. Олардың қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ЮНЕСКО сынды ұйымдар бар, – деді ұстаз.

Ал осы мектептің 12-сынып оқушысы Саяжан Оңласын – әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша ENACTUS мектеп клубының капитаны және бірнеше ІТ-стартаптардың негізін қалаушы.

– Стартап – бұл пайдаланушылардың мәселелерін шешу үшін жаңа технологияларды немесе бизнес-процестерді қолданатын коммерциялық компания. Менің басты стартапым – UnApp Space, бұл талапкерлерге IT-технологияларын қолданып, шетелдік ЖОО-ға түсуге көмектесетін онлайн-платформа. Біз шағын достық топпен жобаны дамытып жатырмыз. Менің құрылтайшыларым – Сұлтан Мұстафин, Іңкәр Ибраһим, Арслан Айменов, Еңлік Серпен және Камилла Машанло. Жобаны құру идеясы маған 11-сыныпта жеке проблемаға тап болған кезде келді. Содан кейін университетке түсуге дайындалдым. Мен күнделікті тапсырмаларымды шешу үшін әртүрлі қосымшалар мен онлайн-платформаларды қолдануға дағдыландым, сондықтан жүйеге желілік платформаға немесе мобильді қосымшаларға кіруге көмектесу керек деген ой келді. Негізгі идея: оқушы қосымшаларды жүктей алады немесе сайтқа кіре алады және кез келген уақытта бейнесабақтарды көре алады, мұнда оқушылар өз тәжірибелерімен бөліседі және оқуға түсу мүмкіндігін арттырады. Біз жоба бойынша бір жыл бұрын жұмыс істей бастадық. Біз өз қолданушыларымызбен көп сөйлестік, өзгерістер жасадық және өнімді жақсарттық. Біз стартапшылар конкурстарына жиі қатысамыз. Соңғы байқау TechStars StartUp Weekend болды, біз республикалық кезеңде бірінші орынды және Орталық Азия кезеңінде екінші орынды жеңіп алдық. Біздің жалпы сыйақы 3500 долларды құрады. Біз бұл ақшаны алдағы екі айда қазақстандық нарықта кеңейту үшін пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деді өз сөзінде.

Әлі де бергенінен берері мол, ілім-білімнің көкжиегінен көрінген үздіктерге «іске сәт» дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.