Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құқықтық сауаттылық – қоғам тірегі

0 536

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын артыруға, олардың құқықтарының сақталып, қорғалуына баса мән берген болатын.

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады.
Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз», – деген еді Президент бұл жайында.
Жалпы, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру соңғы жылдары ғана көтеріліп келе жатқан мәселе емес. Мысалға, Қ.Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында бұл жайлы: «Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.
Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.
Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.
Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын», – деп, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша басымдық берген еді.
Расында, елімізде халықтың заңмен бекітілген құқықтарының тапталмауына ерекше екпін беріліп отыр. Өйткені, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – мемлекет үшін ең жоғары құндылық. Бұл туралы Ата Заңның 1-бабында тайға таңба басқандай атап көрсетілген.
Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған осынау ұлан-ғайыр территорияда егемендік орнағанына 35 жылға жуық уақыт өтті. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Қазіргі уақытта бұл ұйымға 193 мемлекет мүше. Өздеріңіз білесіздер, 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. 2013 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы, 2013-2015 жылдары аралығында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. Мұның барлығы Қазақстандағы жалпы заңдылықтың, адамдардың азаматтық құқықтарының сақталу деңгейіне берілген жоғары баға
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғамның дамуының алғышарттарының бірі. Дамыған мемлекеттерде құқықтық саясаттың өркендегені соншалық – әр адам өз құқын қорғауға бейім тұрады. Демек құқықтық саясат іске аса бастағанда қоғамның дамуына кедергі келтіретін жемқорлық секілді түрлі жағымсыз әрекеттер сап тыйылмақ. Себебі бәрі заң шеңберінде қаралады. Құқық қорғау саясаты құқық қорғау жүйесін құруға, адам құқықтарының тиімді жүйесін құруға негізделген. Құқықтық саясаттың міндеттеріне сәйкес мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасайды, олардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін жүзеге асыру мен қорғаудың жолдары мен шектерін білуді қамтамасыз етеді. Қазақстандағы құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын іске асыруға, халықтың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыруға, заңды, тәртіп пен сотты құрметтеуге, оң әлеуметтік мінез-құлық үлгісі, сонымен қатар құқықтық нигилизмді жоюға бағытталған.
Құқықтық мемлекет принциптерінің нығаюы, азаматтық қоғамның қалыптасуы және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуы олардың құқықтық мәдениетінің жағдайына, құқықтық сана деңгейіне тікелей байланысты. Осыған сәйкес, азаматтарды құқықтық тәрбиелеу құқықтық тәрбие жүйесіне қатысушылардың барлығының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болуы керек.
Тәуелсіз мемлекеттің дамуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қызметі, экономиканы және азаматтық қоғам институттарын дамыту, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырылды. Құқықтық саясаттың негізгі қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларын елеулі түрде жаңартуы болды. Басқа елдерде этносаралық және конфессияаралық негізде сілкіністер болып жатқанда Қазақстан өз халқы үшін ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, халықтар арасындағы достықты және олардың дамуын нығайтты. Реформалар жүргізу үшін қажетті заңнамалық база құрылды, құқықтық мемлекет құру және құқық үстемдігін орнату жөніндегі конституциялық қағидаттар белгіленді. Бұл ретте, қазақстандық құқықтық жүйе үздік халықаралық стандарттарға, қоғамдық даму қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, дәйекті дамып келеді, өзекті жаһандық міндеттерге бейімделеді.
Осы тұрғыда «Құқықтық сауаттылық деген не?», «Оны арттырудың маңызы қандай?» деген сауалдардың туындауы орында. Құқықтық сауаттылық – бұл адамның өз құқықтарын білуі және оларды дұрыс пайдалануы, сондай-ақ мемлекет тарапынан белгіленген заңдарды түсініп, оларды құрметтеуі. Құқықтық сауаттылық тек жеке тұлғаға ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы. Бүгінгі қоғамда құқықтық сауаттылықтың деңгейі жоғары болған сайын, мемлекет пен қоғамның даму деңгейі де соғұрлым жоғары болады.
Құқықтық сауаттылық – азаматтардың мемлекет заңдарын білуі мен түсінуі ғана емес, сонымен қатар сол заңдарды дұрыс қолдана білу қабілеті. Бұл біліктілік құқық қорғау органдарына, сотқа немесе басқа да мемлекеттік мекемелерге жүгінгенде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан да құқықтық сауаттылықты арттыру – әрбір мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Құқықтық сауаттылық әр адамның құқықтарын қорғау үшін қажет. Егер адам өзінің қандай құқықтарға ие екенін және қандай міндеттері бар екенін білмесе, ол өзінің құқықтарын тиімді қорғай алмайды. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылық азаматтарға құқық бұзушылыққа жол бермеуге көмектеседі, себебі заңдарды білмеген адам кейде білместікпен құқықтық нормаларды бұзып, өзіне және қоғамға зиян келтіруі мүмкін.
Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының негізгі шарттарының бірі – халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Құқықтық мәдениет – қоғамдағы құқықтың рөлін түсіну және оны сақтау. Бұл мәдениет құқықтық сауаттылық арқылы қалыптасады. Құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі – азаматтардың заңды құрметтеп, оны саналы түрде орындауына әкеледі. Бұл өз кезегінде қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті нығайтады.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін бірнеше негізгі бағытта жұмыстар жүргізу қажет. Біріншіден, мектептен бастап құқықтық білім беру жүйесін жетілдіру керек. Балаларға заңдардың мәнін түсіндіру және олардың құқықтары мен міндеттерін білуге үйрету – құқықтық сауаттылықтың негізі. Қазақстан мектептерінде «Адам және қоғам» және «Құқық негіздері» пәндері арқылы құқықтық сауаттылықтың алғашқы қадамдары жасалады. Алайда, бұл пәндердің мазмұнын әрі қарай дамытып, жастарды құқықтық тұрғыда сауатты етіп тәрбиелеу қажет.
Екіншіден, құқықтық ақпарат құралдары мен құқықтық кеңес беру орталықтарының жұмысын жандандыру қажет. Көптеген адамдар құқықтық мәселелермен бетпе-бет келгенде қандай қадамдар жасау керектігін білмей, құқықтарын қорғауда қиындықтар көреді. Осы мәселелерді шешу үшін азаматтарға құқықтық кеңес беретін арнайы орталықтар қажет. Мұндай орталықтар азаматтардың құқықтық білімін арттырып, олардың құқықтарын қорғауға көмектеседі.
Үшіншіден, құқықтық сауаттылықты арттыру үшін қоғамда заңдарды түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл шаралар азаматтардың құқықтық білімін кеңейтеді және олардың заңға бағынуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және құқық қорғау мекемелері бірігіп, құқықтық сауаттылықты насихаттайтын бағдарламалар мен жобалар ұйымдастыруы тиіс. Бұл жұмыс қоғамның әртүрлі топтарына, соның ішінде ауыл тұрғындары мен жастарға бағытталуы керек.
Дейтұрғанмен, құқықтық мәдениет ә дегенде қалыптастырып, бір сәтте аяқтап тастайтын дүние емес. Бұл үздіксіз, үзіліссіз, әрдайым дамып отыратын қоғамдық құбылыс. Сондықтан құқықтық мәдениеттің межесі мынадай деп нақты айта алмаймыз. Заң ғылымы категория ретінде үш түрлі элементтің жиынтығынан құралады. Біріншісі – құқықтық сана. Екіншісі – құқықтық идея. Үшіншісі – құқықтық мәдениет. Біз осы үш ұғым тұрғысынан қарасақ, құқықтық мәдениетке жалпылама баға беруге болады.
Құқықтық сананың өзі кемінде екі топқа бөлінеді. Біреуі – кәсіби емес құқықтық сана. Ол қоғамдағы қарапайым адамдардың құқық туралы пайымдары мен түсініктері. Екіншісі – кәсіби құқықтық сана дейміз. Оған прокуратура, сот, тергеуші, нотариус, адвокат сияқты кәсіби деңгейде меңгерген құқықтық сана иелері жатады.
Қазақстанда ең белең алып отырған ауруымыз – жемқорлық. Осының кесірінен елдің дамуы да тежеліп жатыр. Бюджеттен бөлінген ақша мақсатты жеріне жетпейді. Жемқорлық – мемлекеттік қызмет аясында туындайтын дүние. Бұған көз жұмып, немқұрайлы қарайтын адамдар бар. Осының салдарынан сыбайлас жемқорлық туындайды. Қазір бізде жемқорлық дендеп тұрса, кәсіби деңгейдегі құқықтық санамыз әлі күнге тиісті мәдениет деңгейіне көтерілмеген деген сөз. Құқықты әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, еуропалық қоғамда ешқандай азамат заңды жатқа білмейді, бірақ олар заң қалай болу керек екені туралы өздері болжай алады. Шын мәнінде, 80-90 пайыз заң сондай болып шығады. Яғни, қарапайым азаматтардың заң осындай болуы керек деген түсінігі дұрыс болып шықса, құқықтық мәдениет қалыптасқан деп айтуға негіз бар.
Өкінішке қарай, біздің елде заңдарымыз туралы халықтың болжамы сәйкес келмей жатады. Тіпті, сәйкес келгеннің өзінде заңның іске асуында үлкен қателіктерге жол беріп жатады. Жалпы айтқан кезде бізде заң жаман емес, жақсы. Азаматтардың құқықтары мен бостандығын, заңдық мүдделерін қорғайтын нормаларды бекітіп, орнықтырады. Алайда соларды іске асыру, қолдану, пайдалану барысында түрлі кедергілерге, шектеулерге, бюрократиялық белден басуларға жолығып жатады. Сондықтан, амал жоқтықтан өз мәселелерін шешу үшін пара беруге барады. Бұл жағдай енді заңның кемшілігінен деп айта алмаймыз.
Қорыта айтатын болсақ, құқықтық сауаттылық – ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни, өз құқығын білген адам ғана кез келген ситуациядан оңайлықпен шыға алады. Мысалыға, отбасындағы құқық бұзушылық, мектеп, жоғарғы оқу орнындағы құқық бұзушылықты алсақ та осылардың барлығын алдын алу үшін өз құқығымызды білуіміз қажет. Себебі қазір құқықтық сауаттылық қоғам үшін маңызды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.