Еңбек адамы – елдің адамы дейміз. Өйткені мемлекеттің дамуы, ауылдың ажары, қала тіршілігінің қалыпты ағымы, ең алдымен, маңдай терін төккен қарапайым еңбектің иелеріне байланысты. Сол еңбек майданында көзге көп көрінбейтін, бірақ ел экономикасының күретамырын ұстап тұрған бір топ мамандар бар. Олар – су шаруашылығы саласының мамандары.
Бір қарағанда «су шаруашылығы» деген жеңіл көрінгенімен, оны игеру, елді мекендерді үздіксіз қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін іс. Ауыл шаруашылығы дамыды дейміз, егін бітік шықты дейміз – мұның артында да су мамандарының тоқтаусыз қызметі жатыр. Әрбір гектар жерге жеткізілген тамшы су үшін талай адамның тері төгіліп жатқаны анық. Бұл қатарда техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Сейтхан Қойбақовта бар.
Болашақ ғалым 1955 жылдың желтоқсан айының 28 күні жұлдызы биік Жуалы ауданы, Шыңбұлақ ауылына өмір есігін ашқан. Ауыл мектебіндегі он жылдық білім алып, еңбекке ерте араласып, қарапайым жұмысшы ретінде тірліктің дәмін тату – болашақ ғалымның табандылығын шыңдаған өмір мектебі болды. Еңбек жолын 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастаған ол екі жылдық еңбек тәжірибесінен соң, 1975 жүрек қалауымен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының табалдырығын аттап, инженерлік ойлау жүйесімен, талапшылдығымен көзге түсті.
– Мен батырлар мекені атанған Жуалы ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Еңбек жолымды 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастадым. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны «Гидромелиорация» мамандығы бойынша 1980 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым. Содан кейін жолдамамен Павлодар қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік Қазақстан кешенді бөліміне жұмысқа жолдандым. Осылайша ғылымға қадам басып, содан бері хал-қадірім жеткенше еңбек етіп келемін, – дейді Сейтхан Мелдебекұлы.
Оның аспирантураға түсіп, Новосибирск қаласында кандидаттық диссертация қорғауы – ғылымдағы өз орнын нықтап, зерттеушілік жолға түскенінің айқын дәлелі еді. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, теріскейде жинаған тәжірибесін ел игілігіне жарату мақсатында ол 1990 жылы туған өлкесіне оралып, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында ұстаздық қызметін бастайды. Міне, осы кезеңнен бастап ол тек ғалым ғана емес, талай жас маманның жолын ашқан, бар білімін шәкірт тәрбиесіне арнаған шынайы ұстазға айналды. Доценттік, кейін профессорлық дәрежеге көтерілуі, екі бірдей кафедраны басқаруы – оның біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне берілген әділ баға болатын.
Сондай-ақ 2004 жылы ғылым докторы атағын иеленіп, сол жылы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалуы – ғалымның еңбегіне деген зор сенім мен құрметтің көрінісі. Ғылыми жетекші ретінде ол халықаралық жобаларға басшылық жасап, Қытай, Ұлыбритания, Швеция, АҚШ университеттерімен бірлескен зерттеулер жүргізіп, есімін әлемдік ғылым қауымдастығына танытты. 220-дан астам ғылыми мақала, 60-тан аса патент, бірнеше монографияның жарық көруі – оның жемісті еңбегінің нәтижесі. Бұл еңбектер Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріндегі ғылыми-практикалық нысандарға енгізіліп, нақты пайдасын тигізсе, 2020 жылы профессор С.Қойбақовтың жетекшілігімен құрылған ғылыми топ Өзбекстанның Қарақалпақстан аймағындағы Арал теңізінің құрғаған аумағына бағытталған «Орталық Азиядағы жерасты суларын тұрақты дамыту үшін институционалдық әлеуетті арттыру» жобасын сәтті аяқтады. Қаржыландыру көлемі 22 500 АҚШ долларын құраған бұл зерттеу өңірдегі су ресурстарын тиімді басқаруға арналған өзекті ғылыми тұжырымдармен толықты.
Сонымен қатар профессор Солтүстік және Орталық Қазақстандағы гидромелиоративтік және гидротехникалық құрылыстар арналарының жел әсерінен су басу мәселесіне арналған ұзақ жылдық зерттеу жүргізді. Ол өңірдің қалың қарлы жауын-шашыны мен желдің жоғары қарқындылығы туындататын гидрометеорологиялық құбылыстардың физикалық тетіктерін анықтап, осы жағдайлардан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа тиімді әдістерін ұсынды. Ғалым әзірлеген бұл тәсілдер гидротехникалық және мелиорациялық объектілердің жұмысында қауіп-қатерді азайтуға бағытталған маңызды ғылыми жаңалық болды.
Бүгінде қаңбақ сияқты құрғақ өсімдіктердің кептелісіне байланысты технологиялық процестің бұзылып, су шаруашылығы объектілері жұмысының тоқтап қалуы – халық шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіретін құбылыс. Әсіресе, ауыл шаруашылығында, балық аулауда және елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету ісінде мұндай ақаулардың салдары үлкен шығын әкелетіні белгілі. Су шаруашылығы нысандарындағы қаңбақ кептелісін жою – көп уақыт пен қомақты қаржыны қажет ететін күрделі жұмыс. Бүгінде бұл мәселенің алдын алу немесе оны толыққанды шешетін тиімді технологиялар жоқтың қасы. Осындай тұста ғалымның өнертапқыштық қабілеті мен ғылыми ізденісі аталған түйткілдің шешімін табуға жол ашты.
Сонымен қатар Сейтхан Мелдебекұлы қарлы боран жағдайында гидромелиорациялық нысандарды пайдалану тәжірибесімен топырақтың дефляциясы каналдардың арналарын қоқыстардан механикалық тазарту өндірістік емес шығындарға әкелетінін және су объектілерін пайдалану шығындарын күрт арттыратынын ескеріп, техникалық қызмет көрсету шығындарын азайту үшін мелиорациялық каналдардың арналарында қар құрсауының алдын алу үшін инженерлік шаралардың әдістерін ұсынды.
– Бірінші болып қолға алған жобам канал бетіндегі мұзды бұрғылап, оның қалыңдығын өлшеу, қар үйінділерінің көлемін анықтау, каналдың қай бөлігіне қар қалай түсетінін айқындауға қатысты еді. Жалпы, менің ғылымдағы бағытым – осы. Бұған бірнеше жыл уақытымды сарп еттім. Әлбетте, сынау, зерттеу жұмыстарының нәтижелері арнайы формулаларға түсіріліп, одан есеп-қисапқа, көптеген сызулар мен кестелерге, сурет-схемаларға айналды.
1973 жылы «Ертіс-Қарағанды» каналы іске қосылған болатын. Оның ерекшелігі – Павлодардағы Ертіс өзенінің суын Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған арқылы оңтүстікке жеткізу еді. Ол жақта үнемі қатты боран соғады. Соның салдарынан терең каналға қар үйіліп қалады. Тіпті. қардың қалыңдығы 15-20 метрге дейін жетеді. Содан соң су деңгейі ары-бері ауытқып, мұз жарылады. Ал бұл үстіндегі қардың каналдың суын сорып алуына әкеледі. Содан болар, су ақпай, кептеліп қалады. Елді мекендерді су шаю апаттары осындай жайттардың кесірінен болады. Сол жылдары дәл осындай 2-3 апат тіркелгеннен кейін бізге зерттеуге тапсырма берілді. Зерттеу тобының құрамына алынып, осы тақырыпты диссертацияға арқау еттім. Новосибирск қаласындағы В.Куйбышев атындағы инженерлік құрылыс институтында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғаған соң қасымдағы әріптестерім осы жоба бойынша патент алуға кеңес берді. Осылайша 1990 жылы алғашқы зияткерлік меншігіме қол жеткіздім. Тұңғыш рет борасын қар суыру себебінен гидротехникалық құрылымдарда, автомобиль және теміржолдарда қар үйіндісі пайда болу механизмін анықтап, сол арқылы алғашқы болып қар үйіндісінің есебі методикасын және одан пайда болу қиындықтарын болжау тәсілін ұсынып, соның негізінде қар үйінділерімен күресудің бірнеше жаңа тәсілі ойлап табылды, – дейді ғалым.
Бүгінде Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанған ғалым бірқатар қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқаруда. Атап айтсақ, ол республикалық «Ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы, Шу және Талас өзендерінің су шаруашылығы құрылымдарын мемлекетаралық пайдалану бойынша Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының мемлекетаралық комиссиясының мүшесі, «Туған өлке» аймақтың тұрақты дамуына атсалысу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстандық геотехникалық ассоциация мүшесі, «Сушы» кәсіби біліктілікті тану орталығының төрағасы, Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғам өміріне белсене араласып келеді.
Ғалымның елге сіңірген еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы», «Құрмет» грамотасы, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті құрылысшы», «Шапағат» байқауының жеңімпазы – осылардың барлығы ұзақ жылдық еңбектің лайықты бағасы.
Қорыта айтқанда биыл 70 жастың желкесіне шыққан ғалымның өмір жолы – еңбекке адалдықтың, ғылымға беріктік пен табандылықтың, туған жер мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның ғұмырлық болмысы артынан ерген ұрпаққа өнеге, ғылым жолына түсетін жас буынға бағыт-бағдар болар шамшырақ іспетті. Бұл жетістіктің бәрі ең әуелі тынымсыз еңбектiң, өз пiкiрiн тура айтатын турашылдық пен әдiлеттiлiктiң, шынайы қарапайымдылықтың арқасы деп білеміз.
Жұматай КӨКСУБАЙ