Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қылмыстық ахуалды қайтсек оңалтамыз?

0 1  481

Полиция – қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, азаматтардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін орган. Полиция – әрқашан мемлекеттің тірегі, әділеттілік пен тәртіптің айнасы, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі.

Қазақстан – адам санына шаққандағы полиция қызметкерлері саны жағынан әлем бойынша алтыншы орында тұрған мемлекет. Оған мысал – «Forbes» журналының зерттеуінде келтірілген деректер. Қазіргі кезде Қазақстандағы күштік құрылым қызметкерлерінің саны қайтадан Кеңес заманындағы көрсеткіштерге жетіп отыр. Мәселен, 100 мың адамға шағар болсақ, елімізде 609 полиция қызметкері жұмыс істейді екен.
Жалпы бүгінгі таңда құқық қорғау саласының қай бағытына болмасын талап күннен-күнге күшейіп келе жатқаны белгілі. Тараз қаласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 8,3 пайызға төмендесе, 2023 жылы төмендеу 15 пайызды құрады. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 19,4 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар 19 пайызға, мас күйінде жасалған бұзақылықтар – 8,6, кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстар – 28,1, адамдар тобымен жасалғандары – 13, қару қолданумен жасалатын қылмыстар 53 пайызға төмендеген.
Адам өлтіру, тонау, бұзақылық, пәтер ұрлығы, қалта, ұялы телефон, мал ұрлықтарына қатысты қылмыстарды ашу деңгейі артқан. Қысқаша айтсақ, көрсеткіштер қылмыстық жағдайдың тұрақтылығын білдіреді.
Ресми дерек бойынша, елде жасалатын ұрлықтың 80 пайызы қалта ұрлығы болса, жоғалған мүліктердің 17 пайызын қалта телефондары құрайды екен.
Полиция қызметкерлері мобильдік телефон ұрлығының көбею себептерін олардың қымбаттығымен, оңай ұрлануымен және заңсыз телефондарға сұраныстың азаймай отырғанымен байланыстырады. Ал ұялы телефонын жоғалтқан иесі көп жағдайда оны қайтара алмайды екен. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл саладағы ұрлықтардың тек 26 пайызы ғана ашылатын көрінеді.
Қалта ұрылары аялдамаларда және автобустарда таңертең және кешке жолаушылардың саны көбейген уақытта іске кіріседі. Олардың құрбандары – негізінен жақсы киінген немесе бағалы заттары бар адамдар. Көбіне әйел адамдар, жас қыздар жиі тоналады екен.
Тараз қалалық полиция басқармасы берген мәліметтерді талдау нәтижесі шаһарда қылмыс саны 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері, бұзақылық қылмыстары бойынша айтарлықтай төмендегенін көрсеткенімен, адам өміріне қауіп төндіретін қылмыс түрлері – бопсалаудың 8 есеге, ұрлықтың 6,6 есеге, қарақшылық шабуылдың 50 пайызға, кісі тонау 7 пайызға өскенін алаңдатарлық жайт деп санаймыз.
Бүгінгі таңда Тараз қалалық полиция басқармасының штат бірлігіндегі 386 қызметкер «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Заңына сәйкес, қала тұрғындарының өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, оқиға туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, көмек көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, патрульдеу, құқық бұзушыларды іздеу және құрықтау жұмыстарын атқаруда. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері көшіп-қонушылар мен соттылығы аяқталмаған адамдармен жұмыс істеуде.

сыншама ауқымды жұмыстарды атқаратын жергілікті полиция қызметі басқармасының құрамындағы учаскелік полиция инспекторлары –ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы қызмет.
Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз ағаштарды жою мәселелер де учаскелік полицияға жүктелген міндеттер. Бұл тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда облыс орталығындағы 13 тірек пунктінде 68 учаскелік полиция инспекторы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Олар 2022 жылы құқық бұзушылық бойынша 11 039 азаматты анықтап, тірек пункттеріне жеткізсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 14 235-ке ұлғайып, құқық бұзушыларды анықтау саны 22,8 пайызға артқан. Олардың арасында 2022 жылмен салыстырғанда қаңғыбастар саны екі есеге артып, 224 адамға, бұрын сотталғандар саны 30 пайызға, әкімшілік жауапқа тартылғандар саны 5,5 есеге, сол сияқты отбасылық бұзақылар мен қылмыстық жауапқа тартылғандар саны екі есеге жуық артқан.
Ауыр қылмыстар саны да азаймай тұр. Ауыр қылмыстардың шамамен 60-70 пайызы көбінесе тұрмыстық салада маскүнемдер тарапынан жасалады. Отбасылық бұзақылар саны жыл сайын өсу үстінде. Тек өткен жылы олардың саны алдындағы жылмен салыстырғанда 17 адамға артып, 652 дәйекті құрап отыр. Құқық тәртібін бұзушылар арасында әйелдердің саны бұрынғы жылға қарағанда 60 пайызға артып отырғандығы – ой саларлық мәселе.
Дегенмен қандай болмасын қиын жағдайға душар болғанда бірінші кезекте полицейлердің қызметіне жүгінетініміз анық. Өйткені оларды әділдік іздегенде, құқығымыз бұзылғанда қорған болар арашашымыз деп білеміз. Алайда қоғам тыныштығы үшін күн-түн демей қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына лайықты жағдай жасалып жатыр ма? Өкінішке қарай, қаламызда бұл ретте кемшін кетіп тұрған тұстар жеткілікті көрінеді. Әсіресе тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасайтын көптеген учаскелік полиция пункттерінің бүгінде халі өте мүшкіл.
ысалы, №2 мөлтекаудандағы жекешелендірілген 5 қабатты үйдің астыңғы қабатынан орын тепкен полицияның №2 тірек пунктінің маңдайшасындағы тақтайшадан танымасаңыз, бір қараған адам қараусыз қалған баспана деп ойлауы мүмкін. Ал ішкі көрінісінің сұрықсыздығы соншалық, қарапайым тұрғындар мұнда арыз-шағымын айтып, көмек сұрай келуі былай тұрсын, кіруге де қорқатын сыңайлы. Тірек пунктінің іші де адам аярлық. Төбеден аққан судан сарғайған қабырғалары, сынған терезе, қиюы кеткен есік, тозған едені мен ескіре бастаған жиһаздары кірген адамға жағымсыз әсер қалдырады.
Дәл осындай көрініс №1 мөлтекаудандағы тірек пунктінде де қалыптасқан. Тірек пункттері орналасқан бұл баспаналар жеке тұлғалардың иелігінде болғандықтан, оларды бюджет қаражатымен жөндеуге мүмкіндік жоқ. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, баспананың иесі келіп, қай күні айдап шығар екен дегендей тәртіп сақшылары дәрменсіздің күйін кешуде.
«Ауыл Береке» базарының аумағында орналасқан тірек пунктіндегі жағдай тіпті ешбір сын көтермейді. Онда қызмет атқаратын учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полицияның оперативтік жедел уәкілдері, ұзын саны он шақты полиция қызметкері тірек пунктінде тұрақты жұмыс істейді дегенге де сену қиын. Көптен пайдаланылмаған, қалың шаң басқан 2 жазу үстелі, 2 орындық, 3 орындық – баспанадағы 3 қызметтік бөлменің бар сыйқы осы.
Мұнда жылдар бойы полиция басқармасы басшыларының бас сұқпағанының дәлелі ретінде кіреберістегі дәлізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы халыққа Жолдауы басты көрнекті құрал ретінде әлі күнге ілулі тұр. Бұл сорақылықты тірек пунктінде қызмет ететін полиция қызметкерлерінің «саяси сауатсыздығы» деп бағаламасқа лаж жоқ.
сындай жағдай қаланың «Гидрокешен» аумағында орналасқан тірек пунктіне де тән құбылыс. Полицияның учаскелік қызметкерлері қызмет етіп отырған бұл баспана М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің теңгеріміндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде орналасқан. Бұлар да университет әкімшілігі тарапынан «баспананы босат» деген бұйрық қашан түсер екен деп «жетім қыздың» күйін кешіп отыр. Әкімшілік болса полицияда өші бардай баспананы ауызсудан, жылудан ажыратып, әжетханасының есігін шегелеп тастаған. Полицияның 7 қызметкері қыста бүрсең қағып, электр пешіне энергияны жоғарыда тұратын пәтер иелерінен сұрап, қыстан лаждап шыққандығын айтып шағымданады.
Расында, кез келген уақытта алдыңғы шепте жүретін полиция қызметкерлерінің мұндай жағдайда қызмет етуі қала, облыс әкімдігі үшін үлкен сын. Жыл сайын ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған қаржының көптеген бөлігі игерілмей жататыны жасырын емес. Қыруар қаражатты қажетке жаратпай, кері қайтарғанша, осындай учаскелік полиция пункттеріне баспана сатып алу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет шығар.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс та бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Бесіктен белі шықпаған балалар бөтеннің мүлкін қолды етіп, ұрлық жасап, көше кезіп, қаңғыбастыққа салынып, темір торға қамалып, өз өміріне өзі балта шауып жатыр.
Қалалық полиция басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөнінде 36 инспектор жұмыс істейді, Олардың барлығы жоғары білімді, 70 пайызға жуығы аталмыш салада үш және одан да көп жыл жұмыс атқарып жүрген тәжірибелі қызметкерлер.
Өткен жылы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жүргізген рейдтік және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде, полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзышылық жасағаны үшін 7 602 жасөспірімді жеткізген. Әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 301 жасөспірімнің ата-аналарына әкімшілік шаралар қолданылған.
Тараз қалалық полицияның кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстар туралы 2023 жылдың қорытындысы бойынша берген мәліметіне көз жүгіртсек, жағдай алаңдатарлықтай. Мысалы, 2022 жылы жасөспірімдер арасында ауыр қылмыстарға, өз-өзіне қол жұмсауға мүлдем жол берілмеген болса, өткен жылы бұл көрсеткіштер күрт өсіп, жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс саны 1,5 есеге артқан, 2 ауыр қылмыс жасалып, 2 жасөспірім өзіне-өзі қол салған, қаңғыбастыққа салынған жасөспірімдер саны да 11,8 пайызға өскен.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен тіркелген 92 қылмыстың төртеуі жоғары оқу орындарында, 29-ы мектеп қабырғасында, ал басым көпшілігі, дәлірек айтқанда, 53-і колледж студенттері мен оқушылары, алтауын еш жерде оқымайтындар жасаған.
Кәмелетке толмағандар қылмысы бойынша «Парасат» колледжі 19 дерекпен алда тұр. Одан кейін «Болашақ» және Жамбыл медициналық жоғары колледжінің әрқайсысы 7 дерекпен, «Аспара», Жамбыл политехникалық жоғары колледждерінің әрбірі 5 дерекпен тізімді толықтырып отыр.
Бүгінгі күні 78 жасөспірім қалалық полицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның есебінде тұрғандардың көбісі мектеп, гимназия, лицей оқушылары.
егенмен жасөспірімдер тарапынан жасалынған құқық бұзушылық пен қылмыстарды талдау нәтижесі олардың арасында профилактикалық шаралардың тиімділігі төмен екеніне, жасөспірімдердің мәселесі тек оқу орындарының шеңберінде ғана емес, білім, денсаулық сақтау басқармалары мен колледж, мектептердің әкімшілігі бірлесіп әрекет етпесе, қылмыс саны үдей беретініне көз жеткізіп отыр.
«Бала – біздің болашағымыз» деп айтып жүреміз. Бірақ бос сөзбен еш нәрсе өзгерте алмаймыз. Мысалы, электронды темекені ересектерді былай қойғанда, мектеп оқушылары мен жастар күнделікті тұтынып келеді. Синтетикалық зиянды өнімдер, зиянды энергетикалық сусындар дүкендерде тоқтаусыз сатылуда. Осындай өнімдердің әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарады.
Тағы бір алаңдатарлық жайт – бақылаусыз, қараусыз, қалған жасөспірімдердің көбі қылмыс жасағанын өздері де аңғармай қалатыны. Мысалы, өткен жылы екі оқушы «10 миллион теңге алмасақ, қаладағы №51 мектепті жарып жібереміз» деп түнгі уақытта облыстық білім басқармасын, құзырлы органдарды аяғынан тік тұрғызғаны белгілі. Арнайы қызмет мектептің жан-жағын жіті тексеріп ештеңе таппаған соң, істің байыбын тексеру барысында 8-сыныптың екі оқушысы сабақты болдырмау үшін осындай әрекетке барғанын анықтаған. Балаларының осы қылығы үшін олардың ата-анасы жауапқа тартылып, 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сол сияқты өткен жылы облыс аумағында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс шеңберінде 2 кәмелет жасына толмағанға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілген.
ұл келтірілген дәйектер – өскелең ұрпақтың болашағына балта шауып, кері әсерін тигізетін іс-әрекет. Сондықтан да бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс үнемі белсенді түрде өткізіліп тұруға тиіс.
Қалалық полиция 2023 жылы алаяқтық қылмыс бойынша 243 деректі тіркеуге алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 дерекке кемігенімен, жасалған қылмыс түрінің небәрі 60 пайызы ғана ашылған. Бұған себеп аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шет елде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.
Мысалы, Тараз қалалық полиция басқармасына жүгінген жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Азаматша әлеуметтік желіде Қытайдан арзан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық керек-жарақтарды сататын интернет дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауарларды таңдап, мессенджер желісі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 141 800 теңге көлемінде ақша аударған. Алайда көрсетілген уақытта әйел тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған.
Сол сияқты Тараздық бір алаяқ «WhatsApp» мессенджерінде арнайы чат құрып, спорттық сайыстарға ставка тігу арқылы тез байып кетуді армандаған тұрғындарға 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып, 14 адамды алдап соққан.
Жуырда ғана Тараз қаласында алаяқтық қылмыспен ұсталған бір азамат өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, жерлестеріміздің бірінің сеніміне кіріп, оның ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін пайдасына шешіп беруге уәде беріп, алаяқтық қылмыс жасау арқылы 16 миллион теңгесін иемденіп кеткен.
Дәл осындай алаяқтарға алданғандардың көбісі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болатын көрінеді.
Өткен жылы облыста интернет-алаяқтықпен айналысқан 15 азамат ұсталса, олардың 11-і өзге өңірдің тұрғындары екені анықталған. Нақтылай түссек, қитұрқылыққа толы жолмен қылмысқа барғандар Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының азаматтары болып шыққан. Өкінішке қарай, бұл жағымсыз құбылысты тек құқық қорғау органдарының күшімен жою әзірге мүмкін болмай тұрған сыңайлы.
асыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең өткір мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 13-14 есе өскен. Әсересе есірткі пайдаланушылардың қатары күннен-күнге «жасарып» келе жатқаны алаңдатады. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналуда. Статистикаға жүгінсек, облыста өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленіпті.
Өткен жылы жол патрульдік полициясы қала көшелерінде жол-көлік оқиғаларын алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,8 пайызға, зардап шеккендер санын 20,3 пайызға төмендетуге қол жеткізген. Алайда бұл көрсеткіштер қайғылы жағдайларды төмендетуге сеп бола алмады. Өйткені жол апатынан болған адам өлімі 2022 жылғы 14 адамнан 2023 жылы 18 адамға немесе 22,2 пайызға артып отыр. Бұл сандардың артында адамдардың өмірі мен тағдыры тұр. Әрбір жол апаты – қаншама отбасы үшін орны толмас қайғы.
оңғы екі жылда қалалық жол сақшылары мас күйінде көлік жүргізген 461 жүргізушіні ұстапты. Бұл – ресми дерек. Ал ұсталмай сытылған немесе «бармақ басты, көз қыстымен» құтылып кеткендер қаншама. Ішімдік ішіп, көлік айдаған жүргізушілердің кінәсінен бейкүнә адамдар ажал құшып, денсаулығына зақым келіп, ауруханаға түседі. Оның сыртында қаншама техника ойран болды. Қаншама отбасы зар еңіреп қалды. Кім психологиялық ауытқуға ұшырады, кім мүгедек болып қалды, оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Осындай жантүршігерлік жол апаттарына кінәлі жүргізушілердің жеңіл жазамен құтылып, заңды айналып кетіп жатқан жағдайлары қоғамның наразылығын қоздырып, азаматтардың шамына тиіп жатыр.
Осыдан екі жыл бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап көлікті мас күйінде жүргізген азаматтарға жаза қатал болуға тиіс еді. Қатал болып-ақ жатқан шығар. Бірақ әлі де көлік жүрізу құқығынан айырылса да, көлік айдап, апатқа себеп болып жатқандар аз емес.
Оқырмандар арасында құқық қорғау органдарының мамандары барын пайдалана отырып көпшіліктің көкейінде жүрген бір мәселені көтергіміз келеді. Ол «Жасанды жол кедергісі» (лежачий полицейский) тәртіппен белгіленген талап бойынша, арнайы мекемелердің, мектептердің алдына қойылуға тиіс. Сол жол кедергілерінің арқасында көліктердің жылдамдығы азайып, адамға қауіп сейіледі. Алайда осы жол кедергілерді кейбір жерге қойғыза алмай жүрсе, біз сол жол кедергілерінен құтыла алмай отырмыз. Қазір көптеген қала тұрғындары көше бойында өз үйінің тұсына жасанды жол кедергісін қойып алуды әдетке айналдырып барады. Кей жерлерде жол кедергісі талапқа да сай емес. Диаметрі жарты метрлік темір трубаны екіге бөліп, дөңес бетін жер бетіне дөңкитіп, кедергі орнатып қойған. Қалай болғанда шағын көшенің басынан аяғына дейінгі бірнеше жерден кедергі қою ақылға сыйымсыз секілді. Тиісті орыннан осының заңдылығын, нақты жауабын білгіміз келеді.
үгінгі күні кез келген қоғамдық саланы цифрлы технологияларсыз елестету мүмкін емес. Көшелерде, қоғамдық орындарда орнатылған бейнебақылау камераларын пайдалана отырып, полиция қызметкерлеріне қылмыстық әрекеттерді жедел тауып, әкімшілік құқық бұзушылықтарды тез анықтауға зор ықпалын тигізуде. Жоба іске асырыла бастаған сәттен бері қала көшелеріндегі жол-көлік оқиғаларының төмендеуі байқалды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында «Сергек» жүйесінің үлесі зор екеніне дау жоқ, әрине. Дегенмен «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, көше бойында шамадан тыс орнатылған «Сергек» қадағалау камералары онсыз да күнін әрең көріп жүрген көлік жүргізушілерінің қалтасын қағып, қанаудың, тонаудың, одан әрі кедейлендірудің тиімді әдісіне айналып бара жатқандай көрінетіндігі де жасырын емес.
2023 жылдың 12 айында облыс аумағында адам саудасына қатысты жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық жасаудың – 5, кәмелетке толмағандар саудасының – 2, еңбекке мәжбүрлеу бойынша бас бостандығынан айырудың 2 қылмыстық дерегі анықталған. Сондай-ақ ішкі істер органдарының есебіне 70 жезөкше, 4 транссексуал және 3 жеңгетай тіркелген. Сонымен қатар көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынған 9 азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазақстанда адам саудасының ең көп таралған түрі – сәби саудасы. Сорақысы сол, әлі дүниеге келіп үлгермеген құрсақтағы баланы тағдыр талайына тастайтын безбүйрек аналар да бар. 2022 жылдың соңында қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға Тараздағы көпсалалы аурухананың екі акушері алдың ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 миллион теңгеге сатып жіберуі болды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін ескерте отырып, сот оларды 8 жылдан бас бостандығынан айырған. Бұл жалпы тіркеліп, жария болып, заңды түрде шара қабылданған оқиғаның бірі ғана. Ал, шын мәнінде, ресми органдар жыл сайын 5-7 сәбидің заңсыз сауда құрбаны болатынын айтып, дабыл қағып келеді.
Сонымен қатар бүгінгі қоғамда тағы бір әлеуметтік топтың өкілдері бар. Олар – қайырымды жандардан көмек сұрап, қайыр тілейтіндер. Бір күндік тамағы үшін қайыр сұрап жүргендердің тағдыры қиын екені айтпаса да түсінікті. Тағдырдың сынақтарына қарсы тұра алмай, осындай жолмен жан бағып жүргендердің қатары қаламызда артпаса, азаяр түрі байқалмайды. Қайыршылардың бірі мұқтаждықтан алақан жайса, енді бірі ащы суға жетер тиын-тебен сұрайды. Ал үшінші бір топ – қайыршылықты бизнес көзіне айналдырып алғандар.
айыршылар базар, мешіт маңы, вокзал аумағы секілді қоғамдық орындарды қызмет мекеніне айналдырып алған. Тіпті үлкен көшелер қиылысындағы бағдаршамдарға тоқтаған көлік жүргізушілерден қайыр сұраушылар жол қозғалысы қаупін туындатыны жөнінде шағымданушылар аз емес. Көбіне көше кезіп жаяу жүргіншілерден қайыр сұрап жүретіндер қолында құндақтаулы сәби көтерген сыған әйелдер. Жүргіншілерге арналған жол бойында отырып қайыр сұрап отырғандар арасында қандастарымыздың да көбейіп бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді.
Қайыр сұрау – сығандар үшін ата дәстүр, ал қазақ үшін әлсіздіктің нағыз көрінісі ғой. Бүгінгі күні қайыршысыз қоғамды көзге елестету мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі «Қоғамдық орындарда адамдарды мазалау» деген 449-бабында көрсетілген міндеттерді полиция қызметкерлері ұмытпағаны абзал.
Полиция қызметкері үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.
олиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болуға тиіс. Әйтпесе полицияның киімін өзгерткенімізбен, пейілін өзгерте алмаймыз.
Өкінішті жайт, соңғы екі жылда қалалық полицияның 9 қызметкері, оның ішінде біреуі сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық жауапқа тартылған. Ол аз болғандай, күні кеше ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері Тараз қалалық көші-қон полициясының басшысы мен орынбасарын пара алу үстінде ұстағаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерді шулатты.
Сөзімнің соңында айтарым, мақсатымыз полиция қызметін ашық ету, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен тиімділігін арттыру, жемқорлыққа қарсы шаралар, азаматтардың құқығын қорғау механизмдері сияқты мәселелерге назар аудару болды. Өйткені халық көбіне полициядан қорған емес, қауіп көретіні де жасырын емес. Біздер, қоғам белсенділері, полициядан конструктивті өзгерістер болғанын қалаймыз. Аттарыңызға сын айтсақ, қылмыс деңгейі төмендеп, полиция халық алдында есеп беретін, өз құзыретін асыра пайдаланбайтын деңгейге жетсе екен деген ниеттен айтамыз.
Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті күтеміз.

Сәкен ҚОНДЫБАЕВ,
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.